Қазақ қоғамының рухани өміріндегі діннің орны

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Дәстүрлі дін қазақ тарихында үнемі өркендеуші рөл атқарған. Бұл қазақ елі үшін жеке адам мен қоғамды түзететін, әлеуметтік бақытқа, шынайы бостандыққа және бірлік-татулыққа жеткізетін құрал, ізгі жол, болатындығын қазақ ойшылдарының барлығы мойындады десек те қателеспейміз.

Кейбір зерттеуші – ғалымдардың пікірінше, ежелден көшпенділер басқа халықтардан рухани – психологиялық жағынан артығырақ болды. Себебі олар, негізінен батыр, ер мінезді, жігерлі, сол сияқты, еркін ойлы, ар-намысын ақшаға сатпайтын асыл текті адамдардан құралды. Осындай табиғи қасиеттерге исламның Ханафи мәзһабының руханияты келіп қосылғанда нұр үстіне нұр болып, тамаша нәтиже туды. Қазақ халқы исламды соқыр сеніммен емес, ақыл-ой елегінен өткізіп, жан-жүрегімен қабылдап, оны даналық, сопылық үлгісінде ұстанған.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері біздің елімізде Ханафи мәзһабының халық арасында қанат жаюына мүмкіндік жасалды. Қазақстан көпэтносты мемлекет болғандықтан мұнда тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің дініне, діліне, тіліне шектеу қоймады. Қазақстан зайырлы мемлекет.

Алайда, зайырлы мемлекет дегенді жат ағымдағылар өздерінің теріс пиғылдарын іске асыру үшін пайдаланып жатыр. Халықты шатастыруда. Жастардың миын улап, өз жақтарына шығару үшін түрлі айла-тәсілді қолданып келеді. Радикалдар ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жоққа шығарды. Дәстүрлі дінге күйе жағуды әдетке айналдырды.

Әлемде қаншама діндер бар. Олардың өздеріне тән сенім негіздері болады. Осы сенім негіздеріне жүгіне отырып, адамгершілік және әдептілік нормалары діни құндылық ретінде қалыптасады. Ешқандай дінде өшпенділік, кісі өлтіру, саясатқа араласу деген ұғым жоқ. Демек, сырттан келген күш дінді жамылып өздерінің қитұрқы іс-әрекеттерін жүзеге асыруды көздеген.

Экстремизм мен терроризм деген ұғымның дәстүрлі дінге ешқандай қатысы жоқ. Бұл қылмыс әлеміне жататын дүние. Сондықтан қазіргі қоғам алдындағы үлкен міндет - елімізді, халықты әсіресе жастарды жат ағымнан қорғау.

Жат ағымның жетегіне ілескендердің басым бөлігі шекара асып қақтығыс аймағына кетті. Сириядағы мән-мағынасы жоқ соғысқа араласып, күнәға батты. Әрине, арасында өкінетіндері де бар. Отанның сатып кеткендерді Қазақстан өзегінен теппеді, керісінше бауырына басып, елге оралуына жағдай жасап жатыр. Санасы уланып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмай қалғандармен арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Теолог, дінтанушы, исламтанушы мен психологтар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл шаралар да өз нәтижесін беруде.

Ұлттық тәрбиеге келер болсақ, ата-бабаларымыз ата-ана мен баланың арасындағы тәрбиелік мәнге ерекше көңіл бөлген. Ата–аналар балаларын білімдар, пысық, еңбекқор, еліне, халқына қызмет ететін азамат болсын деп тәрбиелейді.Тәрбие барлық жерде бірдей емес. Әйтсе де әрбір ата-ана өзінің баласының бойына жақсы қасиеттердің калыптасуын қалайды.

Көркем мінез, бұл - әр халықтың армандайтын бағалы құндылығы. Қоғамдық өмірдің үндестікте дамуы үшін тек мемлекет заңына мойынсыну жеткілікті емес. Ортақ құндылықтар мен дәстүрлердің бірлесуі өте қажет. Діндердегі мейрімділік, өтірік айтпау, қонақжайлылық, басқа адамға көмектесу, құрметтеу сияқты құндылықтарды мемлекет заңымен орындатуға болмайды. Мұндай қасиеттер жастардың бойында тек тәрбиемен қалыптасады.

Қарлығаш Борбасова

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры

Соңғы жаңалықтар