«Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымы қалай түсіріліп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақ хандығы. Алтын тақ» атты ауқымды жобаның екінші маусымының түсірілімдері осы күндері Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауқымды тарихи жобаның авторы - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Көп сериялы фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production»  ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсіруде.

nullКиностудияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тарихи киноның түсірілімдері Алматы облысында биылғы мамыр айының басында басталған. Кейінірек түсірілім тобы Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан «Елтай» ауылы маңындағы «Иір су» жайлауына ауысқан. Дәл осы жерде түсірілім тобы режиссер Рүстем Әбдірашевтің бастауымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағын  - төрелердің ауылын жасап шыққан.  Шайбандар мен Қазақ хандығының үлкен ұрыс сахнасы да осында түсіріліген.



«Екінші маусымның аты айтып тұрғандай «Қазақ хандығы.Алтын тақ». Қазақ хандығындағы ең бір күрделі кезеңдердің бірі. Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін тақ таласы. Бұл маусымда тақты, Ақ орданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді. Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл әрине әлдеқайда қызығырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге қызықты болады деген ойдамын. Сценарий тарихи негізде жазылды. Бірақ жастарға қызық болу үшін сол заманның көптеген оқиғаларын қайтадан «тірілтуге» тырыстық. Сәтін салса Түркістанға барып, соңғы, негізгі эпизодтарды түсіреміз», - деді Рүстем Әбдірашев.

nullЕкінші маусымдағы оқиға желісі 1470 пен 1485 жылдар аралығында  өрбіп, Жәнібек ханның қайтыс болуымен аяқталады. Режиссердің айтуынша, негізгі актерлік құрамға екінші пландағы 5 - 6 кейіпкер қосылған.

Ал жобаның бас продюсері Арман Асеновтың сөзіне сенсек, Есенберлиннің кітабы да түсірілім тобы  түсіріп жатқан кезеңмен аяқталады. Финалда Жәнібек қайтыс болып, таққа Бұрындық отырады. Бірінші маусым негізінен Алматы облысында түсірілген болатын. Ал екінші маусымда Оңтүстік Қазақстанда түсіру туралы шешім қабылданған.



«Облыстың басшылығымен тез түсінісіп кеттік, олар тарапынан қолдау алдық. Тарихи фильмдерді түсіру барысында ең бастысы бүгінгі адамзаттың іс-әрекетінің белгілері болмауы тиіс. Біз іздеген локацияны осы жерден таптық. Жалпы тарих бойынша ұрыстар осы маңдарда орын алған. Қазақ хандығы Қаратау бөктерінде негізі қаланды.Былтыр қыста біз осы киіз үйлер мен шатырларды «Қазақфильмнің» территориясына тұрғызып, монологтар мен диалогтарды түсіріп қойғанбыз. Түлкібаста тек көпшілік сахналарды яғни - ауыл көрінісін, келу, кету, киіз үйге кіру, ұрыс сахналары мен жекпе-жектер осында түсіріп жатырмыз», - деді бас продюсер Арман Асенов. 

Продюсердің айтуынша бүгінгі таңда 10 сериялы фильмнің 8 сериясы түсірілген. Сонымен қатар, түсірілімдер Қазақстанның тарихи қалалары - Түркістан мен Таразда да жүреді. Аталған қалаларда маңызды сахналарды қоятын болады. Сериалдың соңғы түсірілім жұмыстары «Қазақфильмнің» павильондарында өтеді.

Соңғы жаңалықтар