Қазақ қоғамында инклюзив ұғымы болған - сенатор Қапбарова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақ қоғамында инклюзив ұғымы болған. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Конституцияда бекітілгендей, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекетіміздің қазынасы. »Қазақстан-2050« стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері болып саналатындығын және мемлекет осы мұқтаждарға әлеуметтік қолдау көрсетілуі тиіс екендігін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында: »Біз ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасауға міндеттіміз« деп атап өтті. Соңғы кездері, әрине қоғамымызда инклюзивті қоғам, инклюзивті білім беру, инклюзивті экономика сияқты ұғымдар көп қолданылып жүр. «Инклюзив» сөзінің терминдік мағынасы – «ішке тарту» деген мағынаны білдіреді. Қазақта «іш тарту» деген ұғым бар«, - деді сенатор »Қазақстан инклюзивті қоғам құру жолында« атты дөңгелек үстел отырысында.

Айгүл Қапбарова «инклюзив» термині педагогикада кемтар балаларды кемсітпей, арнайы интернаттарға қамап бөлектемей, шеттетпей, басқа сау балалармен қатар өзін жайлы сезінетіндей ахуалда оқыту мен тәрбиелеу практикасында қолданылатындығын айтты. Сонымен қатар ол батыста инклюзивті қоғамды орнықтыру санасы қалыптаса бастағанын атап өтті. Кең мағынада бұл әркімнің физикалық және менталды жағдайы мен ерекшеліктеріне, тіпті көзқарас алшақтығына қарамастан, өздерін қауымдастыққа қабылдаған толыққанды мүше ретінде сезінетін қоғамды білдіретіндігіне назар аудартты.

«Бір көршімнің есімі - Артықбай. Неге оның есімін Артықбай қойды? Барлығымызда 10 саусақ болса, онда 11 саусақ бар. Сол үшін қазақтың ырымымен оның есімін Артықбай деп қойған. Қазақтың этно-психологиялық, этно-гендік, ізгілік, адамгершілік тәжірибесіне сәйкес, бала ерекшелікпен, не кемтар болып дүниеге келсе, оған Нышангүл, Қалдыгүл, Елемес деген сияқты есімдер берген. Мұның өзі қазақ даласында инклюзив ұғымының бар екендігін білдіреді. Яғни, бала дүниеге келген сәттен-ақ қазақ қоғамында инклюзив ұғым бар», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Қазақстан 2015 жылы «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенцияны ратификациялап және «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенцияның консультативтік хаттамасына қол қою арқылы мүгедектігі бар адамдардың экономикалық, азаматтық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын толық іске асыру жөніндегі халықаралық стандарттарды енгізу бойынша міндеттеме қабылдады. Осы конвенцияны қабылдау мақсатында бірқатар заңнамалық акті қабылданды. Атап айтқанда, «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізілді. Аталған өзгерістер әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік саладағы қызметтерді жетілдіруге, жұмысқа орналасу үшін жағдай жасауға, ақпаратқа қол жеткізуге, құқықтық көмекті жетілдіруге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың шығармашылығын қолдауға бағытталған.

Ал Қазақстанның ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Үсен Сүлеймен елімізде 690 мың мүгедек адам тұрып жатқанын. Бұл, республика халқының 3,8 пайызын құрайтындығын атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан 2017 жылдың мамырында БҰҰ-ның Мүгедектер құқығы жөніндегі комитетіне Мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы БҰҰ конвенциясының орындалуы жөніндегі бірінші Ұлттық баяндамасын ұсынғанын еске салды.

«Біз комитет мүшелерімен таяу аралықта оны талқылау мүмкіндігін күтіп отырмыз. Женевада баяндаманы қорғау күнін комитет әлі белгілеген жоқ. Таяу уақытта бұл дата айқындалады деген үмітіміз бар», - деді Үсен Сүлеймен.

Соңғы жаңалықтар