Қазақ ғалымы құрастырған үш тілдегі химия сөздігі баспадан шықты - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Пашка Режепқызы «Моңғолияға еңбек сіңірген дәрігер» атағымен марапатталды - Kaznews

Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга жарлық шығарып, денсаулық саласында көптеген жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған дәрігерлер, медбикелер, медицина қызметкерлерін мемлекеттік жоғарғы атақ, орден, медальмен марапаттады.

Бұл туралы осы аптада моңғолиялық Kaznews ақпарат порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Моңғол Президентінің жарлығында: «Моңғолияның денсаулық саласында көптеген жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған бірқатар дәрігерге және Моңғолияда тіркелген инфекцияға қарсы күресте ерекше еңбегімен көзге түскен дәрігерлер мен медбикелерге «Моңғолияға еңбек сіңірген» атағы берілсін» делінген.

Бұл жолы Моңғолия Президентінің жарлығы бойынша 26 адамға «Еңбек сіңірген дәрігер» атағы берілген. Ұланбатыр қаласында орналасқан «Даңғыл» ауруханасының директоры, қандасымыз Пашка Режепқызы осы атақпен марапатталды.

«Пашка Режепқызы Баян Өлгей аймағының Бұлғын ауылында туған. 1978 жылы медицина университетін дәрігер мамандығымен тәмамдаған. 1997 жылы «Даңғыл» ауруханасының іргетасын қалап, үздіксіз медициналық қызмет көрсетіп келеді» деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Қазақ ғалымы құрастырған үш тілдегі химия сөздігі баспадан шықты - CNR

Биылғы жылы баспадан шыққан «Қытайша-қазақша-ағылшынша химия терминологиялық сөздігі» ғылым саласындағы бостықтың орнын толтырған, өте үлкен еңбек болды.

Осы сөздікті құрастырған автор Қизамеден Құрманұлы өмірден өткенімен, оның ғылым саласына қосқан үлесі, ұлы еңбегі жұрт жүрегінде мәңгі сақталады, деп хабарлайды қытайдың kazakcnr.com ақпарат порталы.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, аталған кітап Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан жарық көрген. Бұл кітапты дайындауға баспагер, ғалым тұп-тура 15 жыл уақыт жұмсаған.

«Қытайша-қазақша-ағылшынша химия терминологиялық сөздігі» деп аталатын кітапты дайындауға автор зейнетке шыққан соң кіріскен.

Айта кетейік, Қизамеден Құрманұлының негізгі қызметі - баспа ісі, редакторлық болған. Ол Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ұзақ жыл мектеп оқулықтарын редакциялап, баспадан шығарумен айналысқан.

Қизамеден Құрманұлы 1936 жылы Тарбағатай аймағы, Толы ауданында дүниеге келген. Бейжіңдегі Ауыл шаруашылығы университетінен «Өсімдіктер физологиясы және биохимия» деп аталатын мамандық бойынша оқыған (1964 жылы тәмамдаған).

Ол 1964-1973 жылға дейін «Шыңжаң халық» баспасында өзі оқыған сала бойынша оқулық аудару, редакциялаумен айналысқан. 1973-1996 жылдары «Шыңжаң оқу-ағарту» баспасында аудармашы, редактор, қазақ тілі редакция бөлімінде басышы болған.

Қ. Құрманұлы ұзақ жылдар бойы өте нәтижелі қызмет жасап,таңдаулы маман ретінде мемлекекет тарапынан көптеген марапат алған. Ол 1996 жылы зейнетке шыққан.

«Қизамеден Құрманұлы зейнетке шыққаннан кейін де, өз кәсібімен үйінде отырып ғылыми ізденіс жасайды. Ол қытайша-қазақша-ағылшынша үш тілдегі химия сөздігін 2000 жылдан 2015 жылға дейін тоқтамай 15 жыл жұмыс істеген. Осы 15 жылда ол күнді түнге жалғап, күніне он неше сағат жұмыс істеуді әдетке айналдырды. Қаншама материялдарды ақтарып, көз майын тауысып, 31 бөлімнен құралған үш тілдегі, 43 мыңнан астам термин енгізілген сөздік жасап шықты. Сөйтіп, ол ғылми зерттеу орнындағы қызметкерлерге, ақпарат, баспасөз саласының мамандары мен аудармашыларға, жоғары оқу орнындарындағы химия пәнін оқытатын оқытушылар мен оқушы студенттерге арналған сөздікті құрастырды. Аталған сөздік 2021 жылы қаңтар айында баспадан шыққан болатын» деп жазады қытайлық CNR.

Ол осы үлкен жұмысын бітіргеннен кейін бір жылдан соң 2016 жылы өмірден өтті. Қизамеден Құрманұлы қызмет еткен 40 жылда қазақ мектептеріне арналған 300-ден астам кітапты баспадан шығарған.

