Қазақ хандығының 550 жылдығы: Біз Ұлы Даланың ұрпақтарымыз!

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтырғы Ұлытау төріндегі ұлт мәселесіне қатысты сұхбатынан кейін қолға алынған бірден бір маңызды шара - Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын тойлау болатын. Шындығында биылғы жылға дөп келген мерейлі мерекелер қатарында бұл оқиға ел тарихындағы маңызды шаралардың біріне айналып отыр.

Мәселен, республика бойынша ағымдағы жылы Қазақ хандығының құрылу мерейтойына арналған 700-ден астам аса ірі шаралар қарастырылған. Жыл басынан бері республика көлемінде 50-ден астам халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар өткізілген. Ел ішінде 300-ден астам мәдени-спорттық шаралар да мерейтой айшығына айналған. Ал айтулы оқиғаның негізгі бөлігі бүгін Астанада бастау алды. Бас қалада бүгін үш күнге ұласатын той бастау алып, барша қазақстандықтар Қазақ хандығының 550 жылдығын ресми тойлауға кірісті. Бұл шараның шымылдығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен Салтанатты жиынмен ашылған еді.

Президент Н. Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі торқалы тоймен шын жүректен құттықтай отырып, әлемді күйзеліске ұшыратып отырған алмағайып заманда той тойлаудың өзіндік себептерін де түсіндірген болатын. «Бүгінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр. Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп ашына жазған болатын. Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент бұдан ары «Тәуелсіздік» атты киелі дүниеге тәу ете отырып, оның ұлтымызға бергенін әлі де беретіні мол екенін алға тартты. «Тәуелсіздік - қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді-мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағына ұланғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынының арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты», - деді Елбасы.

Бұдан соң, Мемлекет басшысы ұлтымыздың тарихына тағы да назар бұрып, бабалар мұрасының даңғыл жолына тоқталды. Президенттің айтуынша, Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. «Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда - 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды», - деді Н. Назарбаев.

Айта кетерлігі, Салтанатты шараға Түркі кеңесі ынтымақтастығының саммитіне келген түркі тілдес мемлекеттер делегацияларының басшылары, соның ішінде Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев, Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев, Түркия Ұлы Мәжілісінің төрағасы Исмет Йылдыз да мәртебелі мейман ретінде қатысқан еді. Сондықтан да сөз арасында Елбасы түркі мемлекеттерінің бірлігі туралы да сөз қозғады. «Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері - Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов «берік» яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады. Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен. Бірлік - біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректеріне сүйене отырып, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде болған тарихи оқиғаға да тоқталды. «Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұланғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді», - деді Н. Назарбаев.

Айта кетерлігі, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бұрын: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген еді. Салтанатты жиында сол сөзінің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады» деп бөлісті.

«Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Салтанатты жиын соңында Мемлекет басшысы торқалы тойға қатысты өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. «Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол -қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол - Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік - біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол - ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол - Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың аруағы жар болсын! Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз - солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз - ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл - біздің тағдырымыз! Бұл - біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын!», - деп аяқтады сөзін Елбасы.

Айта кетерлігі, Астана мен ел өңірлерінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар әлі де жалғасады. Мәселен, шараны ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қызықты ойын-сауық және концерттік бағдарлама ұсынбақ. Еліміздің әр өңірі үздік хореографиялық ұжымдардың, ансамбльдердің, халық және эстрада өнерінің солистерінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарламадан басқа, көрермендер назарына «Қазақстанның ежелгі қалалары» бейнепрезентациясын, «Қазақ ұлттық киімінің тарихы арқылы халық тарихын жеткізу» атты сән фестивалін, «Сиқырлы би әлемі» би фестивалін, «Бірлігіміз жарасқан» атты Қазақстан халқы достығы концертін, «Ғасырлар үні» этно-концертін ұсынады. Сосын қазақ күресі, арқан тарту, тоғыз құмалақ, бұқа тартыс, арқан тартыс, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.

Торқалы тойға лебіздер:

Әбіш Кекілбаев, ҚР Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері:

