Қазақ халқының жыл санауындағы Барыс жылы қандай - Шетелдегі қазақ баспасөзі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Барыс жылы болса екен табыс жылы! - CNR

Қытайлық kazakcnr.com сайтында ҚХР фольклор қоғамының және Шынжаң жазушылар қоғамының мүшесі, журналист, жазушы Қапас Әсейінұлының сиыр жылымен қоштасқан, барыс жылын қарсы алған, қазақ халқының жыл санауындағы дәстүрлі таным-түсініктерді қаузаған мақаласы жарық көрген.

Біз төменде осы мақаланың өзекті деген тұстарын қысқартып оқырманға ұсынамыз.


***

«Аттанып бара жатқан сиыр жылымыз сыйлы болды. Ай дегеніміз ат басын бұрғанша, жыл дегеніміз жылқы аунап тұрғанша», «Ай артынан ай туар, атқа мінсең жеткізбес. Жылы артынан жыл туар, желге мінсең жеткізбес» дейді, кеше ғана тышқан шиқылдап ініне кіріп кетіп, сиыр жылын қарсы алып едік алақайлап. Енді баспалап барыс жылы да келіп қалыпты...

Міне сиыр жылына қош айтып, бір жасымызды бір қалтамызға салып, енді бір қалтамыздан жаңа жылдың малтасын алып аузымызға салдық. «Мал өсірсең сиыр бақ, сүт кетпейді шарадан, құрт кетпейді өреден» немесе «Сиыр судан жаралған», «Қалың қорық нуға бітем, қоры үзілген қуға бітем», «Сиыр су талғамас, су торғай ну талғамас» деген сиыр туралы айтылатын танымдық тұрақты сөз тіркестері көп айтылады. Халқымыз жер шарын мүйізімен тіреп тұрған көк өгіздің көтеріп тұрған мүйізі талып, екінші мүйізіне ауыстырғанда жер сілкінеді деген. Ұлтымызда жоғардағыдай сиырды дүниенің тірегі, жаратылыстық құбылыстың қалыптасу негізі деп баяндайтын мифтік аңыздардан бөлек, ертегілерде де «Көк сиыр» адамзаттың жәрдемшісі, қиындықтан құтқаратын киелі құдірет иесі ретінде суреттейді.

Бұқа биліктің, батырлықтың нысаны да болып келеді. Батырларды «бұқаша тіресті, бұқадайын тіресті» дейді. Балуан, күшті адамдарды «бұқа мойын», «өгіздей қара күші бар» деп бейнелейді, «сиырша іреп тастайды», «алпауыт бұқа», «атан өгіз», «өгіз орге сүйрейді» деген сипаттаулар көп ұшырасады...

Осылайша, орап жейтін қамысты шилі даласына, түтіні будақтаған малды ауылына қарайлап мөңіреп, Зеңгі бабаның ұрқы – Сиыр көң сасыған даласын қимай аттанып кетті. «Жаратылыс өз бетімен көрінеді, өз өзгешелігімен кетеді»; «Мың күн жанған шырағың бір күн сөнер». «Жер басқанға мәз болма, жерде ізің қалмаса». Тіршіліктің мәні - оның қайта оралмайтындығында. Өмірдің қайсарлығының қайнары да оның қайта бет бұрмайтындығында. Міне, жер бауырлап бір басып, екі басып айбарлы барыс қорамызға келді. «Ауыл аралас, қой қоралас» бірге жасасқан көне көз көрші қарсы аламыз, кел төрге шық!

Барыстың ауыспалы мағынасы – ержүрек, батыр, қаһарман, жүйрік, топжарған талант. Барыс - аңның айбарлысы.

Барыстың бір аты - айбар. «Айбарлы адам», «айбарынан адам шошиды» дейді. Айбарлы адам дегенімізде сұсты, десі басым, салауатты, құрметті деген сияқты ұнамды мағыналарда қолданысқа түседі. Жонын көрсететін адамдарға «айбарланба, айбарыңды көрсетпе» деп жатады. «Барыстай болсын айбатың!» дейтін бата жолдары, «Барыстайын байқатпай, бассалатын мінез бар» дейтін өлең жолдары бар.

Барыс жаз айларында теңіз деңгейінен 5500 метр айналасындағы биік шалғынды жерлерде жортады. Қыста 1800 метр айналасындағы жерлерден азық аулайды. Асқар тауға арқасын төсеп, ақбас таулардың басын мекендейді. Барыс жыртқыш, епті, шапшаң, тауға шығуға дағдыланған. Барыстың ұрғашысын таутан, баласын алан дейді.

