Қазақ халқы ежелден дөңгелек тәрізді пішінге аса мән берген – қолөнерші

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жасы 80-ге таяған ине мен жіпті жанына серік еткен көкшетаулық зейнеткер Үкіжан Ементаеваның киіз бен матаға қиып жасаған кестелі бұйымдары еріксіз көздің жауын алып, таңдай қақтырады. Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі он саусағынан өнер тамған қөлөнердің хас шеберімен сұхбаттасқан болатын.

–Үкіжан апа, қолөнермен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?

– Мен өзім Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тумасымын. Қолөнерші болуды бала кезден армандадым. Жастайымнан қарандаш пен қағазды жаныма серік еттім. Тіпті, жұмысыман шаршап келгенімде сурет салып, бойыма күш қуат алатын едім. Бұл өнердің киесі. Зейнетке шыққанымда ұлым ермек қылсын деп майлы бояу мен кенеп сатып әперді. Бертін келе кесте тіге бастадым.

– Қолөнермен айналыса білу де биік талғампаздық пен талантты талап ететін дегдар өнер. Өзіңіз айтып өткендей, қолөнермен бала кезден айналысыпсыз. Оған не түрткі болды?

– Негізінен бұл өнер маған анамнан дарыды. Қылышынан қан тамған кеңестік дәуірде ұлттық өнерге өріс болмады. Алайда, анам қазақтың дәстүрін берік ұстанған адам еді. Үстіне оюлы қамзолын киіп, басына ақ шәйі орамалын тағып жүретін. Тоқсанға келгенше қолынан ине-жібі түспеді. Қыз бала міндетті түрде іс тіге білуі керек. Бүгінде заман күн сайын жаңарып алға озуда. Не ішемін, не киемін дейтін заман емес. Десек те, балаңа қолғап тоқып берсең, иә болмаса, қызыңа арнап көйлек пішіп берген қандай ғанибет! Ақшаны ысырап ете бермей, кілемше тоқып, қалған қиқым матадан құрақ көрпе тігіп ала алсаң қандай жақсы.

– Сіздің әр кестеңізді алып қарасақ та, үлкен философиялық мән жатыр. Тіпті, ұлттық ою-өрнектеріңіздің астарына үңілсек оймақтай ой жатқандығы шындық. Оның сыры неде?

– Иә, дұрыс айтасыз. Әр кестемнің өзінде алуан түрлі мағына бар. Оны көрген адам бірден ұғынады. Салт-дәстүрді берік ұстанған адам ретінде, өз ойымды оюмен жеткізгім келеді. Мәселен, «Шимай» деп аталатын ою-өрнегімде қызыл мен көк түстер, тынымсыз уақыт пен толассыз тіршілікті бейнелейді. Қазақ халқы ежелден дөңгелек тәрізді пішінге аса мән берген. Мәселен, киіз үйі де, шаңырағы да, дастарханы да шеңбер тәріздес. Яғни, бір-бірімен өзара байланысқан, үндескен, жалғаса жүретін ғұмыр тәрізді. «Анама хат», «Ұзатылған қыз», «Алтын адам...» тәрізді қолөнер туындыларымның атауында да біраз сыр жатыр. Әр туындымда өзіндік қолтаңбам бар. Тақырып өзегі де өмірдің нақ өзінен алынған.

– Қазіргі таңда қазақтың қолөнері үлкен сұранысқа ие кәсіптердің бірі. Осы ретте, киіз бен матаға қиып жасаған кестелі бұйымдарды қайда өткізесіз?

– Қошқар, сыңар мүйіз, қазтабан, құс қанаты тағы басқа ою өрнек түрлері айшықталған әдемі көрпешелерге халықтың сұранысы жыл өткен сайын артып келеді. Наурыз мейрамы сияқты ұлттық мерекелер мен түрлі көрмелерде ұсынамын. Мен қолөнерді табыстың көзі емес, атадан қалған мұра деп санаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар