Қазақ халқы мен армян ұлты арасында баршаны бауырына басып тұратын мамыражай мінезімен ұқсастық бар - Н.Магламян

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақ халқы мен армян ұлтының арасында көп ұқсастықтың бар. Әсіресе, екі ұлтта да қонақжайлық пен баршаны бауырына басып тұратын мамыражай мінез басым. Бұл туралы «Бари» армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары Норик Магламян айтты.

Біз этносаралық бірлік пен елімізде тұрып жатқан түрлі ұлттардың өзара татулығы туралы көп айтамыз. Алайда, кейде осынау ауқымды ұғымдардың қарапайым адамдар арасындағы достықтан басталатынын ескере бермейміз.

Елдің бірлігі аға мен інінің, көрші-қолаң, туған-туыстың арасындағы өзара ынтымақ пен ыстық ықыластан бастау алады. Бұл жерде бір ғана қарапайым қағида бар. Ол - адамдардың бір-біріне мейіріммен қарауы. Біздің басты кейіпкеріміз Норик Магламян осы тұжырымды өзінің өмірлік қағидасына айналдырған жан.

Ол сонау Кеңес үкіметі ыдырап, елді жұмыссыздық жайлаған тоқсаныншы жылдардың аяғында Арменияның Арарат ауданынан Қазақстанға қоныс аударған. Мұнда келгеннен кейін кәсіпкерлікті қолға алады. Бүгінде облыс орталығындағы «Ани» мейрамханасын ұстап отыр.

«Мен өз кәсібімнің аясы кеңейген сайын ел-жұрттың алдындағы жауапкершілігім артқандай сезінемін. Адамды адам ететін оның адамгершілік қасиеттері ғана. Бүгінгі нарықтық экономика жағдайында мемлекет барша халықтың тұрмысын тең етіп жасап бере алмайды. Алайда, елімізде ауқатты адамдар баршылық қой. Солар әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған бір отбасыны болсын, қанатының астына алса, елде кедейлік, теңсіздік деген ұғым бой көрсетпес деп ойлаймын», - деді ол.

Кәсіпкер міне, он шақты жыл қатарынан ақыл-ой бұзылушылықтары бар, психикалық дамуы кеш балаларға арналған №1 облыстық мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне көмек көрсетуді дағдыға айналдырған.

«Адамға ауа жұту мен ас ішу қандай қажет болса, маған қайырымдылық жасау сондай қажет. Кәсібім қай деңгейде жүрмесін, өмірдегі басты байлық - денсаулығынан айырылған балаларға көмек көрсетуді азаматтық парызым деп санаймын. Олардың кейбірін ата-аналары жарымжан болғандықтары үшін тастап кеткен. Бірақ бұл балалар өмірде бәрі қатыгездіктен тұрады деп емес, жақсылыққа сеніп өсулері керек», - дейді жаны жомарт демеуші. Бүгінде Норик Ашотұлы туған жері жырақта болса да, Қазақстанды өз Отаны санайтын армян ұлтының өкілдерінің басын біріктіріп отырған «Бари» армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары. 2005 жылы құрылған бұл бірлестік мүшелерінің саны қазір 100-ден асады. Олардың әр ұлттың өзінің тілі мен мәдениетін дамытуына мүмкіндік беріп отырған Мемлекет басшысына айтар алғыстары шексіз.

Айта кетейік, «Ани» мейрамханасы барлық ассамблея мүшелерінің жиі бас қосатын орындарының бірі. Олар мұнда бірлесіп барлық мерекені атап өтеді. Түрлі ұлттардың ұлттық тағамдарын әзірлеп, әндерін шырқап, билерін билейді. Осы орайда, өткен жылы мейрамхана аспаздарының Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен ұлттық ас мәзірлері байқауынан бір алтын, бір күміс медальмен оралғанын да айта кеткен жөн. Олар бірлестіктің, қаланың, облыстың ғана емес, ел намысын қорғап, қазақтың ұлттық дастархан мәзірін дайындау арқылы ең қатал деген қазылар алқасын тәнті еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар