Қазақ қалай амандасқан?.. - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселе көтеріп жатыр? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

* * *

Қойдың етi зиян ба? - «Оңтүстік Қазақстан» газетіnull

Қой еті мен құйрық майы түрлі ауру-сырқауға таптырмас ем деп білген қазақтың арасында бүгін «қан қысымын көтереді», «жүрек ауруына шалдықтырады», «сіңуі қиын» деген секілді пікірлер баршылық. Осы мәселеге назар аударған «Оңтүстік Қазақстан» газеті: «Белгілі бір деңгейде бұл пікірлермен де келісуге болатын шығар, бірақ, мәселенің мәнісін басқа жақтан іздеген дұрыс сияқты» деп жазады. Мақалада ежелден ет жеп өскен қазақтың дастарқанын кейінгі кезде еуропалық тағамдар алмастыра бастағанын, таңсық асты жеңсік көріп, табиғи өнімдерден теріс айналған сайын түрлі аурулар да дендеп бара жатқаны айтылыпты. Мамандарға сілтеп, ересек адамдар күніне 200 грамм ет жеуі керектігін, ал жас ағзаны құнарлы еттен тарықтыруға тіпті болмайтынын алға тартады.

Статистикалық деректерді келтіре отырып автор, шетелге экспортталатын қазақтың қой еті көбейіп, ал осы құнарлы еттің орнын сапасыз шұжықтар басып жатқанын айтады. Сосын автор «қой еті зиян» деген мәселенің неге қатысты екеніне назар аудартып, керісінше далада жайылған қой түрлі шөптермен қоректенетінін, демек, ол түрлі дерттерге де дауа болатынын пайымдайды.

«Қойдың еті анық зиян болса, бүкіл табиғаты шаруашылықпен астасып кеткен кешегі қазақ оны мүлде тұтынбай қоюы керек еді ғой. Сәбиіне қойдың құйрығын сорғызбас еді ғой. Демек, қой еті ағзаға ауыр соғады деп алаңдауға негіз жоқ. Ал, бордақыда тұрып семірген қойдың еті жайлы әңгіме басқа. Өз аяғымен жүріп жайылмаған соң, оның етіндегі дертке дауа болатын қасиеттері де жойылады. Бәлкім, бүгінгі балалардың құйрық сорса лоқсып, ет жесе мазасыздана бастауына бір себеп осы шығар. Құнарлы етті қойыртпаққа айналдырып, бар қасиетінен айыра отырып кімге өкпелейміз? Ет жегенде талғам-таразыға салып, дұрыс таңдасақ ұтылмаймыз. «Мал өсірсең қой өсір...» дегенді дана халқымыз жайдан жай айтпаған болар. «Қойдың еті - зиян» дегенді кім шығарды екен?»...

Қасым хан Сарайшыққа жерленген! - «Атырау» газеті

Қазақтың өткен тарихынан сыр шертетін Сарайшыққа қатысты терең зерттеулер әлі де жүргізілуі тиіс. «Атырау» газетінің жазуынша, Сарайшықта қазақтың әйгілі ханы Қасым хан жерленген. Мақала авторы 1861 жылы әскери топограф А.Алексеев сызған Сарайшық құландысының суретін алға тарта отырып, ондағы бірқатар маңызды орындарға назар аудартады. Мәселен, сызбада аңыздарда айтылатын Секер көлінің орны да бар екен, бұл «Ханский Ильмень» (Хан көлі) деген атаумен беріліпті. Бұдан басқа суретте әулие орындары, яғни тұлғалар жерленген жерлер де көрсетілген.

«Әулие орнының бірі қаланың орталық бөлігі - цитаделі үстінде орналасқан. Деректер «бұл жердегі екі моланы Жәңгір ханның тапсырмасымен, татар саудагерлері ағаш қоршаумен қоршаған екен» дейді. Жәңгір хан шежіре бойынша Жәнібек ханнан, оның кенже ұлы, Қасым ханның інісі Үсек ханнан тарайтыны жалпыға белгілі болар. Біздің ойымызша, бұл көп жазба деректерде айтылатын атақты Қасым ханның жерленген жері болуы әбден мүмкін» деп жазады «Сарайшық» тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Айбек Тұрарұлы.

