Қазақ ертегісі желісімен салынған комикс Америка нарығында сатылып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ермек батыр туралы қазақ комиксі Америка нарығына шықты. Қазақ ертегілерінің желісіне құрылған комикс әлемдік интернет дүкені Amazon - ComiXology алаңында сатылып жатыр.  Заманауи дизайнмен, тың сюжетпен жасалған туындыға  неге Қазақстанда  сұраныс болмады? Осы және өзге де сұрақтар туралы Қазақ комикс индустриясында алғашқы жол салып келе жатқан кәсіпкерлер, Ermek batyr жобасының авторлары Мәдибек Мұсабеков пен Бекзат Мырзахметовтен сұрап білдік.

Қолында азын-аулақ ақшасы барлар мультфильм, кино түсіруге тырысып жатады. Сіздер неге комикс жанрын таңдадыңыздар? Жалпы бұл туралы идея қалай туындады?

Мәдибек: Бала кезімнен комиксті жақсы көрем. Ермек батырды 2011 жылдан салып келемін. Осы хоббиім 2016 жылдан бастап жұмысқа айналды. Басында сюжеті қарапайым болатын. Кейін қызықты кейіпкерлер қосылды, детальдар пайда болды. Сіз айтқандай, мультипликация, кино түсіру ойда бар. Бірақ, қазір бізге капиталды аз кажет ететін сала маңызды болып тұр.

Ертегі жанры қандай?

Мәдибек: Ermek batyr тарихи-фантастикалық жанрдағы ертегі, ішінде ғажайып мотивтер де бар. Негізінен 15 ғасырдағы Қазақ хандығы қалыптасқан кез суреттеледі. Сюжет желісінде көп қазақ ертегілері, аңыздары жатыр. Осы ертегілерге заманауи  жаңа тыныс бердік.

Бұл комиксты қайдан сатып алуға болады?

Әзірге ағылшын тіліндегі нұсқасы сатылымда. 1 сериясының құны 1,99 $.  Айына 1 сериядан жариялап тұрамыз. Қазір бізде 1 жылға материал дайын.

Неге АҚШ нарығына шығып жатсыздар ? Amazon - ComiXology алаңы сіздерге қандай мүмкіндік береді?

Мәдибек: Amazon - ComiXology үлкен аудиториясы бар халықаралық комикс интернет дүкені. Қазір сатып алған қарапайым адамдардың да, сыншылардың да рецензиялары жақсы. Бұл дүкенге шығу үшін сурет сапасы, сюжет жағынан арнайы талаптарға сай болу керек. Онда біздің жұмысымыз 3 айдай тексеруде жатты. 24 қаңтарда ғана сатылымға шыға бастады. Сонымен қатар, 2016 жылы біздің комикс Ресейлік ірі баспа жүргізген сауалнамада онлайн дауыс беру бойынша ТМД елдері ішіндегі ең үздік комикс ретінде үздік үштікке енді.

Қазақстан нарығы алғашқы қазақша комиксті қалай қабылдады? Өз оқырмандарыңызды таба алдыңыздар ма?

Бекзат: Қазақстан нарығында шығарып көрдік.  Salben Comics баспасында екі кітабымыз шықты. Бірақ, пікірлер жақсы болғанмен, сатылым төмен болды. Өз қаржымыздан 3,5 млн теңге салдық. Оған құрал-жабдық, жұмысқа арналған дизайнерлік кітаптар сатып алдық. Сонымен қатар суретші, аудармашы, дизайнер верстальщиктің жұмысы бар. Оның бәріне қомақты қаржы керек. Идея, амбиция көп. Қазақстанда стереотип қалыптасқан. Бұл - бала-шағаның ермегі деген сияқты. Бірақ, түбін көре білген адамға бұл салада табыс көп.

null 

Мәдибек: Біз қазір инвестор іздеп жатырмыз. Біздің идеяларымыздың бірі қазақ ертегілері кейіпкерлерінің ғаламын жасау. Сол персонаждарымыз арқылы кино, мультфильм, виртуалды ойын  жобаларына шыққымыз келеді. Сосын неге Ермек батыр Қазақстанда сатылмады деп сұрап отырсыз. Сата алмадық. Себебі, арнайы дүкендер жоқ.  Кітап дүкендеріне қойып көрдік. Бірақ олар комикс онша сатқысы келмейді. Қазір кітап дүкендері тек шетел әдебиетін сатып күн көріп отыр.

АҚШ үшін комикс таңсық емес. Сіздердің жұмыстарыңыз оларды несімен баурауы тиіс?

Мәдибек: АҚШ комикс нарығында қазір жаңа тақырыптарға тапшылық бар. Олар үшін қазақ мәдениеті таңсық болары рас. Мәселен, жапондарда ниндзя, самурайлар бар. Бізде батыр, билер бар. Тарихтағы неше түрлі жорықтар, кезінде жарты әлемді билеген Шыңғыс ханның өзі неге тұрады? Қытайларда дракон (аждаһа) бар. Бізде де өзіміздің айдаһарымыз бар. Яғни, қазақ мәдениетін ең танымал формат - комикс түрінде шетелде танытуға болады.

БекзатМәдениет - экономиканың дамуына түрткі болатын қозғаушы күш. Қазір біздің Қазақстанға инвестиция керек. Қазақстанды ешкім білмесе, танымаса, оған инвестиция қайдан келеді? Әрі ақшаны тек өнеркәсіпке ғана емес, мәдениет саласына да тартуға болады. Мәселен, бір ғана шетелдік студия кино түсірем десе, қаншама жұмыс орны ашылар еді. Біз комикстерімізде туған жеріміздің ең әдемі пейзаждарын көрсетуге тырыстық. Орта ғасырдағы ескі қалалар да бар. Мұның бәрі туристерді тартуға септігін тигізеді. Мәселен Властелин колец Жаңа Зеландияда түсірілді. Қазір ол жерді барып көргісі келетіндердің саны өте көп. Мәселен, комикс отаны АҚШ-ты айтпағанның өзінде, Жапония  комикс (manga) салаcы бiр жылда 242,8 миллиард Иен (2,03 миллиард доллар) табыс табады.

Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

Бекзат: Болашақта қазақты әлемге танытатын кейіпкерлер ғаламын жасау ойда бар. Сол кейіпкерлеріміз арқылы кино, виртуалды ойын, анимациялық фильм түсірсек деген арман бар.  Ермек батырдан бөлек, сақ ханшайымы Тұмар ханым туралы, Алтын адам комикстер сериясын жазуды бастаймыз.

null 

Әңгімелеріңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар