Қазақ елінде тұратынымызды ұмытпайық – Мәслихат сессиясын қазақша өткізуді ұсынған депутат Надежда Шушаникова

None
Фото: депутаттың жеке архивінен
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Надежда Шушаникова мәслихат сессиясын қазақ тілінде өткізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше Өскеменде VIII сайланған қала мәслихатының алғашқы сессия отырысы өткен болатын.

Сонда бір мандатты №11 сайлау округі бойынша сайланған депутат Надежда Шушаникованың жасаған ұсынысы әлеуметтік желіге тарап, дүйім жұрттың көңілін сүйсінткен.

Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі №36 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Надежда Шушаникованы әңгімеге тартып көрген еді.

«Өзім Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тумасымын. Ес білгелі қазақша сөйлеп келемін. Мұғалім деген халықпен тығыз жұмыс істейтін адам ғой. Сондықтан жұртты толғандырған мәселелерді, қоғамдағы өзекті тақырыптарды жақсы білемін. Сол үшін депутаттыққа түсіп көруге бел шештім. Өскемендіктердің қолдауының арқасында міне, депутат та атандым», - дейді ол.

Бұдан бөлек, ол қаладағы О. Бөкей атындағы кітапханада «Кел, сөйлесейік» атты қазақ тілді клубында сабақ береді.

Осылайша, оқушылардан бөлек ересектерге де мемлекеттік тілді меңгеруге көмектесуде.

«Мәслихат депутаттарының алғашқы отырысында келесі сессияны қазақ тілінде өткізуге ұсыныс жасадым. Себебі біз қазақ елінде тұратынымызды, мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігін ұмытпауымыз керек. Мемлекеттік мекемелердегі жиналыстар, шаралар тек қазақша өтуі тиіс. Өкінішке қарай, кейбір шенеуніктер қазақ тілінде екі сөздің басын қоса алмай жатады. Бұл ұят қой!», - дейді Надежда Шушаникова.


Соңғы жаңалықтар