Мақала авторы осы болжамға қарай бірқатар деректерді алға тартады. Мысалы, «Қадырғали Жалайыр: «Олардың әрқайсысы (Жәнібек ханның балалары мен немерелері) өз алдына билік жүргізді және аттарын шығара алды. Олардың есімдері әлі күнге шейін ауыздан түспейді. Алғашқысы - Жаған бикеден туған Қасым хан. Ол өз әкесінің ұлысында бірталай уақыт патшалық етті және көптеген көрші елдерді бағындырды, оның аты қазірдің өзінде барлық жерде ұмыт болған жоқ. Сарайшықта қайтыс болды, сонда жерленді, оның зираты күні бүгінге шейін сол жерде» деп жазба қалдырған. Тарихшы А.П.Чулошников те Қасым ханның мазарының XVII ғасыр басында Сарайшықта кұламай аман тұрғанын жазған екен. Ал, А.Алексеевтің мәліметіне қарағанда, Қасым хан мазары XIX ғасырдың ортасында да ел-жұрт тәу ететін орын болған».

Мақалада кеңес кезіндегі де, қазіргі тарихшылардың да біразы осындай пікірде екендігі айтылады. Бұл ретте автор Сарайшық қаласының орнында ғылыми зерттеулер үздіксіз жүргізілуі тиіс екенін жаза келе, қазіргі заманғы зират астында қалған Қасым хан мазары орнын анықтау мен қала цитаделін ашу қажеттігін алға тартады.

Бейбарыстың барысы Израильде қайдан жүр? - «Сарыарқа самалы» газетіnull

«Сарыарқа самалы» газетіндегі мақалада бабамыздан мирас болып келе жатқан «аң стилі өнері» туралы жазылады. Автор ежелгі өнердегі аңдар бейнесі туралы айтып, соның ішінде барыс бейнесінің «сақтар заманынан бері келе жатқанын» жеткізеді. Баба мирасына ұқсайтын барыс бейнесі Таяу Шығыста да сақталып келеді. Бұл жердегі байланыс қалай?

«Израиль астанасы Құдыста (Иерусалим) «Арыстан қақпасы» деген көне ғимарат бар. Бұл тарихи ғимаратты бүгінде еврейлер көздің қарашығындай сақтап отыр. Алайда тарихын ақтарсақ, еврейлерге қатысы аздау болып шыға келеді. «Арыстан қақпасын» 1538-1539 жылдары бәріміз сериал арқылы жақсы білетін Осман империясының билеушісі Сүлеймен сұлтан салдырған».

Мақалада көне ғимараттың салынуына қатысты аңызға шолу жасалады. «Арыстан қақпасы» аталған ғимараттағы бейненің арыстаннан гөрі барысқа көбірек келіңкірейтініне назар аудартады. Оған да негіз жоқ емес. Өйткені, Құдыс әуелде Мәмлүк сұлтандығының иелігінде болған, оның негізін Бейбарыс сұлтан қалағаны бегілі. Ендеше барыс бейнесі Бейбарыс сұлтаннан қалған белгі деп топшаланады.

«Израиль астанасы Тель-Авивтен оңтүстік-шығысқа қарай 20 шақырымдай жерде Лод деген қалашық бар. Осы Лодта Жиндас деген көпір бар. Француз шығыстанушысы Шарль Симонның зерттеуінше, бұл көпір 1273-1274 жылдары салыныпты. Осы көпірдің екінші аты - Бейбарыс көпірі. Бейбарыс сұлтан билік құрған жылдары Құдыста бірқатар құрылыс нысандарын салдырғаны белгілі. Соның ішінде көпір құрылысына ерекше ықылас танытты. Ортағасырлық Жиндас, Ибна, ад-Халам деген көпірлерді Бейбарыс сұлтан салдырған. Бүгінде үшеуі де аман сақталған. Қазіргі Израиль жерінде жатыр. Айтайын дегеніміз, осындағы Жиндас көпірінде де екі барыс бейнесі бар. Екі барыс бір-біріне қарап тұр: екеуінің ортасына ойып тұрып арабша жазу жазылған. «Бисмиллә... Мұхаммед пен оның отбасына, оның ізінен ерушілерге Алланың сәлемі болсын. Бұл қасиетті көпір ұлы сұлтан әл-Мәлік әл-Зәкр Рукн ад-Дин Байбарыстың тапсырмасы бойынша, оның ұлы, тақ мұрагері сұлтан әл-Мәлік әл-Саид Насир ад-Дин Беркенің (Барака) құрметіне орай салынды. Алла оларға рақымын төгіп, жеңіске жетелесін...». Көпір Рамазан айында іске қосылған. Бейбарыс салдырған құрылыстарда барыстың бейнеленуі нені білдіреді?».

