«Қазақ киберспорт федерациясы» ресми түрде жұмысын бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Qazaq Cybersport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі ресми түрде жұмысын бастады. Федерация былтыр құрылған болатын. Бүгін Мәдениет және спорт министрлігі оның тіркеуден өткенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Раухан Тоғымбаеваның айтуынша, былтыр киберспорт жанашырларымен құрылған «Qazaq Cybersport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі (федерация) ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан танылып, қолдауға ие болған.

«Федерация киберспорт қоғамдастығы мен мемлекеттің негізгі серіктесі ретінде қазақстандық киберспорттың бар ресурстарын шоғырландыру, сондай-ақ Қазақстан киберспортшыларының әлеуетін халықаралық деңгейде іске асыруға жаңа мүмкіндіктерді беру үшін құрылды. Федерацияның ұйымдық құрылымы қазақстандық киберспортты әлемдік деңгейге шығаруға мүдделі әр алуан саладағы мамандардан құрылған. Федерацияның Президенті - Қ. Б. Есекеев, Федерацияның вице-президенті - С. Ж. Мұсайбеков, Федерацияның вице-президенті - Е. А. Богатырев Е. А., Федерацияның бас хатшысы - А. М. Аханов», - делінген хабарламада.

«Qazaq Cybersport Federation» республикалық қоғамдық бірлестігі осы уақытқа дейін үлкен ұйымдастырушылық жұмысты атқарып үлгерген.

«Қазіргі уақытта федерацияның 9 филиалы ашылған - Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ БҚО, ШҚО, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл және Қарағанды облыстарында. Алдағы уақытта филиалдардың бүкіл республика аумағында ашылуы жоспарлануда. Федерация Алматы және Астана қалаларында ғана емес, ауылдық жастардың да әлеуетін дамытуға жеке көңіл бөлуге мақсат қояды», - дейді Раухан Тоғымбаева.

Бүгінгі таңда киберспортты дамытудың кешенді мақсатты бағдарламасы әзірленіп, халықаралық бейінді ұйымдардың мүшелігіне кіру жұмыстары жүргізілген. Ресми түрде танылған және аккредиттеуден өткен федерация қазіргі таңда халықаралық алаңдарда еліміздің мүддесіне өкілдік ету құқығына ие. Федерацияның интернет-ресурсы - www.qcf.kz.

Айта кетсек, киберспорт дүниежүзіндегі ең қарқынды дамып келе жатқан жаңа спорт түрінің бірі. Киберспортты спорт түрі ретінде ресми түрде таныған елдердің саны өсуде: оның ішінде АҚШ, Германия, Ресей және оңтүстік-шығыс Азия елдері бар. 2017 жылдың қазан айында Халықаралық Олимпиада комитеті киберспортты олимпиадалық спорт түрі ретінде тану мәселесін қарауға қабылдады. Сарапшылардың есептеуінше, 2017 жылы киберспорттың халықаралық нарық айналымының көлемі $655 млн, ал болжам бойынша 2021 жылға қарай оның айналымы $1,6 млрд-тан асады. Киберспорттық жарыстардың аудиториясы 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда 15%-ға - 165 млн адамға дейін өскен. Ал 2021 жылы ойынды тамашалаушылар саны шамамен 300 млн адамға жуықтайтыны болжануда. 

Соңғы жаңалықтар