Қазақ халқының қаһарман перзенті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан жоғары мектебінің тарихында Өмірбек Арысланұлының өз кезеңі бар. Бұл кезеңде Қазақстан жоғары мектебі материалдық-техникалық базасы жағынан да, оқытушы-профессорлар құрамы мен жоғары білімді және жоғары білікті мамандар даярлау ісінің сапасы жағынан да қарыштап дамыды.

Қазақ мемлекеттік университеті Өмірбек Арысланұлы басқарған кезеңде Кеңестер Одағындағы университеттер мен жоғары оқу орындарының арасында университеттік ғылым мен білім беру ісінде айрықша үлкен жетістіктерге жетті, одақтың маңдайалды білім және ғылым ордасына, нағыз классикалық университетке айналды. Бұл өз кезегінде бүкіл еліміздің әлеуметтік дамуына тың серпін берді. Оның басты негізі және көзге көрініп, көңілде тұрған көрнекті көрсеткіші – КазГУград қалашығы. КазГУград қалашығы айрықша бітімдегі құрылыс кешені ғана емес, ол – жоғары сапалы ғылым мен білім қалашығы. КазГУград - Өмірбек Арысланұлының Қазақстан жоғары мектебіне ақыл-ой қуатымен тұрғызған ерен ескерткіші. Елдің өсер өркені тәлім-тәрбие алатын, білім өндіретін осы ерен ескерткіш - ХХ ғасырдың баламасы, теңдесі жоқ тарихи, рухани және материалдық құндылығы.

Өмірбек Арысланұлы Қазақстан жоғары мектебінің қайраткері ретінде алдына ел игілігін ойлаудан туған ұлы мақсаттар қойды, ол мақсаттарға жетудің игілікті жолдары мен игілікті құралдарын тапты, жеткен жетістіктерінің игілігін бір кездің бір буыны ғана емес, бар кездің барша буыны, бүкіл халық көруін көздеді.

Өмір жолы сайрап жатқан даңғыл емесі түсінікті. Белгілі бір мақсатқа жетудің жолдары туралы халықтың мынадай даналық сөзі бар: а) бір жол бар – жақын, жақын да болса, алыс; ә) бір жол бар – алыс, алыс та болса, жақын.

Дайындығы жоқ адам таудың басына шығар жолды көп іздейді. Алға жүріп, алдынан кездескен жартастан аса алмай, кері қайтатын, одан соң басқа жерден жол бастап, тау басына қайта өрмелейтін сәттері болады. Ақыры, өлдім-талдым дегенде, таудың басына шығып, айналасына қуана қарап тұрғанда, оның көзі бір бүйірде сайрап жатқан даңғыл жолға түседі. Сонда ол өзінің бекерге әуреленіп, қиналғанына өкінер еді, тіпті өзінен-өзі ұялғандай күй кешер еді. Тәжірибе деңгейінде іздеген жолдың осындай қиындығы болатыны анық.

Өмекең жақын жолды да, алыс жолды да, оңай жолды да, айналма жолды да, имек жолды да көрді. Өзінің теориялық ойлау ғарышынан таудай тұрпатты, маңызы мен мәні айдай анық игілікті нәтижеге толық жеткізетін сенімді, қай кез, қандай заманда да ел үшін игілікті болып қала беретін ізгі жолды іздеді. Теориялық ойлау ғарышынан қарағанда, игілікті нәтижеге толық жеткізетін сенімді, ізгі даңғылдың бағыт-бағдарын өзі анықтады. Осылайша, таудай тұрпатты, маңызы мен мәні айдай анық игілікті нәтижеге толық жеткізетін сенімді, қай кез, қандай заманда да ел үшін игілікті болып қала беретін ізгі жолды өзі салды.

Ғылым мен білімнің дамуы, ғылым мен білім саласында ізденуші, зерттеуші ғалымдардың шығармашылық қуат көзінің ашылуы білім мен ғылымға, білім мен ғылым қайраткерлерінің қызметіне шын құрмет, шынайы сұраныс бар ортада ғана мүмкін. Мұндай ортаның қалыптасуы, дамуы, нығаюы қоғамдық сананың даму деңгейіне тәуелді. Білім мен ғылымға, білім мен ғылым қайраткерлерінің қызметіне деген шын құрметке, шынайы сұранысқа негіз болатын қоғамдық сана білім мен ғылым қайраткерлерінің ерен еңбегі нәтижесінде қалыптанады. Осындай қоғамдық орта, осындай қоғамдық сана салтанат құрған жағдайда елдің өсер өркенінің ғылым мен білімге деген талабы, ұмтылысы, құлшынысы жасампаздық сипатқа иеленеді, ғылым мен білім қоғамның басты қозғаушы күшіне, басты құндылығына айналады. Өмірбек Арысланұлы өзінің, өз кезеңінің ақыл-ой қуатын ғылым мен білімнің дамуына, ғылым мен білім саласында ізденуші, зерттеуші ғалымдардың шығармашылық қуат көзінің ашылуына, білім мен ғылымға, білім мен ғылым қайраткерлерінің еңбегіне шын құрмет, шынайы сұраныс бар ортаның қалыптасуына жұмсауға ұйтқы болды. Нәтижесінде ғылым мен білімге, білім мен ғылым қайраткерлерінің шығармашылық еңбегіне шын құрмет, шынайы сұраныс бар қоғамдық орта қалыптасты. Жоғары білімді, жоғары білікті ғылым мен білім мамандарын даярлау ісінде талапкер жастың білімі мен қабілеті негізге алынды.