Бұрында балаларды «Таутан келіп қалады» деп қорқытатын әдетіміз болған, олай болатыны аланы өлген таутан жас төлдің қайсысы болса да ұрлап әкетіп емізеді екен деседі. Көне көздердің айтуынша аланынан айырылған таутан көбінесе жас баланы ұрлайтын көрінеді. «Алма апаннан аланды, таутан ұрлар балаңды», «Таутанын тастап барыс ат, жаға болар ішікке» дейтін мақал-мателдер бар.

«Барыс жылы күрделі бетбұрыстар алдындағы тыныштық жылы болып саналады. Барыс жылы жанға жайлы болады, сонан «Барыс жылы барыңды ек, тым болмаса тарыңды ек» дейді халқымыз...

Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады. Барыс жылы барыстың айбарын берсін, барыс жылы болса екен табыс жылы, ел мерейі үстем болсын, отбасымызға амандық берсін!


Баян-Өлгейлік 4 оқушы «Жылдың таңдаулы баласы» атанды - KAZNEWS

Моңғолия Премьер-Министрі Л.Оюун-Эрдэнэ 2021 жылы ұлттық және халықаралық, құрлықтық, әлемдік деңгейдегі жасанды интелект, ақпараттық технология, спорт, қоршаған ортаны қорғау, гуманитарлық салаларда ерекше табыс шығару арқылы отанын насихаттап, өзгелерге үлгі болған таңдаулы 30 баланы «Жылдың таңдаулы баласы» деп танып, марапаттады, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Қоршаған ортаны қорғау номинациясына Баян-Өлгей аймағының Толбо сұмындық оқушы И.Руслан лайық деп танылды. Командалық нәтижесі бойынша «Жылдың таңдаулы баласы» номинациясы Жапонияда өткен «HIGASHIKAWA Youth Fest» халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алған Баян-Өлгей аймағының «Дарын» мектебінің оқушылары А.Ерқанат, Х.Ақжол және Б.Әлирахманға табысталды», - деп жазды Kaznews.

Месхет түріктері мен ұйғырларға Түркия азаматтығы берілді - TRT

Ерекше азаматтық шеңберінде 2002 жылдан бері 95 мың 845 месхет түрк азаматқа және 5 мың 836 ұйғырға Түркия азаматтығы берілді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Ішкі істер министрлігінің деректеріне сәйкес, «заңды тұру құқығы» шеңберінде Түркияда 26 мың 681 месхет және 19 мың 328 ұйғыр өмір сүреді. 18 мың 611 месхет түркі және 17 мың 997 ұйғырдың «мерзімсіз тұру құқығы» мәртебесі бар ықтиярхаттар алған. Айырықша месхет және ұйғырларға көгілдір түсті ықтиярхаттары берілген. Оның ерекшелігі ықтиярхат үшін ақы төлемейді.

2002 жылдан бұрын 4 мың 840 месхет және 325 ұйғыр Түркия азаматы болса, 2002 жылдан кейін 95 мың 845 месхет және 5 мың 836 ұйғыр «ерекше азаматтық» шеңберінде Түркия азаматы болды. Миграция Басқармасы құрамында құрылған Түрік және ағайын қауымдастықтар департаменті Түркиядағы месхет және ұйғырларға бағыттап жұмыстар атқаруда. Айырықша заңды мәртебеге байланысты бұл бағыттағы жұмыстар «Түрік тектестер арнайы офисінде» шешіледі. Түркияда ұйғырлар мен месхет түріктері тарапынан құрылған көптеген үкіметтік емес ұйымдар да жұмыс істейді», -деп жазады TRT.

Баян-Өлгей аймағының жыл үздіктері марапатталды - KAZNEWS

Баян-Өлгей аймағының 16 азаматы, 4 мекеме «Жыл үздігі – 2021» атағына ие болды. 11 мемлекеттік ұйымға аймақ әкімшілігі тарапынан арнаулы сый-сияпат көрсетілді, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Аймақ әкімі Бауыржан Дәлелұлы, аймақтық АӨХ-ның төрағасы Бейбітхан Нұриұлы секілді билік өкілдерінің қатысуымен жаңа жыл қарсаңында 2021 жылды қорытындылап, үздік деп танылған әр түрлі сала мамандарын арнайы марапаттады және «Жыл үздігі – 2021» номинацияларын табыстады.