Бүгінгі той - ерекше той. Қазақтың басынан жақсы да, жаман да өтті. Бұдан 550 жыл бұрын өз алдымызға дербес ел болдық. Содан бері қарай Еділ мен Алтайдың арасын, солтүстіктен Құмдыкөл, оңтүстікте Мырзашөлге дейінгі иен даланы жайлаймыз. Біздің осы дәуірге жеткеніміз де, жетпегеніміз де бар. Жер бетіндегі халықтың қай-қайсысының басында күй мұндай емес. «Біреуді көріп шүкір ет, біреуді көріп пікір ет» деген. Құдайға шүкір қазақ халқының басында шүкіршілік ететін жағдай жеткілікті. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан БҰҰ мүшесі болды, Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етті, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтіп, адлда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастырғалы отыр. Мұның бәрін осы дәуірде көрген ел де, көрмеген ел де бар. 550 жыл бұрын дербес ел болған қазақ елінің келешегі кемел. Біз алда тұрған болашағымызға үлкен үмітпен қараймыз. Оның сәулетті де кемел екеніне де көзіміз жетеді. Аман болсақ әлі де талай қызықтарға жетеміз деп сенемін.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгін Елбасы тарихты тереңнен қозғап, біздің қазақ мемлекеттілігіміздің өзінің түбірі күштілігін, тамыры тереңдігін, оның мемлекеттік қабілетінің, қасиетінің, ежелден нәр алатын тарихының орнын ерекше атап өте отырып, болашаққа, мәңгілік елге қай жолмен келе жатқанымызды айғақтап ашып берді. Елбасы біздің сипатымыз, біздің мінездемеміз - Ұлы дала мемлекеті екенін тағы бір атап өтті. Өйткені біз осы далада болған бірнеше дәуірлердегі мемлекеттердің мұрагерлеріміз. Біз қандай жағдайда Мәңгілік Ел боламыз? Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі сөзінде соны мейлінше ашып берді. Ол өзінің баяндамасында көптің көкейінде жүрген мәселелерді ұлттық мүддеміздің тұрғысында айшықтап, соған халықтың рухын жинақтады. Яғни, біз өз мемлекетіміздің, ұрпағымыздың болашағын ойласақ, соған жұмылып, осы жаңа заманда шет қалмай, технологиялық жаңалықтардан қалыс қалмай, басқа елдер сияқты дамудың жолында болуымыз керек. Сол себепті бізге ғана емес, жастарға да үлкен міндет жүктеледі.

Қаржаубай Сартқожа, тарихшы-түрколог, ғалым:

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы еліміздің ең үлкен мерекесі ретінде аталып жатыр. Осы мерекемен рухани байып, мақтанып, келешек ұрпаққа бабалардың өсиетін, арманын жеткізуіміз керек, яғни бұл әрбір адамның міндеті болмақ. Бүгінгі еңбектеген сәбиден бастап, 100-ге келген ақсақалымызға дейінгі адамдардың парызы. Біздің халқымыз Қазақ хандығына дейін үш үлкен империя құрған халық. Сондықтан қазақ халқы империя құрған халықпыз деп кеудемізді көтеріп, еркін жүруміз керек.

Амангелді Айталы, философия ғылымдарының докторы, профессор:

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының атап өтілуі жастар тәрбиесінде маңызы өте зор. Әлеуметтану ілімінде ұлттық жетімдік деген сөз бар. Тарихын білмеген халық - бұл жетім халық. Бүгінде тегін білмейтін ұлттар бар. Атап айтқанда, біздің ғасырлар қойнауындағы тарихымызды білуі, яғни оны әр азаматтың білуі және осы тарихтың жалғасымыз әрі мұрагеріміз деп жастардың сезінуі - бұл үлкен рухани күш. Сондықтан бұл мерейтойдың жастарға ықпалы өте зор. Түйіндей айтсақ, біздің қазақ халқымыз әр уақытта «бай тарихтың иесіміз» деп мақтанып жүруі тиіс.

Мәмбет Қойгелді, тарихшы:

Қазақ хандығының 550 жылдығы - біздің ұлтымыз үшін ерекше дата. Қазақ хандығы дегеніміз - ұлттық мемлекеттік деген сөз. Бұған дейінгі мемлекеттер біздің ұлан-ғайыр даламызда пайда болған, өскен, өркендеген. Олар әрине, біздің мемлекеттігіміздің негізімен үндес. Бірақ, біздің хандар осыдан 550 жыл бұрын пайда болған мемлекетке ұлтымыздың атын берді, халық ретінде өзінің орнын анықтады. Әлемдік кеңістікте өз келбетін қалыптастырды. Осы тұста айта кетерлігі, мұндай шаралар Қазақ хандығымен шектеліп қалмауы керек. Өйткені, Қазақ хандығының тәуелсіздігі, мемлекеттігіміздің бүтіндігі үшін күрес біздің далада еш тоқтаған емес. Арғыны айтпағанда, бергі Исатай Тайманұлы, Кенесары хан, одан бергі Алаш арыстарының қозғалысы - бұның бәрі мемлекеттілік, елдік үшін күрестің көрінісі. Сондықтан да, мұндай шаралар Қазақ хандығының аясында шектеліп қалмауы керек. Қазақ хандығы деген - қазақ мемлекеттілігі деген сөз. Хандық үшін күрес - мемлекеттілік үшін күрес. Ол күрес бүгін де жалғасу үстінде.

Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Жалпы, Қазақ хандығының 550 жылдығы - мемлекеттіліктің жарқын үлгілерінің бірі. Сондықтан да, мен бұл бүгінгі күнді Қазақ хандығының күні ретінде әр жыл сайын атап өтуді ұсынар едім. Өйткені, бүгінгі күн - барша ел үшін өте маңызды дата әрі айтулы мереке. Ал мұндай шара түптеп келгенде ең алдымен өскелең ұрпақ тәрбиесіне, жастардың бойында қазақ елінің тереңнен бастау алатын тарихына деген сый-құрметті оятуға бағытталды.

Соңғы жаңалықтар