Қазақ хандығының тарихын зерделеуде ауызша деректерді зерттеудің маңызы зор - сарапшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының тарихын зерделеуде ауызша деректерді зерттеудің маңызы зор. Осындай пікірімен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты тарихнама, деректану және заманауи әдістеме бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Жүгенбаева бөлісті.

«Биылғы 2015 жыл тарихымызда айтулы даталарды халық зердесінде жаңғырту жылы боп қалады. Оның ішіндегі ең мағыналы, құндысы ретінде Қазақ хандығына 550 жыл толуын атап өтуіміз керек.

Сақтар, ғұндар кезінен бастап далалықтардың көшпенділік институты болған. Бірақ, еуропалық отырықшы мемлекеттердей болмағанмен, барлық мемлекет құруға қажетті институттардың болғаны дәлелденген. Ол - факті.

Соның ішінде қазақ атауымен тарих сахнасына шыққан Қазақ хандығы болатын. Құрылуына келсек, 1456-1465 болғанмен, екі нұсқа да өзінше дәлелденген. Шындығы қайсысы, оны отандық тарихнама зерттеушілерінің жұмысымен айқындалады. Белгілі бір мерзімге тоқталатын уақыт алда деп ойлаймын», - деді ол.

Маманның айтуынша, Қазақ хандығы тарихын бүгінге дейін фактологиялық тұрғыдан зерттеп келдік. Бүгінде отандық ғалымдарға тарихи зерттеуді тың тұрғыдан басқа аспектіде жалғастыру қажеттігі туып отыр.

«Көбіне саяси тұрғыдан, шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне көп көңіл бөлдік. Парсы тілінде жазылған Мұхамед хайдар Дулатидің «Тарих-И-Рашиди» еңбегі хандық құрылғаннан кейін 80 жылдан кейін пайда болған. Қазақ хандығы туралы шетелдік деректемелер алдыңғы орынға шығып кетті. Бүгінгі күні ұлттық мүдде тұрғысынан Қазақ хандығы туралы қандай қарастырылмаған, тасада қалған деректерді шығарамыз деген мәселе туындайды. Осы тұста ауызша тарихи деректердің маңызы арта түседі. Қазақ халқының жадында сақталған этнонимдер, қанатты сөздерге құрылған квинтэссенция түріндегі ұрандар «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда», «Алашқа ұран салармын», «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы», «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген үш ғасырлық тарихымыздан сыр шертеді. Бұлардың шифрін анықтау - болашақтың еншісінде», - деді ол.

Осы бағытта ауыз әдебиеті мен мұраларын зерттейтін ғылымдардың зерттеу нәтижелерін тоғыстыру керек, деп санайды маман.

«Отандық фольклортану, жазба деректану, этнология ғылымдарының зерттеу нәтижелерін пәнаралық әдісті пайдалану арқылы қорытсақ жергілікті деректер халқымыздың тарихын, Қазақ хандығы тарихын зерттеуді нақты ғылыми жолға түсіруге мүмкіндік береді», - деді Гүлбану Саламаддинқызы.

Соңғы жаңалықтар