Өмірбек Арысланұлы Қазақстан жоғары мектебінің мемлекеттік деңгейдегі аса ірі көшбасшы қайраткері болумен бірге өмірлік мәні зор зерттеу жұмыстарын жүргізді, өзінің басшылығымен, ұйымдастыруымен, тікелей қатысуымен іргелі және қолданбалы сипаттағы аса өзекті, әлеуметтік маңызы үлкен, көкейкесті ғылыми мәселелерді шешті. Кинематика, қатты дене статикасы, қатты дене динамикасы, материялық нүкте динамикасы, механикалық жүйе динамикасы, гироскоп теориясы сияқты салалар бойынша жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізінде теориялық механиканың негізін жасады. Жоғары класты механизмдерді құрылымдық талдау, жоғары класты механизмдер кинематикасы мен динамикасы, қуат күші бағыттары бойынша жүргізген іргелі зерттеулерінің нәтижелерін саралау, жинақтау барысында жоғары класты механизмдер теориясын жасады. «Жоғары класты механизмдер теориясы», «Теориялық механика» атты іргелі ғылыми-зерттеу еңбектерін, жоғары мектепке арналған оқулықтары мен оқу құралдарын жазды. Жаңа, жаңашыл теориялық қағидаларын, жаңашылдық идеяларын өндірісте пайдалану мақсатында кең ауқымды ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізді және бұл бағытта үлкен жетістіктерге жетті: өндірістік роботтардың құрамаларының, көтергіш, тиеу, түсіру қондырғыларының, тау-кен металлургиялық өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп станоктары мен құрал-жабдықтарының қозғалу заңдары күрделі болып келетін жоғары класты жаңа механизмдерін жасады, саналуан жаңашыл, жаңашылдық ұсыныстарын өндіріске енгізді, ғылыми–зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу арқылы елдің индустриялық қуатының артуына, ел экономикасының дамуына еңбек сіңірді. Осындай іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарының ірі нәтижелері әлемнің әйгілі ғұламалары бас қосқан дүниежүзілік ғылыми форумдарда жарқын жаңалық, жаңа жетістік ретінде бағаланды. Ғұлама ғалым осы салада жүзден астам ғылым докторлары мен кандидаттарының бірнеше буын легін тәрбиелеп, өсірді. Ғылыми мектебін қалыптастырды. Өзінің ғылыми мектебі негізінде Қазақстан Инженерлік академиясын құрып, оның әлеуетін еларалық мәні бар үлкен биікке көтерді. Жоғарғы Кеңесте депутат, одан соң Қазақстан Республикасының заң шығару билігін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы Парламентте Мәжіліс депутаты, Мәжіліс комитетінің басшысы бола жүріп Тәуелсіз Қазақстанның Заңнамасын жасап, қалыптастыруға, отандық ғылым мен білім жүйесін дамытудың заңдық негізін жетілдіруге, Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығып, қалыптасуы мен тұрақты дамуына үлкен үлес қосты.

Айтылған жайлар академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің мемлекет және қоғам қайраткері ретінде елге, елдегі қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм секілді Республика қызметінің түбегейлі принциптерінің салтанат құруына, елдің ғылымы мен білімінің дамуына, елдің мәдени-әлеуметтік әлеуетінің артуына сіңірген ересен еңбегінің сыртқы сипаттарының кейбір қырларын ғана көрсетеді. Олардың әрқайсысы ерен еңбекті, асқан ақыл-ой қуатын, теориялық ой қорытудағы жүйелілік пен тереңдікті, алғырлық пен тапқырлықты, басқару мен ұйымдастырудағы даралық пен даналықты талап етті.

Өмірбек Арысланұлы – қазақ елінің ақыл-ой қуатының, қоғамдық санасының, білімі мен ғылымының дамуына аса зор еңбек сіңірген алып тұлға, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.

Желтоқсан көтерілісі қарсаңында және одан кейін қалыптасқан саяси ахуал жағдайында Өмірбек Арысланұлы қуғын-сүргінге түскен мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатарында қатты қысым көрді. Бірінен кейін бірі, бірімен-бірі қабаттас келген 84 тексеру комиссиясы, ол комиссиялардың мүшелері Өмірбек Арысланұлының, университет ұжымының қызметінен қылмыстық істердің ізін іздеді, кейбіреуі қадалған жерінен қан алуға тырысты. Олар қазақстандық «қырағылардың» таққан айыптары мен жапқан жалаларында көрсетілген пікірлер мен мәліметтерді де мұқият тексерді. Университет ректоры, университет ұжымының мүшелері, оқытушы-профессорлардың бірқатары өз қызметтерінде халық мүддесіне, мемлекет мүддесіне қайшы ештеңе істемегендерін дәлелдеуге мәжбүр болды. Тексеруге келген комиссиялардың ешқайсысы университет ректорының қызметінен де, университет ұжымының қызметінен де қылмыстық құрамдастары бар ештеңе таппады. Бірақ мұндай қысымның, әділетсіздіктің, зорлық пен зомбылықтың салдары мен зардабы болмай қалған жоқ: біреудің жүйкесі жұқарды, біреудің өмірі қысқарды, біреудің тынысы тарылды, біреудің жүрегі жарылды.

