Қазақ қаламгерінің туындысы Түркиядағы халықаралық байқауда топ жарды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түркия астанасы Анкарада Еуразия Жазушылар қауымдастығы ұйымдастырған Қорқыт ата атындағы халықаралық байқаудың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Түркиядағы Елшілігіне сілтеме жасай отырып.

Драматургия саласы бойынша ұйымдастырылған халықаралық байқауға Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі қолдау көрсеткен. Түркітілдес мемлекеттерден 48 үміткердің өтініші сараланған байқау биыл екінші рет өткізіліп отыр.

Жеңімпаздарды «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлы, Түркияның бұрынғы Мәдениет және туризм министрі, профессор Наби Авжы, Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хусейн Яйман құттықтап, түркітілдес елдердің достық қарым-қатынасына әдебиеттің қосар үлесін атап өтті.

null 

Тартысты өткен додада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Ахметжан Ашири «Шарбақ» пьесасымен І орын иеленді. ІІ орынды түрік драматургі Лүтфи Шахсувароғлы «Тұғрыл Бейдің түсі» пьесасымен жеңіп алды. ІІІ орынға әзербайжан жазушысы Первин Нұралиеваның «Асып өтер Арасты», ІV орынға түрікмен жазушысы Оғулмая Семизаденің «Ұлы таулардың әні» атты драмасы лайық деп табылды.

Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы, жазушы Якуп Омароғлының айтуынша, іріктеу комиссиясына түркітілдес мемлекеттерден 48 өтініш келіп түскен.

null 

«Биыл екінші мәрте жүзеге асып отырған байқау әділ өту үшін қазылар алқасының төрағасы мен мүшелері соңғы сәтке дейін құпия ұсталды. Барлық жұмыстардың жан-жақты саралануы нәтижесінде Ахметжан Ашири «Шарбақ» пьесасымен І орын иеленді», - деді ол.

 - Менің байқауға ұсынған еңбегім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы тапсырмаларға сәйкес келеді. Туған ауыл, өскен жерді қадірлеуге, көркейтуге шақырады. Бір кездері «келешегі жоқ ауылдар» деген шешіммен шағын елді мекендерді бір-біріне қосу жұмыстары жүргізілді. Сол уақытта үдере көшкен жұрттың соңында жалғыз кемпір ешқайда кетпей, бір ауылдың шырақшысы болып, түтінін түтетіп қалады. Халық қайтып келеді деген үмітпен өмір сүреді, түнде келсе, адасып кетпесін деп шырақ жағып, ауылдың отын сөндірмеуге тырысады. Бірақ оқиға соңында ешкім су ішкен жеріне қайтып оралмайды, кейуананың қабірі ғана шошайып қалады... Менің мақсатым - халықтар арасындағы мызғымас достықты насихаттау. Түркітілдес елдер арасында осындай әдеби байланыс болуы керек. Еуразия Жазушылар қауымдастығы драматургия саласында барлығымыздың басымызды біріктіріп отыр, - деді жеңімпаз Ахметжан Ашири.

Еске сала кетейік, 2014 жылы өткен алғашқы байқауда халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Нұрғали Ораз «Менің де өмірім бір қызық кітап» әңгімесі үшін І орын иеленген болатын.

null 

Осы жолғы бәйгенің жеңімпазы Ахметжан Ашири 1938 жылы Алматы облысы Шелек ауданы Малыбай ауылында дүниеге келген.

1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді. Еңбек жолын мектепте мұғалімдік қызметтен бастады, кейін Қазақ радиосында диктор болды. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші міндеттерін атқарды. 1986 жылдан хатшы болып істейді.

«Осылай өмір сүргім келеді» аталатын алғашқы повесі 1965 жылы жарық көрді. «Мұны ұмытуға болмайды» (1969), «Солмайтын гүл» (1977), атты повестер мен әңгімелер жинақтары, «Жалғыз жалбыз» (1987), «Идикут»  романы жарық көрген. «Өлмейтіндер» (1973), «Мақамшы» (1979), «Дихан» (1984), «Жылпос» (1987) пьесалары Ұйғыр музыкалық комедия театрында қойылды.

Шығармаларында адамгершілік, парасат, адал еңбек, адамға адамның мейірбандығы, достығы, кертартпа салт-санамен күрес сияқты әлеуметтік және қоғамдық мәселелер көтеріледі. Қ.Шаңғытбаевтың «Ой, жігіттер-ай» комедиясын, Г.Лорканың «Қанды құдалық» пьесасын ұйғыр тіліне (1970) тәржімалады. Бірқатар шығармалары қазақ және орыс тілдерінде оқырманға жетті. 

null 

Соңғы жаңалықтар