«Қазақ қаламгерлерінде әдеби агент неге жоқ?» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 8 сәуір, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымында қытайтанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Дүкен Мәсімханұлымен арадаға сұхбат көпшілік назарына ұсынылып отыр.

«Қысқасы, осындай ел болашағы мен мемлекет тағдырына саятын ірі мәселеде біздің ең әуелгі, ең басты сүйенеріміз ғылым, ғылыми түсінік болуға тиіс. Өйткені, біз шығысымыздағы алып көршіміз - Қытай елімен арада болатын барлық мәселеде, қарым-қатынас, барыс-келістің барлық деңгейінде тек бұл жұртпен елдік мәселелерді талқылаймыз, сөйлесеміз, пікір алысамыз. Екі ел арасындағы белгілі бір мәселені шешуде де өзіміздің және Қытай елінің мүдде-мүмкіндіктерін ескереміз, есептеп отырамыз. Олай болса, көршімізді түсінудің, білудің жөні осы екен деп Қытай туралы өзге бір елдің танымы мен пайымын, көзқарасы мен пікірін, өзге жұрттың аспанасты халқы жөніндегі «аңызы мен әфсанасын» қалай болса солай малдану жарамайды. Өйткені, Қазақ елінің төл мүддесінен туып отырған көкейкестілік бізден әрі кешенді, әрі таза қазақстандық үлгідегі қытайтану ғылымын жасақтауды, дамытуды талап етеді», - дейді ғалым. Осы мәселені арқау еткен көлемді сұхбат газетте «Бізге отандық қытайтану ғылымы орталығын ашу керек. Мұны уақыт өзі талап етіп отыр» деген тақырыппен берілген.

Бас басылымда « Балаға сақа сыйлап, асық атуды үйретейік» атты мақала басылды. Аға буын өкілдері балалық шағын еске алғанда асық ойнау міндетті түрде айтылады.

«Бір кездері «Асық ойнаған азар...» деп бала біткенді асық атып, уақыттарын босқа өткізбеуге, еңбек етуге шақырғанымыз рас. Қазір қайта ұлтымызбен бірге жасасып, біте қайнасып кеткен бұл ойынды ермек қылған балалардан айналатын болдық қой. Азаннан кешке дейін компьютерге телміріп, денсаулықты құртқаннан бұл ойын баланы шынықтырады емес пе? Асық ату, ләңгі тебу тұнып тұрған спорт», - деп жазады мақала авторы.

Мамандардың айтуына қарағанда, бұл ойын баланың көру қабілетін жақсартады. Ой-өрісін дамытуға да сеп. Епті, шымыр, мерген, шапшаң, есепке жүйрік болуға үйретеді. Баланың барлық дене бітімі қозғалысқа түседі.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, шетелдерде әрбір жазушының шығармашылық кешін өткізіп, кітабын таратумен айналысатын әдеби агенттер бар. Ол агенттер қаламгердің таны­малдылығын арттыруға да жұмыс істейді. Әрбір шығарма авторының жинақтары жиі насихатталып, белгілі бір дәрежеде жетістікке жетіп жатса, ол әдеби агенттің еткен еңбегінің нәтижесі.

Бір кездері көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова «әдеби агенттің қажеттілігі бар ма?» деген сауалға: «Шетел әдебиет­шілерімен араластығым жоқ. Егемендік алғаннан бері әдеби кездесулер дегенді өз басым естіген емеспін. Жазушылар одағының басшылары араласатын бол­са керек. «Әдеби агент болады, ақын-жазушыларға қызмет ететін» дегенді бірінші рет естіп отырмын. Егер ондай агенттер болса, тек бай жазушыларда болатын шығар, себебі ақша төлеу керек қой оларға. Бізде ондай жазушы, не ақын бар деп ойламаймын. Бұрын әдебиетшілер бюросы деген үкімет қаржыландыратын мекеме болатын, ол жазушылардың ха­лық­пен кездесуі үшін іссапарлар ұйымдас­тырып, қаражат төлейтін. Егер сол се­кілді мекеме болса бірсәрі, ал жеке жазу­шының агент ұстауы бізде мүмкін емес», - деген екен. Осы тақырыпты арқау еткен мақала «Қазақ қаламгерлерінде әдеби агент неге жоқ?» деген атаумен берілген.

Осы басылымда «Тойдағы тәртіпсіздік. Әдеп полициясы құрылуы мүмкін» деген мақала жарияланды. Қазақстан Парламенті елімізде қазір қалыпты жағдайға айналып бара жатқан халқымыздың мінез-құлқына жат, аморальдық қылықтарға тыйым салатын Әдептілік заңының жобасын қарайтын болды.

Осы заңның құзыры­мен республикада Әдеп полициясы (полиция нравов) құрылуы мүмкін. «Қазіргі полициямыздың халықтың әдептілік, моральдық жағын қадағалауға мұршасы жоқ, жол ережелерін бұзушылар­мен және қылмыскерлермен күресуден қол­дары босамайды. Сондықтан көптеген өркениетті елдерде жұмыс істеп жатқан Әдеп полициясы қыз­метін Қазақстанда да ашудың кезі келген сияқты деген мәселені «Айқын» газеті бұ­дан алты жыл бұрын кө­терген болатын. Соңғы он бес-жиырма жыл­дың ішінде қазақ жастарының мінез-құлқы, жүріс-тұ­рысы, қоғамда өзін ұстауы батысқа қарай 180 градусқа бұрылды. Нарық заманы ха­лықтың психологиясына қат­ты әсер етіп, моральдық тоқырауға ұшы­рады. Инабат­тылық, әдептілік, ұяттылық сияқты қазаққа тән құндылықтардың бәрі материалдық ашкөздіктің астында қалды», - деп жазады мақала авторы.

***

«Эксперсс-К» газетінің бүгінгі санында « Видеокамера строгого режима » деген материал басылды. Павлодар облысының әкімі қылмыс орын алған жерден бейне түсірілімді Интернетке салуды ұсынды. Өңір басшысының сөзіне қарағанда, құқық бұзушылық фактілерін көбінесе көшеде кетіп бара жатқан адамдар бірінші болып байқайды. Осы орайда олар құқық қорғау органдарына көмектерін көрсете алады. Соңғы жылда ұялы телефонның бейнекамерасына ондаған қылмыстар түсіріліп, кейіннен бұл материалдар танымал YouTube бейнехостингін пайдаланушылар тарапынан орналастырылғаны белгілі. Бұл тұрғыда әкім өңір тұрғындарын орын алған құқық бұзушылықтарды бейнетаспаға түсіруге шақырды.

Соңғы жаңалықтар