-Желтоқсан көтерілісінен кейін Өмірбек Арысланұлының қуғынға ұшырауының себебі не еді? - деген сұрақ қойылуының реті бар. Бұл сұраққа мынадай бір ауыз сөзбен қысқаша жауап беруге болар:

-Өмірбек Арысланұлы қазақ елінің жоғары және жоғары білікті мамандар даярлау ісінің қарыштап дамуына, білімі мен ғылымының, ақыл-ой қуатының артуына, қоғамдық санасының кемелденуіне аса зор еңбек сіңірген алып тұлға еді.

Елдің жоғары және жоғары білікті мамандар даярлау ісінің қарыштап дамуы, білімі мен ғылымының, ақыл-ой қуатының артуы, қоғамдық санасының кемелденуі - адамзаттық мәні бар ұлттық, ұлттық-мемлекеттік құндылық. Желтоқсан көтерілісі - осы құндылықтың негізіндегі алып қуаттың қоршаған орта бұғауын бұзып шығуға бағытталған буырқануы мен бұрқануы. Бұл өз кезегінде отаршы орталықты төбесіне жай түскендей шошытты.

Қазақ елінің жоғары және жоғары білікті мамандар даярлау ісінің қарыштап дамуына, білімі мен ғылымының, ақыл-ой қуатының, қоғамдық санасының дамуына Өмірбек Арысланұлының аса зор еңбек сіңіргенін отаршы одақ жаулыққа санады, «ұлтшылдық» ретінде бағалады, Өмірбек Арысланұлы басқарған мемлекеттік университетті «ұлтшылдық ұясы» ретінде есептеді, солай санап, солай есептеуге, солай бағалауға мүдделі болды. Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болып сырттан келген «басшы», оған ілесе университет партия комитетінің хатшысы КазГУградтың атын өшіріп, университетті жабу туралы жар айтты.

Желтоқсаннан кейінгі жоғары саяси билік Өмірбек Арысланұлын қудалауға, қуғынға ұшыратуға, сүргінге салуға бар күшін жұмсады. Бұл шақта Өмірбек Арысланұлы университеттің қолданбалы механика кафедрасының меңгерушісі еді. Жоғары саяси билік Өмірбек Арысланұлын партия қатарынан шығару туралы мәселе көтерді. Университет партия комитетінің хатшысы ол мәселені шешуге жан салып кірісті. Оны қолдаушылар да табылмай қалған жоқ. Университет партия комитеті мүшелерінің көпшілігі Өмірбек Арысланұлын партиядан шығару туралы жоғарыдан түскен нұсқауды қабылдамады, қатаң сөгіс жариялаумен шектелу туралы қаулы шығарды. Жоғары саяси билік университет парткомының қаулысына қанағаттанбай, өзі қажет деп тапқан шешімін жасады.

Өмірбек Арысланұлы жылдан аса уақыт айқасып жүріп, өзін партия қатарынан шығару туралы жоғарыдан қабылданған шешімнің терістігін дәлелдеп, партияға мүшелігін қайта қалпына келтірді. Партиядан шығарылған кісілердің партбилеті сол сәтінде жойылуға тиіс болатын. Университет парткомының қызметкерлерінің бірі Өмірбек Арысланұлының партбилетін жасырын сақтап қойған екен. Өмекең қолына жаңа билет емес, өзінің бұрынғы билетін алғанда, қатты толқиды.

Өмірбек Арысланұлы өзін қудаламақ, қуғынға ұшыратпақ, сүргінге салмақ болған одақтық саяси биліктің жаласының ығына жығылмады, еменге біткен иір бұтақтай қыранға тұғыр болар тұрлаулы қалпынан жазбады, өзінің азаматтық құқығын, ар-ожданын, Қазақстан жоғары мектебі мен ғылымының абыройын қорғап қалды. Жақсының жағасынан алуға ұмтылған жаудың жығасы жығылды, балтырынан тістеуге ұмтылған ит жайына кетті.

Өмірбек Арысланұлының ақыл-ой қуаты, парасат патшалығы, қайтпас қайсар рухы алдында, дүниежүзінің ғылыми қауымы мойындаған еңбегі мен беделі алдында отаршы орталық пұшайман болып қалды. Өмірбек Арысланұлын елден шығаруға оның әлі келмеді, Өмірбек Арысланұлын қуғынға ұшыратуға, сүргінге салуға оның күші жетпеді.

Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков – қазақ халқының қаһарман перзенті.

Жанғара Дәдебаев,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры,

филология ғылымдарының докторы, профессор


Соңғы жаңалықтар