Өлгей қалалық жалпы білім беретін №1 мектептің ұстазы М.Майрагүл «Жылдың үздік бастауыш сынып ұстазы», «Бастама» мектебінің математика пәнінің ұстазы С.Серікгүл «Жылдың үздік ұстазы» деп танылды. «Жылдың үздік студенті» номинациясымен Ғылым, технология университетінің 4 курс студенті Арайлым Мағмұтқызы марапатталды.

Суретші Дастан Қаламханұлы «Жылдың үздік өнер, мәдениет саласының қызметкері», Б.Абылайхан «Жылдың үздік спортшысы» атанды. Сондай-ақ, Казньюс ақпарат агенттігінің негізін қалаушысы Өмірбек Қабайұлы «Жылдың үздік ақпарат саласының қызметкері» деп танылды. «Жылдың үздік қызметкері» номинациясын Мейрім денсаулық орталығының қызметкері Қ.Тамара мен Толбо сұмындық Балабақшасының аспазшысы Қ.Гүлжазира еншіледі.

Аймақтық Салық департментінің мемлекеттік инспекторы Д.Нұрлан «Жылдың үздік қаржы саласының қызметкері», аймақтық Мемлекеттік тіркеу департментінің маманы Қ.Имашхан «Жылдың үздік мемлекеттік әкімшілік қызметкері», Өлгей қаласы әкімшілігінің инспекторы Т.Керей «Жылдың үздік құқық қорғаушысы» деп танылды.

Денсаулық саласында ерен еңбек етіп «Жылдың үздік дәрігері» аталымы бойынша аймақтық Біріккен аурухана дәрігері Бақытжан Ғафуұлы, «Жылдың үздік медбикесі» деп аймақтық Біріккен аурухана медбикесі Е.Бишан танылды.

2021 жылы «Ерекше табысқа жеткен адам» номинациясы Ұланбатыр қаласындағы «Гранд мед» ауруханасының Омыртқа хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, аға дәрігер Б.Нұрбекке берілді», - деп жазды Kaznews.

Өзбекстандық жаяу жүргіншілерге бір жылда 4 миллион долларға жуық ақша төленген - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Туризм және спорт министрлігі «Салауатты өмір салты» платформасын пайдаланушылар саны мен осы уақытқа дейін қанша ақша төленгені туралы ақпарат берді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«www.1hls.uz платформасында тіркеуден өткен 18 жастан асқан өзбекстандықтар саны 1,2 миллионнан асып оны пайдаланушылар саны 1 миллион 209 мың 77 адамды құрайды. Министрліктің мәліметінше, платформаны пайдаланушыларға осы уақытқа дейін 43 миллиард 45 миллион 953 мың сум (шамамен 4 миллион доллар) төленген», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Еске сала кетейік, «Салауатты өмір салты» платформасында 18 жастан асқан Өзбекстан азаматтарының электронды әмиянына қаржы салып отырады. Сол арқылы халықты салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыруды мақсат етіп отыр. Бір тәулікте 10 мың, тіпті одан да көп қадам жаяу жүрген адамға 3 мың сумға дейін төленеді. Бір айда қалада ең көп жаяу жүргендерге - 300 мың сум, әр өңірде ең үлкен қашықтықты жаяу жүрсе - 500 мың, республика бойынша ең көп жаяу жүрген азаматқа - 1 миллион сум көлемінде сыйлық беру жоспарланған.

Қазақстан үкіметі ирандық өндірушіге арнайы жүлде берді – Фарс

Қазақстан Президентінің арнайы жүлдесі ең үздік 3 мың өндірушінің арасында ауыл шаруашылығы саласында Kaz-Ir Agro ирандық компаниясына берілді, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Kaz-Ir Agro Ирандық компаниясы Қазақстанда мақсары егіп, одан май алып, осы өнімді Жапония, Қытай, АҚШ, Ресей, Германия, Чехия, Нидерланды және басқа да төрт еуропалық елге экспорттайды. Қазақстандағы қазылар алқасы осы ирандық компанияны идеядағы жаңашылдық және егу, өңдеу және қаптау үдерісін толық қамтыған халықаралық стандарттарға сай жаңа өнім шығарғаны үшін арнайы жүлдеге лайық деп тапты. Сондай-ақ Қазақстан Парламенті де осы компанияға алғыс білдірді. Қазақстан Индустрия және инфрақұрылымдық дамыту министрі Бейбіт Атамқұлов 2021 жылға арналған «Алтын сапа» ең үздік өндіруші жүлдесін ирандық компанияның атқарушы директоры Хамидреза Әли Нақианға табыстады», - деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.




Соңғы жаңалықтар