Қазақ емлесі: Мекен-жай ма, мекенжай ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова «Мекенжай сөзін дефиспен жазу керек пе?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Зат пен құбылысты атайтын күрделі сөздер орфографияда үш түрлі таңбамен беріледі: бөлек жазу, дефиспен жазу және бірге жазу. Бөлек жазу – сөйлемде сөз мағынасының дербестігін білдіретін, тіркесте сыңардың тура мағынада тұрғанын білдіретін орфографиялық таңба. Дефис/қосарлық – күрделі сөз сыңарларының теңдігін және жақындығын білдіреді және бірге жазылудың алдындағы процесті білдіретін сыңарларды қосушы орфографиялық таңба. Ал бірге жазу – көрші сыңарымен бірігіп қана толық мағынаға ие болатын, сөзжасам процесін бекітетін орфографиялық таңба», - дейді филолог.

Сонымен, бірге, бөлек, дефиспен таңбалану – сөз мағынасындағы үдерістерді - мағыналық жылжу, ауысу, жалпылану, тарылу сияқты өте баяу процестерді таңбаламай тұра алмайтын емледегі жазу тұрпаты, дыбыстық емес графикалық белгі.

«Біріккен сөздер – сөзжасамның бір тәсілі. Қазақ тіліндегі біріккен сөздер табиғи жолмен бірігеді және жасанды жолмен біріктіріледі. Табиғи жолмен бірігетіндер сөзжасамдық айналымда үнемі қозғалыста болады. Мысалы: қолдың сыртынан киетін қабы<қолға киетін қабы<қолдың қабы<қолқабы<қолқап<қолғап сияқты процестерден «жылдап өткен» біріккен сөздер қазақ тілінде баршылық. Сондықтан қазақ тілінде бірге немесе бөлек және дефис арқылы жазылатын сөздердің арасында бірінің шекарасынан өтіп екіншісіне айналып жататын процестер тоқтамайды. Емле сөздігі оны кейде тіркеп үлгереді, кейде тіркелмейді, бірақ жазу тәжірибесінде нормаға айналып отырады», - деп түсіндірді маман.

Қазақ тілінде бірнеше күрделі атаудың құрамында қайталанып, мағыналық дамуға түсуі, сөйтіп біріккен сөз жасаудың бір жолына айналған сыңарлар бар. Олар негізінен соңғы сыңар болып келеді. Және алдыңғы сыңармен біріккенде ғана зат не ұғым атауы болады. Ондай сыңарлар мыналар: аралық, ара, ішілік, құмар, жанды, тану, таным, жай, хат, ақы, қап, бау, той және т.б.

«Көпшілік «Мекенжай сөзін дефиспен жазамыз ба әлде бөлек жазамыз ба?» деп сұрайды. Қазіргі қазақ емлесінде жай сөзі тек мекенжайда емес, қонақжай, еружай тіркесінен бастап, егінжай, орынжай, жағажай, саяжай, әуежай, жылыжай, кемежай, қонысжай (мекенжай, орын), панажай (уақытша баспана), тұрақжай сөздерінде бірге жазылады. Бұл сөз қазақтың дәстүрлі сөз саптамында «белгілі бір мекен, орын, тұрақ» және «үй, ғимарат» мағынасында жұмсалды және жұмсалып келеді. Мысалы, «Ауылдың арғы шетінде едәуір оқшау тұрған жатаған жалғызбасты Дүрия кемпірдің жайы» (Ә.Тарази, «Құйрықты жұлдыз») дегенде үй, қора-қопсы, болса, бау-бақшасымен қоса атағаны. Бұл қолданыс жалпы мағынада жұмсала келе, алдынан анықтауышты талап ете бастады. Бұлардың алғашқысы мекен сөзі болды. Бірақ жай мен мекен сөзі синонимдес болғандықтан қосарлама қос сөз түрінде 70-жылдардың ортасынан бері дефис арқылы жазылып келді (мекен-жай). Бірақ соңғы сыңар көмекші мағынаға көше бастады. Сөйтіп, мекен-жай сөзі 2000 жылдардың басынан біресе дефиспен, біресе бірге жазыла келе, емле сөздігінде бірге жазылуы заңдастырылды», - дейді Қ. Күдеринова.

Бұл сөздің жалпы мағынадан көмекші мағынаға, сөз жасайтын қызметке көшуі тек мекен-жай сөзінде емес, қонақжай, еружай, егінжай сөздерінен де көрінген еді. Мысалы, Хұжра шәкірт жатқан жүз елу бар, Үшбулары және басқа қонақ жайдан. Айтуға зейінімнің хатта жетпес, Көргендер бейнесіне қалар қайран (Әбубәкір Кердері, «Қазағым») дегенде немесе Бізді үлкен мөлдір көл жағасына салынған аппақ тас сарайға, салтанатты қонақжайға әкеп түсірді (Мұхтар Әуезов, «Индия очерктері»). Шоқандар да осы көшемен жүріп қонақ сарайға жетті. Оларды «Әндіжан» деп атайтын қонақжайға түсірді (Сапарғали Бегалин, «Шоқан асулары») деген қолданыстарда қонақжай сөзі қазақ тұрмысындағы «түпкі үй, төр үй, қонақтар отыратын бөлмені» және қазіргі «қонақүйді» атап отыр. Сондықтан еш күмәнсіз бірге жазылды. Сол сияқты еружай да көшпелі қазақ тұрмысына тән баспана, «ұзақ жолда келе жатқан көштің аялдаған жеріне тіккен тұрағы, баспанасы», бірге жазылмаса түсініксіз болатын еді.

«Жай сөзінің адамның тұрағы ғана емес, кез келген тұрмыстық орынды беруі егінжай сөзінен көрінеді. Отырықшыланған қазақ тұрмысында «Егін егілген жер, егістікті» егінжай деп атаған. Мысалы: Мен ұшақ көлеңкесінің егінжай үстінен қалықтап келе жатқанын көріп отырмын (Ә. Әлімжанов, «Махамбеттің жебесі»). Көкжиектен арайлап атқан таңның самал желі кең алқапты аймалап, егінжай сары алтындай толқиды (Ә. Нұрмағамбетов, Шығармалар). Ол арада егінжай, аққан бұлақ, мол шабындық бар (Ш. Айманов, «Қыран туралы хикая»). Белдерден аса бергенде, біресе егінжай, біресе табын-табын мал, біресе көрікті село алдыңнан шығады (С. Хайдаров, «Азамат келбеті»). Мұнда да жай сөзі жалпы, көмекші мағынада тұр. Сөйтіп, тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қазақ сөзінде жиі қолданылатын адрес, пляж, теплица, аэропорт, дача, стоянка сияқты орыс сөздерін қазақша атағанда сөзжасамның осы үлгісіне салып, мекенжай, орынжай, жағажай, саяжай, әуежай, жылыжай, кемежай, қонысжай, панажай тұрақжай деп бірге жазылған жаңа сөздер жасалды және олар белсенді қолданылып жүр. Және жаңа қазақ емлесі бойынша аталған сөздердің барлығы бірге жазылады», - деді Құралай Күдеринова.


Соңғы жаңалықтар