«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмін Римдегі көрермендер тамашалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қолдауымен Қазақстанның Италиядағы елшілігі Рим қаласында «Жұлдыздар тоғысқанда», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» және «16 қыз» фильмдерінің көрсетілімін ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара Қазақстанның елордасы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отыр. Көрсетілім алдында көрермен алдында сөз сөйлеген Елшілік өкілдері, сондай-ақ Италияның мәдениет және өнер қайраткерлері Қазақстан мен Астана қаласы дамуының деңгейіне және отандық кинематография саласына жоғары баға берді.

Италия тілінде субтитрлері бар фильмді тамашалаған көрермендер халқымыздың тарихына үлкен қызығушылықтарын білдірді. Айта кетсек, Римнің тарихи аудандарының бірінде орналасқан Casa del Cinema кинотеатрында бұл күні бос орын болмады. Жиналған өнер сүйер қауым отандық кинотуындаларды жақсы қабылдап, қазақ мәдениеті және өнерімен етене танысу туралы өз ойларын білдірді.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Қазақ хандығы» киносериалының кинонұсқасы - «Алмас қылыш» фильмі Қазақстан Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай ең алғаш Астана қаласында көрсетілген болатын. Бұл ауқымды жобаның идея авторы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының негізінде жазылған.

«Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы - режиссер Сергей Снежкин түсірген «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі Кеңес одағының ыдырауы, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, оның ішінде Қазақстан Республикасы туралы баяндайды. Ағылшын жазушысы Джереми Вильсон Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянын жазу үшін онымен кездесуге қол жеткізеді. Алайда журналист пен Елбасының белгіленген сұхбаты бүкіл елді аралаумен, тарихқа көз жүгірткен ұзақ уақытқа созылған қызыққа толы саяхатқа ұштасады.

«Он алты қыз» фильмі ата-анасы үйлендіруді армандайтын Бауыржан есімді жас жігіттің оқиғасын баяндайды. Әкесі Бауыржанды досының қызы Айжанмен «бел құда» салты бойынша атастырады. Дегенмен қыздың кейін басқа жігіті бар болып шығады. Досының көңілін қалдырғысы келмеген Айжан Бауыржанға қалыңдық іздей бастайды. Кейіннен олардың қарым-қатынасы махаббатқа ұласады.

Көрсетілімнен кейін қонақтар Қазақстан мен Астана қаласы туралы дайындалған отандық имидждік бейнематериалдарды көріп тамашалады.

Соңғы жаңалықтар