Мақалада Бейбарыс сұлтанның барыс бейнесіне ерекше қарағаны туралы мысалдар да келтіріледі.

«Мәмлүктерді билеген Қайтпай сұлтан да (ол да Қазақ топырағында туған) Бейбарыс бастаған ізгі дәстүрді жалғады. Қайтпай сұлтан да өзі тұрғызған ғимараттарға, мешіттерге қазақтың қошқармүйіз оюын салдырған еді. Мұның бәрі нені білдіреді? Бұл - біздің бабаларымыздың озық мәдениеті болғанының айшықты дәлелі»...

Қазақ қалай амандасқан? - «Жетісу» газетіnull

«Жетісу» газетіндегі мақала негізінен жас келіннің сәлем салмауынан, оғаш қылық көрсеткеніне реніш білдірген үлкен ақсақалдың ренішінен басталады. Әйтсе де бұндай реніш қазір тіпті орынсыздау болып бара жатқаны аңғарылады. Расында да! Қазір сәлем салу былай тұрсын, жастар дұрыс амандасудан қалып барады емес пе?!

«Қала баласы деп қашанғы маңдайынан сипай береміз. Мұнда мәдениетіміз бен дәстүріміздің дәрменсіздігі жатыр. Әрі оны бойына сіңірмеген мұңсыз жастардың жаңбырдан соң шыққан саңырауқұлақтай қаулап келе жатқандығын көрсетеді. Анығы сол».

Мақалада бүгінгі қоғамда орын алып жатқан үлкенді сыйламау, амандаспауға қатысты мысалдар келтіріліп, дұрыстап сәлем берудің сәннен қалып бара жатқаны айтылады. Аман, саулық сұрасуға қатысты үлкендерден жеткен әңгімеге назар аудартады.

«Бүгінде сәлемдесуге аса мән бермейтін ұрпақ қалыптасты. Олар бір-біріне шынайы тілек тілеуден гөрі, жауапсыз сұрақ қойғандай әсерде қалдырады. Мысалы, «сәлем» жауабы «сәлеметсіз?» немесе «қалайсың?» дегенге «қалай?» деп сауалмен жолдайды сәлемін кейбірі... Сәлем беру - халық мәдениетінің ең аяулы құндылығы, татулықтың таптырмас құралы. Сондықтан баба мұратына барынша адал һәм қамқор болғанымыз жөн. Адамдықтың басы амандасудан басталады. Одан жаңылуға да, жалығуға да хақымыз жоқ!

Бүйрегін күйеуіне берген келіншек - «DIDAR» газетіnull

Қамшының сабындай бес күндік жалғанда ауыр дертке душар болып, жаны қиналған жарына, бауырына, баласына, тіпті танымайтын бейтаныс бір қызға бүйрегін беріп, аман алып қалып жатқан ақ жүректі адамдар жүр арамызда. Солардың бірі туралы «Дидар» газеті жазады.

Мақалада Маржан мен Ораздың табысып, отбасын құрғанынан айтылып, отағасының бүйрек ауруына шалдыққан кезіндегі халдеріне де назар аударылады. Жазуынша, Ораздың ауруын жеңіп шығудың жалғыз жолы - оған басқа бүйрек салу болған. Туыстарының көпшілігі бұған тәуекел дегенімен ешкімнің де реті келмеген. Қытайға дейін барып емделіп, ақыры жолдасының көз алдында семіп бара жатқанын көрген Маржан уақыт өзінің бір бүйрегін беріп, Оразды амандығына алаңдайды. Мақалада ерлі зайыптылардың басындағы жағдай суреттеледі.

«Сағат 9-да мені жансақтау бөліміне алып келген екен. Түскі 1-лер шамасында ояндым. Ояна салып Оразды сұрағаным есімде. Ораздың жаны қалды ма, ота дұрыс жасалды ма, жағдайы қалай? Есімді жиғанда есіктен кірген дәрігерлердің бәріне осы сұрақтарды қойып, қайта-қайта жалтақтаумен болдым. «Бәрі жақсы» дегенде қуанып кеткеніммен, әрі қарай қалай болар екен деп дегбірім қашып, алаңдай бастадым. Жансақтау бөлімінен кешкісін палатаға шықтым, -дейді Маржан артта қалған сол күндерді еске алып».

Маржан ояна салып Ораздың халін сұраса, Ораз да дәл солай көзін ашып, есін жинаған беті «Маржан қайда?» деп Маржанды іздеген екен.

