Қазақ халқы сүйікті Гер-ағасын ақтық сапарға шығарып салды (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ халқы сүйікті Гер-ағасын ақтық сапарға шығарып салды.

Бүгін Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қазақ тілінің жанашыры, ұлт мақтанышы Герольд Бельгерді бақилық шығарып салу рәсімі өтті.

Жазушымен қоштасуға Қазақстан жазушылары, қаламдастары, Қазақстандағы неміс елшілігінің өкілдері, ізбасарлары, Алматы жұртшылығы келді.

Қайғылы қазаға көңіл айта келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатын жеткізе кетті.

«Құрметті қауым, ұлт дәстүрін, тілін, дінін санасына сіңіріп өскен қазақтың біртуар ұлы Бельгер өзінің саналы ғұмырында туып-өскен жері Қазақстанға ерекше сүйспеншілікпен қарағанын бәріміз жақсы білеміз. Герольд Бельгер тек қана еліміздің тілі мен дәстүрін мадақтап өткен емес. Сонымен қатар, оның қаламгерлік, публицистік мұрасынан бөлек, қоғамдық белсенділігін де ерекше атап етуіміз керек. Гер-аға шығармашылығынан басқа Қазақстан Парламенті депутаты, Ұлттық кеңестің мүшесі, жоғары мемлекеттік наградалардың иегері болған. Әрине, Мемлекет басшысының Герольд Бельгер шығармашылығына деген ерекше құрметін жақсы білеміз. Ол кісінің қазасы туралы суық хабар келгесін, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің көңіл хатын жіберді. Соны оқуға рұқсат етіңіздер. «Герольд Карловичтің Қазақстанға деген шексіз сүйіспеншілікпен өрілген өмірі шынайы патриотизмнің үлгісі болып саналады. Оның шығармашылық мұрасы біздің мәдениетіміздің баға жетпес игілігіне, ал өмір жолындағы рухани ар-намыс қағидаттары әр кезеңнің ұрпақтарына жігер беретін бағыт-бағдарға айналды. Герольд Карловичтің еңбегі жоғары мемлекеттік марапаттармен атап өтілді, Президенттің Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының лауреаты болды. Оның жарқын бейнесі қазақстандықтардың жадында мәңгі сақталатын болады», - деді ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Мемлекет басшысының көңіл хатын жеткізе отырып.

Жиналған қауым жазушының әдебиет пен көркем сөз жанрындағы ерен еңбегін, алар үлесін, адами қасиеттерін тілге тиек етті.

Естеріңізге сала кетейік, жүрегі қазақ деп соққан қазақ публицистикасындағы құбылыс жазушы, аудармашы, әдебиеттанушы Герольд Бельгер 81 жасына қараған шағында көз жұмды. Жазушының денесі Кеңсай зиратына жерленді.

Соңғы жаңалықтар