ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ: Жошы өлімін Шыңғыс ханға Кетбұғаның естіртуі - дала заңдылығы - С.Қасқабасов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 20 ақпан күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­те­тінде «Қазақ елінің қаһармандық тарихы және Кетбұқа тұлғасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, оған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.

Қазақ баласында кішкентайынан «Ақсақ құлан» күйінің шығу тарихы мен хан баласының өлімін Кет­бұға баба күймен естірткенде, домбы­раның шанағына қорғасын құйылып­ты, домбырадағы тесік содан қалған екен деген аңызды естімеген жан жоқ шығар.

«Қазақтың Кетбұғасы» қоғамдық бірлестігінің қолға алуымен жарыққа шыққан «Абыз тұлға, аңыз тұлға - Кетбұға» жинағын таныстырып, баба жайындағы ғылыми ортаның ой-пікірін жинақтауға құрылған дөңгелек үстелді ашқан ЕҰУ проректоры Дихан Қамзабекұлы: «Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ата Заңымыздың 20 жылдықтары және Қазақ хандығының 550 жылдығы үлкен мемлекеттік деңгейде аталып өтпекші. Осының барлығы біздің елімізді бірлікке, ынтымаққа, тарихымызды білуге шақырады. Кетбұға болса, қарапайым халыққа аңыз түрінде және ғалымдар ізденістерінде табылған дерек түрінде келіп жетті», дей келіп, оны тарихтың қойнауына жасырынған тек аңыз бейне деп қана емес, тарихи тұлға ретінде тәуелсіздігіміздің керегіне жарату қажеттігіне тоқталды.

Жиналғандарға аталы сөзін, баталы сөзін бағыттаған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелди халқымыздың өткен өмірінде терең ізін қалдырған, еткен ерлігі аңызға айналған, ұлы тұлға - Кетбұға туралы әңгімеге жиналып отырған қалыпты сауабы мол, маңызы телегей тіршілік деп ойлайтынын жеткізіп: «23 жылдың жүзінде 300 жыл бойына шашылған, бұрмаланған тарихты жинақтау оңай іс емес. Кеңес өкіметі алғаш орнаған жылдары арабша жазылған кітаптардың барлығын «Құран» деп жинап, өртеткенде, ішінде тек діни емес, басқа рухани дүниелер де тегіс жойылды. Сөйтсек, оның бәрі тарих екен. Солардың барлығын жинап, ешкімнің үйінде қалдырмай қырнап, тазартқанның артында халықтың тарихи жадын жоғалтатын сұрқия саясат жатқан екен. Сонау ертедегі бабасынан қалған, ұрпағына жеткен дулыға, қылыш, семсерлерді де неге жинайды десек, оның да ар жағында санасына ештеңе қалдырмау керек, тарихынан ештеңе білмесін деген терең саясат жатыпты. Сондықтан да, тарихымызға қатысты дүниелер өздігінен жоғалған жоқ, жалпы, ештеңе ізім-қайым жоғалып кетпейді. Іздеген табады. Кетбұға жайлы деректерді жөнін тауып, ретін тауып іздестіруіміз керек», десе, ғалым Тұрсын Жұртбай абыз ағаның сөзін тірілтті. Сонау кеңестер тұсында, осыдан 35 жыл бұрын асылдарымызды зерттеп, одан «Дулыға» атты қос том шығарып, түркілік тұлғатанудың бастауында болған ғалым, Кетбұғаға қатысты деректердің француз, араб-мәмлүк мұрағаттарында жазылғанын айтып, аңыз бабаны зерттеуде қателіктерге бой ұрмай, екшеп, зерттеп барып ғылыми айналымға түсірудің маңызын қадап айтты.

Фольклортанудың көзі тірі кори­фейі, академик Сейіт Қасқабасов Кетбұғаның Жошы өлімін Шыңғыс ханға естіртуін дала заңдылығына жатқызды. Өйткені, қай кезде де өмірден айтулы тұлға озғанда оны естіртетін адам да толымды болуы тиіс. Мәселен, Абылайға Үмбе­тей жы­раудың Бөгенбай қаза­сын ес­тірткені тәрізді деп, сонау ықы­лым­нан жеткен дәстүрдің көнермей бү­гінгі санаға дейін жетуін мысал етті.

Дөңгелек үстелге қатысқан дәулескер күйші Жанғали Жүзбаев «Ақсақ құлан» күйінің де, аңызының да әлденеше нұсқасы барлығын айта келе, жиналғандар назарына сол күйді ұсынды. Ал белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев: «Тарих ғылымы тәпсірлеуді (интерпретация) қажет етеді. Сол тәпсірді кім қалай жасайды, ол қалай жарық көріп, айналымға түседі, солай тарихи түсініктер қалыптасып жатады. Кетбұқаға қатысты қолымызда көп дерек жоқ, негізінен қазақ, иран, араб мұрағатында, ал соның ішінде қазақ аңыздары тәпсірлеуді қажет етеді. Мысалы, жаңа орындалған күйдің Орталық Қазақстанда жыр түрі де бар ғой. Алаша хан, Жошы хан деп басталатын осы жырдың нұсқасында неге Шыңғыс хан мен Жошы хан жайында емес, неге Алаша хан, Жошы хан? Бұл да белгілі бір дәрежеде идеология деп ойлаймын. Сосын біздер үшін Бейбарыс пен Кетбұға тұлғаларын қарастырғанда алдыңғысы тарихи тұлға ретінде мойындалды да, ал Кетбұқаға келгенде олай болған жоқ. Сондықтан, осындай тұлғаларды дұрыс тануға күш салып, алдымен деректерді барынша жинастырып, сүзгіден өткізу маңызды» деген ойын айтты.

Дөңгелек үстел отырысында «Қазақтың Кетбұғасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкі­ров, «Ақ жол» демократиялық партиясы Орталық кеңесінің хатшысы Сәбит Байдалы зиялы қауымға, ға­лымдарға Кетбұқадай аңыз да абыз тұлғаны танудағы жасалған қадам­дарға қолдау көрсеткен жандардың барлығына алғыстарын айтты.

«Абыз тұлға, аңыз тұлға - Кет­бұқа» жинағы Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесі Шахмұрат Ибадатовтың құрастыруымен «Фо­лиант» баспасынан 3000 таралыммен жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар