«Қазақ ертегілері мультфильмге сұранып тұр» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 2 қараша, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінде «Әлемнің 20 елінде жетістікке жеткен» деген мақала берілді. Кеше Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай «Елбасы жолы» киноэпопеясының «Тығырықтан жол тапқан» атты төртінші бөлімінің тұсаукесері болып өтті. Аталған басқосуға Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедьяров, фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашев, «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев және фильмге түскен ресейлік әртіс Александр Рапопорт пен қазақстандық актер Нұрлан Әлімжан қатысты.

Ғалым Ахмедьяров, Мәдениет және спорт вице-министрі:

- Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» кино­студиясының биылғы жылғы үлкен жетістігі - «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші бөлімін түсіріп, аяқтау болды. «Тығырықтан жол тапқан» деген атаумен көрерменге ұсынылып отырған фильмнің тұсаукесері Тұңғыш Президент күніне орайлас өтіп отыр. Біз бұл фильмді көрерменге асқан мақтанышпен көрсете алатын деңгейдеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен жарқын болмысы көпке үлгі, көрнекті тұлғалар тарихты жасайтынын ескерсек, тарих болар тұлғаны фильмге арқау еттік.

Қазіргі таңда кез келген өнер аясында, айталық әдебиетте, музыкада, көркемсурет өнерінде, кинематографияда болсын, Елбасының бітім-болмысын шығармашылық өнерде нақты әрі лайықты көрсете білу үшін терең зерттеу қажет. Сол себепті «Қазақфильм» киностудиясында туындаған «Елбасы жолы» деген бірегей, тың дүниелерге толы ұлттық киножоба осы міндеттерді өз деңгейінде лайықты алып шықты деп есептеймін.

Бас басылымда «Тұғыры биік Тұрсынбаева» деген мақала басылды. Мәнерлеп сырғанаудан Германияның Дортмунд қаласында өткен NRW Trophy-2014» турнирінде қызылордалық Элизабет Тұрсынбаева чемпион атанды.

Жасөспірімдер арасында өткен жарыста әлемнің түкпір-түкпірінен келген елуге жуық мәнерлеп сырғанаушы бес күн бойы өз шеберліктерін паш етті. 14 жасар қызылордалық спортшы алғашқы күні қысқа бағдарламада 58,72 ұпай жинап, топ бастаса, еркін бағдарламада да Элизабетке жетер ешкім болмады. Отандасымыз бұл сында 117,4 ұпаймен өзінің мықты екенін тағы да дәлелдеді.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Қазақ ертегілері мультфильмге сұранып тұр» атты мақала жарияланды. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қазақ тілінде түсірілетін мультфильмдерге көңіл бөлініп келеді. Бұл орайда мультфильм саласы тәуелсіздік алған жылдардан бастап қарқынды дамыды деп айта алмаймыз. Себебі мультфильмдер тұрмақ, қазақ киносы да біраз жылдар бойы кенжелеп қалғаны жасырын емес. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруымен бірге рухани, мәдени, соның ішінде кино, театр, музыка, көркем өнер салаларына да көңіл бөліне бастағаны анық.

«Сол себепті біздің ашылмай жатқан қазынамыз іспетті болып отырған ауыз әдебиетіміз, ертегілеріміз, ондағы кейіпкерлердің барлығы бір-бір мультфильм кейіпкерлеріне сұранып тұр. Осы күнге дейін Алдаркөсе, Тазша бала бейнелері мультфильмде азды-көпті сомдалып жатса да, сол бір ертегілерімізде әлі де қамтылмай қалып жатқан көптеген кейіпкерлер бар. Ендеше, мұндай үдерісті нәтиже берерліктей жолға қоя білсек жеткілікті болар деп ойлаймын. Өйткені қазақ ертегілері мультфильмге сұранып тұр»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Астана ақшамы» газетінің бүгінгі санында «Елбасы бас шырша шамын жақты» деген мақала берілген. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры алдында орнатылған еліміздегі бас шыршаның шамдарын жағып, бүкіл қазақстандықтарды желтоқсандағы мерекелерімен құттықтады. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының алаңында құрылған еліміздің биылғы бас шыршасына «Бақыт құсы» атауы беріліп отыр. Шыршаның биіктігі - 25, ал диаметрі 16 метрді құрайды. Оны жасандыру үшін 7650 метрлік безендіру заттары, 2020 ойыншық, 4000-нан аса түрлі-түсті шамдар және өзге де әшекейлер қолданылған. Жалпы, биыл Астана қаласында 19 шырша тігіліп, оларды құруға шағын және орта бизнес субъектілері тартылып отыр.

Соңғы жаңалықтар