«Қазақ хандығы» сериалының түсірілімі Түркістанда жалғасуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы күндері Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Қазақ хандығы. Алтын тақ» атты ауқымды киножобасының екінші маусымы түсіріліп жатыр. Түсірілім тобы «Қазақ хандығы» сериалының түсірілім алаңынан эксклюзивті фотосуреттерімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қуанышымызға орай, Түркістандағы түсірілімдер қасиетті Ораза айт мейрамына сәйкес келді. Түсірілім алаңы ретінде Түркістанды әдейі таңдап отырмыз. Өйткені Түркістан Қазақстанның ең көне қалаларының бірі және дерекнамасында халқымыздың бай тарихы жатыр. Сол себептен де бұл қаланың бейнесі біздің картинамызда қалуы керек» - деп келтіреді фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашевтің сөздерін «Қазақфильм» киностудиясы.



Екінші маусымның оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін таласы айналасында өрбиді. Бұл қазақ хандығындағы ең бір күрделі кезеңдерінің бірі.



«Жәнібекті хан көтеру салтанатын Түркістанның маңында түсіреміз. Дәл осы Түркістан біз түсіріп жатқан тарихи кезеңдердің шынайы куәгері. Өкінішке қарай, қазақ кинематографында Шәкен Айманов түсірген «Алдар көседен» басқа ешқандай фильмде Түркістан қаласы көрсетілмеген екен. Түркістаннан соң Тараздағы Қарахан мен Айша бибі кесенесін де түсіреміз» - деді бас продюсер Арман Асенов.



Естеріңізге сала кетейік, тарихи киноның түсірілімдері Алматы облысында мамырдың басында басталған. Кейінірек түсірілім тобы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы «Иір су» жайлауында көлемді ұрыс сахналарын түсірді.

Көпсериялы фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production»  ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсіруде.




Фильмнің қоюшы-режиссері: Рүстем Әбдірашев

Сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов, Рүстем Әбдірашев

Қоюшы суретші: Мұрат Қаріпов

Қоюшы операторлары: Сапар Қойшыманов, Александр Плотников

Костюм жөніндегі суретші: Ажар Әубәкірова

Грим бойынша суретші: Сергей Маурин

Бас продюсері: Арман Әсенов

Композиторы: Әбілқайыр Әбдіраш

Редакторы: Ерлан Төлеутай

Басты рөлде: Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Мадина Есманова, Ғазиза Тілеубай, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Фариза Ескермесова, Әлішер Сүлейменов және басқалар. 



Фотосуреттер авторы - Николай Постников

Соңғы жаңалықтар