«Ол 40 жылдан астам уақытта бастауыш, орталау, орта мектептерде және ЖОО-на арналған педагогикада оқытылатын химия, биология, ботаника, зоология, ауыл-шаруашылық білімдері, жаратылыстану секілді пәндерден 300-ден астам кітапты баспадан шығарды.

Мұның ішінде «Іле халық» баспасы, «Шыңжаң жастар-өрендер» баспасы, «Ғылым-техника» баспасы, «Денсаулық сақтау» баспасы сияқты орындардан 52 кітабы жарық көрді» деп жазады қытайлық БАҚ.

Оның баспа саласы мен ғылым саласына сіңірген осыншама еңбегі елеусіз қалмады. Мемлекет және өлке дәрежелі көптеген сыйлықтарды алып, жоғары бағаға ие болды.

«Осы кітаптардың ішінен «Қытайша-қазақша сөздік» автономиялы өлке бойынша I дәрежелі таңдаулы табыс сыйлығына; «Қазақ емшілігі рецептері»(1990-1991-жылы) Батыс өңтүстік, батыс солтүстік өлкелері бойынша ғылым-техника кітаптарын бағалауда I дәрежелі сыйлығына; бастауыш мектеп оқулығы «Ханзу тілі» 1-4-шы бөлім(1992 жылы) батыс өлкелері бойынша білім, ғылымға арналған кітаптарды бағалаудың ерекше сыйлығын және тұңғыш кезекті Қытай ұлттық тілдегі кітаптарды бағалаудың I дәрежелі сыйлығына ие болды. Әсіресе, Қизамеден Құрманұлы үздік маман ретінде «Қытай баспагерлер сөздігіне», «Қытайлықтардың осы заманғы мәдениет томына», «Қытай аз ұлттар мамандары сөздігіне», «Қытай дарындылар ғасыры сөздігіне» еңбегі таныстырылып, есімі кірді» деп түйіндейді қытайлық БАҚ.

Қазақстан жерді шетелдіктерге сату және жалға беруге тыйым салды - TRT

Осы аптада Түркия радио телевизия порталы қазақстанға қатысты үш ақпарат жариялаған болатын. Атап айтар болсақ, «Елбасы Түркістанда болды», «Байқоңырды жалға беру 2050 жылға ұзартылды» және «Жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді» деген ақпараттар.

Соның ішіндегі түрік басылымы жариялаған «Жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді» деген жазбаны оқырмандарға бөлісе кеткенді жөн санадық.

«Қазақстанда шетелдіктерге жерді сату және жалға беруге тыйым салынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш тыйымды салатын заңға қол қойды» деп бастайды TRT ақпарат порталы.

«Аталған заң бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, қандастарға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады. Қазақстан Ауылшаруашылығы министрлігінің есебіне қарағанда қазір елде 93 мың гектар жерді шетелдіктер жалға алып отыр» деп жазды Түркия радио телевизия порталы.

Айта кетейік, «Қазақстан ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге майлауға, сатуға тиым салды» деген тақырыппен осы аптада Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпарат порталы да хабарлаған болатын.

Құран Кәрімнің алтынмен әрленген әлемдегі ең үлкен қолжазбасы жасалды - ӨзА

Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығы әлемдегі ең үлкен Құран Кәрімнің қолжазбасын қолмен көшіруді аяқтады. Оны орталықтың қызметкері және Ташкент Ислам институтының түлегі Наджмиддин Файози Нуриддин оглы 6 айда жазып біткен, деп хабарлайды ӨзА мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, бұл туралы орталық директоры Шоазим Мунавваров өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған.

Бұл қолжазба Байсунгур Мирзо әкесі сұлтан Шахрух Мирзоға арнайы көшірген Құран бетінің үлкейтілген көшірмесі екен.

Оған арналған қағаз Жапониядан, ал бояулары Түркиядан алдырылып, қағаз беті өзбек алтынымен әрленген. Осынау қасиетті қолжазба Ислам өркениеті орталығындағы Осман Құранына арналған бөлмеден орын алған.

«Қазіргі уақытта Ислам өркениеті орталығы Құран Кәрімнің әлемдегі ең үлкен қолжазбасын Гиннестің рекордтар кітабына енгізу жөнінде келіссөз жүргізуде» деп мәлімдейді өзбекстандық БАҚ.

Қазақстан мұнай өнімдерінің экспортына тыйым салды - Parstoday

Қазақстанның Энергетика министрлігі елден бензин, дизель отыны мен кейбір мұнай өнімдерінің экспортына тыйым салатын шешім қабылдады.

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлады.

Ирандық БАҚ-тың хабарлауынша, бұл шешім бойынша Қазақстаннан бензин, дизель және басқа мұнай өнімдерін құрлық жолдары арқылы жарты жылға экспорттауға тыйым салынды.

«Қазақстанның Энергетика министрлігі мұндай шешім қабылдауының мақсаты - елдің ішкі нарығында мұнай өнімдерінің тапшылығының алдын алу деп түсіндірді» деп жазды Parstoday.


Соңғы жаңалықтар