Қазақ хандығына 550 жыл: Оралда «Тарихи тұлғалар: уақыт және өмір жолдары» атты жаңа кітап таныстырылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 20 наурыз күні Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында белгілі батысқазақстандық ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұяқбай Рысбековтің «Тарихи тұлғалар: уақыт және өмір жолдары» атты жаңа кітабы таныстырылды.

Шарада тарих ғылымдарының кандидаттары Жаңабек Жақсығалиев, Самат Құрманалин, әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікқали Шарабасов, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Асхат Иманғалиевтің атап өткеніндей, жинақта хандар мен батырлардан бастап атақты ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, ел басқарған азаматтардың өмірі мен тұлға ретіндегі қадыр-қасиеттері жаңаша сараланады. Мысалы, Әбілқайыр ханның Ресей отаршылдығына қарсы күресі тарқатылып айтылған. Сондай-ақ оқырмандар Ақ Жайық пен құм Нарынның шежіресі, осы өңірде өмір сүрген тұлғалар жөнінде көптеген құнды деректерді осы кітаптан таба алады. Мұны Қазақ хандығының 550 жылдығына қосылған сүбелі үлес деп бағалауға болады.

Кітап авторы Тұяқбай Рысбековтің айтуынша, тарихты ешкім де жазып бітіре алмайды. Сонымен қатар әр тұлғаға әділ баға беру маңызды. Айталық, Жәңгір ханды кемшіліктерін айтпай, аспанға көтеріп мақтау да немесе оны жаппай қаралау да дұрыс емес. Бұл ретте ақиқатқа, тарихи деректерге сүйене отырып, сол кезеңнің шындығын бере білу керек. Мұндай еңбектерді сериялық түрде жариялаған жөн. Сондықтан тағы 53 тұлғаға байланысты деректер жинақталуда. Алдағы уақытта басқа да хан-батырлар мен ақындар, өнер қайраткерлері туралы кітап жарық көретін болады.

Соңғы жаңалықтар