Қазақ киносының белесі: 11 отандық фильм халықаралық фестивальдерде жүлде алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жыл басталғалы бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген 18 қазақстандық кинотуынды халықаралық 14 фестивальге қатысты. Нәтижесінде 11 отандық фильм түрлі марапаттардың иесі атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «rruh.kz» ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Белгілі болып отырғандай, осы жылдың ақпан айында шетелдегі қандастардың өмірін көрсеткен «Оралман» фильмі Непалдағы 22-ші Халықаралық кинофестивальде «Үздік халықаралық көркем фильм» жүлдесінің иегері болды. Сондай-ақ бұл туынды қырғызстандық «Ақ ілбіс» бәйгесінің екі бағыты бойынша жүлдегер атанды. Атап айтқанда, фильмдегі басты рөлді сомдаған Дулыға Ақмолда «Үздік актер» деп танылды. Сондай-ақ кинотуынды «Орталық Азиядағы үздік фильм» атағын иеленді.

Осыдан кейін наурыз айында Ақан Сатаев түсірген «Анаға апарар жол» фильмі Нью-Йорк қаласында өткен «WeLink» Халықаралық кинофестивалінде «Үздік көркем фильм» аталымында жеңімпаз болды. Аталған фильм аналық махаббатты, ерлікті, азаматтықты, отансүйгіштікті, рухтың жоғарылығын насихаттайды.

Сол секілді сәуір айында Венера Қайыржанованың «Тығылмақ» фильмі V Халықаралық конкурс-фестивалінде дыбыстық әлеуетінің жоғары болғаны үшін Григорий Яковлевич Франк атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.

Айта кету керек, аталған фильмнің дыбысын «Inтонации» студиясының студент-режиссерлері әзірлеген. Кинода ересектер шабуылының құрбаны болған қос құрбының тарихы баяндалады.

Адамдардың бірін-бірі бағалауынан, бірін-бірі сыйлауынан, құрмет пен ізгілік сынды қасиеттерді бойға жинаудан асқан маңызды ештеңе жоқ екенін көрсетуге тырысқан Серік Әбішев пен Руслан Магомадовтың «Бір күні балалар үйінде» атты кинокартинасы Ресейде өткен «Свет миру» Халықаралық кинофестивалінде бас жүлде иеленді.

Сондай-ақ белгілі режиссер Талғат Теменов түсірген «Қаламыздың кішкентай ханзадасы» атты фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған Төлеубек Аралбаев «Үздік ер адам рөлі» үшін марапатталды. Бұл жүлде әртіске Циндао қаласында өткен ШЫҰ елдерінің Халықаралық кинофестивалінде табысталды. Фильмде тағдырлары ұқсас қос адам көрсетілген. Біріншісі, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан алты жасар бала болса, екіншісі - өмірлік тәжірибесі мол Қарттар үйінде өмір сүріп жатқан ақсақал. Сюжет бойынша екі актер бір-бірімен кездейсоқ жолығып қалады. Киноның желісі әрі қарай екеуінің сұхбаты ретінде, өз өмірлерін еске алып сырласқан әңгімелері бойынша жалғасады.

10 наурыз күні Стокгольм қаласында Швециядағы қазақстандық жастар қауымдастығы мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның бірлесуі арқылы және Швециядағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен қазақстандық фильмдердің көрсетілімі болды. Еуропалық көрермендер назарына отандық кинематография өнімдерінен «Шал», «Жаужүрек мың бала» секілді фильмдер ұсынылған еді.

Ал 2-5 мамыр аралығында Оман Сұлтандығының Маскат қаласындағы «VOX Shatti Cinema» кинотеатрында қазақстандық кинотуындылардың апталығы өтті. Көлемді шара Ақан Сатаев түсірген «Анаға апарар жол» атты көркем фильмнің көрсетілімімен басталды. Ал апталықтың соңғы күнінде көремендер назарына Рүстем Әбдірашевтің «Алмас қылыш» туындысы ұсынылды.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың мамыр айында Италия және Эстония мемлекеттерінде Қазақстандық кино күні аталып өтті. Айта кету керек, дәл осындай шараларды жыл соңына дейін Тайланд Корольдігінде, Чехияда, Словакияда, Румынияда және басқа да елдерде өткізу жоспарлануда.

Еске салсақ, 5 сәуір күні Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париж қаласында жеткен тұғырлы жеңісі туралы суреттейтін, голливудтық компаниямен бірігіп түсірілген «Әміре» фильмінің тұсаукесері сәтті өтті. Аталған фильм өте жоғары кәсіби деңгейде түсіріліп, тәжірибелі мамандар қолымен өңделген. Бұл кинотуынды да көрермендердің ерекше ықыласына бөленді деп әбден айтуға болады.

Алдағы уақытта әлемдік сатылымға, көрермендер назарына қазақстандық-қытайлық ұжымдардың бірлесе жасаған жұмысы «Композитор» картинасы жарыққа шықпақ. Аталған туындыда Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары біздің елде өмір сүрген атақты қытайлық композитор Си Синхай және оның Бақытжан Байқадамовпен достығы туралы суреттеледі.

Осы жылдың соңына дейін «Балуан Шолақ» фильмі және «Күлтегін», «Мұзбалақ» анимациялық туындылары көрермен назарына ұсынылмақ.

Соңғы жаңалықтар