Қазақ кәсіпкері Моңғолияның Налайхан қаласынан кітапхана ашты - Шетелдегі қазақ баспасөзіне шолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат халықаралық ақпарат агенттігі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Түрік елінде қазақ анимациялық фильмінің тұсауы кесілді - TRT

Анкарада «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» атты мультфильмінің тұсаукесері өтті.

Аталаған анимациялық қазақ мультфильмінің тұсаукесерін Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен ТР Түркі тарихы және мәдениеті қоры (TÜRKTAV) бірігіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, тұсаукесерге аталған мультфильмнің режиссері, аниматор Маржан Жұбанышева мен суретші және мультфильмді қоюшы сценарист Үміт Жұбанышева арнайы келген.

Түркияда бірінші рет көрсетілген қазақ режиссерінің мультфильмі көрермендердің көңілінен шықты.

Айта кетейік, бұл туынды Токиода өткен халықаралық фестивальде «Үздік анимация» номинациясы бойынша алтын медаль жеңіп алған болатын.

Моңғолияда мал басы 90 миллионға жетті – Жаңа дәуір

Моңғолияда ауыл шаруашылық саласының 2022-2023 жылғы қысқы және көктемгі әзірлік жағдайын жақсарту шаралары туралы үкімет қаулысы «малды қыстан аман шығару және егін жинау әзірлігін қамтамасыз ету» туралы премьер-министрдің ресми тапсырмасына орай Үкімет басшысының 1-ші орынбасары онлайн мәжіліс өткізген.

Сол мәжілісте, өткен жыл аяғында моңғолияда 67 млн мал саналса, бүгінгі жағдаймен биылғы жылғы төлді қосқанда мал басы 90 млн-ға жетіп отыр, деп хабарлайды моңғолиялық «Жаңа дәуір» газеті.

Айта кетейік, Моңғолия халық республикасының уикипедиядағы 2022 жылғы мәліметінше, жалпы халық саны 3,330,000 адамға жеткен.

«Жаңа дәуір» газетінің ақпаратынша, жыл басынан бері малдың жұқпалы аусыл, топалаң қатарлы аурулары елдің бірнеше аймақтарының кейбір аудандарында белең алған.

«Тамыздың 10-ы күнгі жағдаймен еліміз жайылымының 50 пайызы көктемей қалды. Осының салдарынан батыс аймақтарда малды қыстан аман алып қалу қиындық туғызатын сыңайлы. Жоғарыдағы мәселелерге байланысты Үкімет жем-шөп қорын мол дайындау, жайылымға сыймаған малды экономикалық айналымға енгізу, ет экспортының жолын ашу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр», деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Онлайн мәжілісте мал басынан алынатын салықтан түскен қаржыны аталған мақсаттарға сәйкес жұмсау, барлық деңгейдегі басшыларға міндет етілген.

Текестегі жұлдызды түндегі Құс жолы - Халық газеті

Шыңжаңның Іле Қазақ автономиялық облысы, Текес ауданы Ақтас жайлауындағы мөлдір түннің жұлдызы самсаған аспаны ерекше көз тартады, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті».

Қытайлық басылымның мәліметінше, Ақтас жайлауы өзінің ерекше географиялық орны мен табиғи жағдайына байланысты Қытайдағы жұлдызды түн көрінісін тамашалайтын курорттық мекенге айналып, жыл сайын көптеген туристердің саяхаттауына жол ашқан. Аталған суретті ақпаратта керемет түнгі аспан, сондай-ақ осы ғажайып табиғат пен бірге қазақ үйлердің көрінісі бірі-бірімен үйлесім тауып тұрғандай сезіледі.

«Шекарасыз бауырластық» оқу-жаттығуына қазақстандық жауынгерлер қатысты – Parstoday

Қазақстандық әскерилер Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Пәкістан әскери күштерінің қатысуымен өткен «Шекарасыз бауырластық-1» атты алғашқы бірлескен оқу-жаттығуына қатысты.

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлаған.

Аталған ақпарат агенттігінің мәліметінше, бұл оқу-жаттығу түрік армиясының арнайы күштерінің орталығында өтті және қазақстандық сарбаздар бұл оқу-жаттығудың әртүрлі бөлімдеріне қатысқан. Атап айтқанда, операцияларды жоспарлау, арнайы барлау операцияларын жүргізу үшін тактикалық әрекеттер орындау, жақын ұрыс және қалалық жағдайдағы ұрыс қимылдары, нысандарға шабуыл жасау және оның сақшыларын жоюға және тактикалық топты әуе арқылы эвакуациялауға қатысты.

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, осы оқу-жаттығу аясында дыбыс жүйесі бар кешенді тренажерларда әскери-медициналық дайындық және алғашқы медициналық көмек көрсету және жаралыларды ұрыс даласынан эвакуациялау бойынша шұғыл іс-шараларды орындау жүргізілді. Сондай-ақ, осы оқу-жаттығу аясында «Аэродинамикалық құбыр» тренажерінде және виртуалды бағдарламалық жүйелерде десантшыларды дайындау бағдарламасы өткізілген.

Қазақстандық жас кәсіпкер Моңғолияның Налайхан қаласынан кітапхана ашты - Kaznews

Kaznews ақпарат порталында Қазақ елінен Моңғолияның Налайхан қаласына келіп, шағын кітапхана ашуға қолдау көрсеткен қазақстандық жас кәсіпкер Айсұлу Олзвойқызы туралы сұхбат жарияланды.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, Айсұлу Олзвойқызы Қазақстан Республикасындағы «SS-AGRO» компаниясының негізін қалаушы. Ол басқарған компания шетелге азық түлік экспорттау мен қатар ложистикалық және заңгерлік сервистер көрсетеді.