Айта кетерлігі, Ораз Қытайдан Атажұртқа оралған қандасымыз екен. Маржан мен Ораздың екі баласы Әлішер мен Аружан бар.

Маржан өз бүйрегін жолдасына берем деп шешкенде, күйеуі Ораз бастапқыда мүлде келісімін бермеген екен. «Ертең екеуіміз бірдей мүгедек болып қалсақ, екі баламыздың күні не болады? Сен осыны ойладың ба?! Мен олай-бұлай болып кетсем, балаларымыз үшін сен өзіңді сақта», - депті. Енді міне, күдікті сенімге жеңдірген Ораз бен Маржанның бір-іріне деген шексіз мейірімі, шүбәсіз сезімі, қамқорлығы бүгінде балаларды бақытқа бөлеп, шаңырақты шуаққа толтырған.

Алаяққа азық көп, жарқанатта жазық жоқ... - «Сыр бойы» газетіnull

Әлеуметтік желіде «Жарқанат ұясын бірнеше мың долларға сатып аламын» деген жалған жарнамаға еріп, жоқ затты іздеп дүрліккендер де аз болмады. Бір қызығы кейіннен бұл мәселеге Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы да ресми пікір қалдыруға мәжбүр болған. Мақалада интернеттегі дүрлігулерге бірқатар мысалдар келтіріледі. Мәселен, бұған дейін де «16 келілік кір тасы есебі жоқ ақшаға сатылып жатыр» деген қауесет шығып, жұрт бір дүрлігіп басылған. Есек терісін саудалағандар да жұртты кәдімгідей сарсаңға түсірген. Ал бұның бәрі әлдекімдердің ойлап тапқан айласы. Аңқау жұрт соған сеніп жүр.

«Осыдан оншақты жыл бұрын Сырдан барған делегация құрамында Жетісудағы Жаркент қаласына жол түсті. Тарихи шаһарда он тоғызыншы ғасырдың аяғында Уәлібай көпес салдырған атақты мешіт-музейді араладық. Бір шегесіз салынса да сыны кетпей бүгінге жеткен ғимараттың іші толған жарқанат. Сыртқа шыққасын, жолбастаушы гидтен жаңағы құбылыстың сырын сұрадық. Сондағы естігеніміз, бір қабырғаны тұтас иеленіп алған жарғақ қанаттылар ағаштағы құрттарды теріп жеп, көркем кешенді шіріп кетуден аман алып қалып тұр екен. Жалпы, бір сағатта 1200 масаға дейін аулайтын жарқанат болмаса безгек ауруы көбейіп кету қаупі туады. Міне, сіз бен біз көзге іле қоймайтын түн құсының пайдасы...»

Ал, ұясы бұзылған бейшара құрқылтайдың ендігі күні болмақ?! Күн жылына оңтүстіктен жететін шынашақтай құстың панасын іздеген шырылын кім естиді? Обал болды...

Жүсіпбек Аймауытовтың өз қолымен жасаған жиһазы сақталған - «Орталық Қазақстан» газетіnull

«Орталық Қазақстан» газеті биыл туғанына 130 жыл толатын алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов туралы мақала жариялады. «Ол - ақын-жазушы, драматург, аудармашы, сыншы, публицист қана емес, он саусағынан өнері тамған сегіз қырлы, бір сырлы азамат болғанын бүгінде екінің бірі біле де бермейді. Сондай бір қастерлі дүние - Жүсекең өз қолымен жасаған жиһаз Абай ауданы, Топар кентіндегі Рамазан САДЫҚОВ ақсақалдың үйінде тұр» деп жазады газет.

Мақалада Жүсіпбек Аймауытовтың өмір жолы, қызметі мен қайраткерлігі турасында жазылады. Оның өнерге құштарлығы айтылады: «Қалт етіп, қолы босаса, домбырасын бебеулетіп, әуелетіп ән салып, ағаштан түйін түйе бастайды екен. Тіптен, шаруабастылығына қарамай, жыл сайын елге келгенінде іссапарларында әр өңірден қағазға түсіріп алған ою-өрнек үлгілерін қыз-келіншектерге үлестіріп, сол бойынша тігін тігу тапсырмасын беріп кететін көрінеді».

Сонымен қатар, Рамазан ақсақалдың шаңырағындағы Жүсіпбектің өз қолымен жасаған жиһазы (суретте) туралы сыр шертіледі. Ақсақал осы шкафты әлі күнге шаң тигізбей, қастерлеп ұстап келеді екен.

Соңғы жаңалықтар