Қазақ қаламгерлерінің шығармалары әлемнің 6 тіліне қалай аударылуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған жобалардың бірі ретіндегі - қазіргі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын әлемнің 6 тіліне аудару жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Жалпы, қазақ тілінен тікелей шет тіліне шығармаларды аударатын мамандар бар ма? ҚазАқпарат тілшісінің осы сұрағына «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бірқатар маңызды аударма жобалары бар. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасынан бөлек, «Жаһандану әлеміндегі қазіргі қазақ мәдениеті» деп аталатын тағы бір үлкен бастама қолға алынды. Оның мақсаты - қазақ мәдениетін, оның ішінде әдебиеті мен киносы, бейнелеу өнері мен биі, театры, музыкасын әлемге таныстыру, насихаттау болып табылады. Соның ішінде Ұлттық аударма бюросы қазақ әдебиетінің антологияларын, яғни жинақтарын БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, таратуды қолға алған болатын. Бізге осы жоба тапсырылған», - деді Рауан Кенжеханұлы Астанада Британ кеңесі ұйымдастырып жатқан «Креативті Орталық Азия» халықаралық форумы кезінде ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Ол өз сөзінде бүгінгі Британ кеңесінің бастамасымен өткізіліп жатқан Астанадағы үлкен форумда осындай жобаларды тиімді түрде іске асыру, ол жобалар аясында пайда болған шығармаларды мейлінше кең тарату мәселелері талқыланбақ.

«Сондықтан, бұл біз үшін қызық әрі маңызды. Біз қазақ авторларының шығрмаларын ағылшын, француз, испан, қытай, орыс, араб тілдеріне аударып, оларды әлемдегі 70-тен аса мемлекетке, жалпы саны 3 млрд-қа тарта халыққа таратамыз. Мұндай жоба біздің тарихта болған емес», - дейді Рауан Кенжеханұлы.

Ол өз сөзінде бүгінгі жиынды өткізіп жатқан Британ кеңесі Қазақстанның бұл жобасына қолдау көрсетіп, кітаптарды ағылшын тіліне аударуға көмектесіп жатқанын айтып өтті. Осы ағылшын тіліндегі аударманы жүргізіп, тарататын - Кембридж университетінің баспасы.

«Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің екі антологиясы дайындалып жатыр: біріншісі - проза, екіншісі - поэзия. Әрқайсысының көлемі - 30-35 баспа таба. Бұл шамамен 500-600 беттің арасы. Әрқайсысына 30 ақын мен 30 жазушы кіреді. Олардың тізімін Жазушылар одағы дайындады. Ол тізімді жан-жақты талқылау, саралау жұмыстары жүргізілді. Бұл жобаның аты - «Қазіргі қазақ әдебиеті» болғаннан кейін негізінен өзіміз білетін ағаларымыз - авторлардың шығармалары аударылады. Яғни, авторлар тұрғысынан ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басы - Тәуелсіздік кезеңінде жазылған шығармалар қамтылып отыр», - деді Рауан Кенжеханұлы.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры сонымен бірге қазақ әдебеті шығармалары шет тілдерге қалай аударылып жатқанын айтып берді.

«Аударма жұмыстарының күрделі тұстары да мол. Себебі, жаңа айтып отырған БҰҰ алты тіліне қазақ тілінен еркін аударатын мамандар тапшы. Сол себепті, біз Қазақстанда жолма-жол аударма жасаймыз да, ары қарай сол елдердің астаналарындағы әріптестеріміз ол аудармаларды ары жетілдіруге көмектеседі», - деді Рауан Кенжеханұлы.

Соңғы жаңалықтар