Айта кетейік, Айсұлу Олзвойқызы орыс, ағылшын, корей тілдерін жеттік меңгерген.

Айсұлу Олзвойқызы - Ұланбатыр қаласының тумасы. Ол аталаған қаладағы жалпы білім беретін «Монгени» мектебін бітірген.

Мәскеу қаласындағы Плеханов университетінің түлегі. Аталмыш университетті 2009 жылы экономист мамандығымен тәмамдаған.

Айсұлу жастайынан кәсіпкерлікпен шұғылданған. Қазір Қазақстанда «SS-AGRO» компаниясының директоры болып қызмет атқарады.

Жас кәсіпкер Қытайға бидай, рапс майын, Моңғолияға азық-түлік өнімдерін экспорттаумен қатар «Қызыл майдың» Моңғолиядағы ресми дистрибьюторы болып жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Айсұлудың компаниясы бұл қызметтерінен бөлек логистикалық және заңгерлік сервистер көрсетеді.

Kaznews мәліметінше, А. Олзвойқызының өмірлік ұстанымы - қандай да бір істі бастаса оны тек табыс көзі деп емес, адамдарға қандай пайдасы барына бірінші қарайды.

Осы жолғы сұхбатында спикер Моңғолияға келген жұмысы туралы да айтып берген.

Моңғолияның Налайхан қаласындағы ағайындардың тілі, мәдениеті, діні, салт-дәстүрін сақтау, дамыту, осыған байланысты қоғамдық жұмыс атқарып жүрген «Ел бірлігі» мемлекеттік емес ұйымының жұмысын Айсұлу Олзвойқызы сырттай жақсы бағалайды екен.

Бұл ұйыммен бірлесіп өз үлесімді қоссам деген оймен ол ұйым басшыларымен байланыс жасап кәсіпкерлерден, азаматтардан қандай көмек керектігін сұраған.

Сөйтіп, ол қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс көп екенін білген соң шағын қазақ тілді кітапхана ашуға қолдау көрсеткен.

Қазіргі кезде алғашқы 200 кітап сөрелерге қойылып, оқырман қауымның тілегі орындалып жатқан көрінеді.

«Алдағы уақытта да көптеген іс-шараларда ынтымақтастықта боламыз деген жоспарым бар. Ұлтымның рухани дамуына аз да болса да үлес қосу - парызым деп ойлаймын. Өзге де азаматтарға үлгі болса екен» дейді жас кәсіпкер.

Айсұлу Олзвойқызы Kaznews-ке берген сұхбатының соңында кәсіп ашудағы қиындықтарды қалай еңсергенін және «Жұмысыңыздың ерекшелігі неде?» деген сұраққа жауап берген.

Өзбекстан мен Қазақстанның кеден басшылары кездесті - ӨзА

Қазақстанның Шымкент қаласында Өзбекстан Республикасы мемлекеттік кеден комитетінің төрағасы Акмалхужа Мавланов Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жаналиновпен кездесті, деп хабарлайды ӨзА ақпарат агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ-тың келтірген деректерге сүйенсек, сапар барысында президент Шавкат Мирзияевтің 2021 жылғы желтоқсанда Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында кеден ісі саласындағы қол қойылған екіжақты құжатты жүзеге асыруға назар аударылды.

Осы құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өткен жылдың 25 желтоқсанында екі елдің кеден қызметінің басшылары жұмыс кездесуін өткізіп, ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойған.

Сондай-ақ, бұл кездесуде Өзбекстан-Қазақстан шекарасында орналасқан «Науаи» (Өзбекстан) - «Қапланбек» (Қазақстан) және «Даут ата» (Өзбекстан) - «Тажен» (Қазақстан) шекаралық-кеден бекеттеріндегі құрылыс және құрылыс жұмыстарын өзара үйлестіру және осы үдерістегі міндеттерді орындау жан-жақты талқыланған.

Осы жылдың 15 желтоқсанынан бастап кедендік шекара арқылы өтетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала ақпарат алмасу жүйесін іске қосуға келісті.

ӨзА дерегінше, кездесуде екі ел арасындағы сыртқы сауданың кедендік статистикасын өзара салыстыру және үйлестіру, кеден ісіне қатысты мәселелерді жедел қарастыру және шешу мақсатында Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігі жанынан тұрақты жұмыс істейтін «кедендік қызмет өкілін» құру туралы ұсыныс енгізілді.

Сонымен қатар, тараптар 2023-2024 жылдарға арналған өзара ынтымақтастық жоспарына қол қойды.

Жұмысшылар «Өлім теңізіне» жол салды - People.cn

Шыңжаңның Тұмсық-Күньюй қаласындағы құмды шөл тасжолының құрылыс алаңында - «Өлім теңізі» деп аталатын Такламакан шөлінде 18 локомотив жұмыс істеп жатыр. Бульдозерлер қатарласа биік құм төбелерді белсенді тегістеуде, деп жазады Қытайдың «Халық газеті» басылымы.

Айта кетейік, жалпы ұзындығы 276 шақырымды құрайтын Тұмсық-Күньюй тасжолының құрылысы 2023 жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда.

Қытайлық басылымның мәліметінше, тасжол құрылысы аяқталғаннан кейін, Тұмсық мен Күньюй қаласы арасындағы қашықтық бұрынғы 600 шақырым шамасынан 276 шақырымға жуықтайды. Яғни жол екі есе қысқарады.


Соңғы жаңалықтар