Қазақ елі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Монғолиядағы қандастардың 40 пайызға жуығын көшіріп алды - Қуандық Шамахайұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекетімізді берік тұғырына қондырған тәуелсіздіктің 25 жылдық кезеңі, шежірелі ел тарихының маңызды бөлшегі болғаны даусыз. Сол қатарда жас мемлекеттің тамырына қан жүгірткен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бастау алған, ел мен елді қауыштырған қазақ көшінің де алар орны ерекше.

Сол көштің алғашқы легінде елге оралған, бүгінгі күні отанына өзінің қарым-қабілетімен еңбегін сіңіріп, қазақ журналистикасын терең зерттеп жүрген белгілі ғалым Қуандық Шамахайұлын әңгімеге тартқан едік.

- Биылғы жылы Қазақ елі тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеп жатыр. Осы жылдары отанына оралған қандастарымыз жас мемлекеттің орнықты дамуына қаншалықты үлес қосты?

- Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің тарихи Отанына көшу үрдісі еліміз тәуелсіздігін жариялаудан бұрын басталғанын ерекше атап айтқан дұрыс. Бұл үдеріс күні кеше ғана болып өткен оқиға болғанымен біртіндеп тарихқа айнала бастады. Олай болса, тарих шынайы айтылып, жазылуы керек.

Ал, біз көші-қонды тәуелсіздік жариялағаннан кейін ғана  басталғандай  сөз етеміз. Әрине, тәуелсіздік жылдарында көші-қон саясаты қалыптасып, арнайы заң қабылданғаны баршамызға мәлім. Алайда, көші-қонның басталуы одан бұрынырақ болғанын тағы да қайталап айтқым келеді. Қайта құру дәуірі кең өріс алған 1990 жылы Монғолия қазақтарының алғашқы көші Қазақстанға келіп үлгерген. Бұл Кеңес өкіметі әлі құлай қоймаған кезі болатын. Ең алғашқы лек - Семей қаласының ет комбинатына жұмысшы болып келген бір топ қазақ жастары еді. Көштің тұңғыш  қарлығаштары да солар. 

1989 жылы Кеңес елінің Ленинград қаласына монғол құрылысшылары еңбек шарты бойынша жұмысқа шақырылған. Бірқатар жұрт барды да. Алайда, олардың арасында қазақтар болмады. 80-жылдардың соңында Баян-Өлгий аймағының құрылыс тресі өз конторын Таулы Алтай өлкесінің Қош-Ағаш ауданына көшіріп алды да онда «Жаңа ауыл» деген елді мекен тұрғызды.

Дәл осы оқиғалар Монғолиядағы қазақтарға ой салды. Әсіресе, Ұланбатыр маңындағы ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін қазақ диаспорасы өкілдері жоғарыдағыдай еңбек шартымен Қазақ жеріне жетіп алудың жолын тапты. Кеңес Одағының басшылары Қазақстанға  жұмыс күші ретінде тек малшылар керек дегенді алға тартса да, ірі кәсіпорында еңбек ететін қазақ инженер, техниктер, кәсіби жұмысшылар көбінесе қаланы мекен еткен қазақ отбасылары келісімшарт жасасып бақты.

Осылайша, көштің алғашқы легі кеңес өкіметі құламай тұрып, елге жетіп алғаны шын тарих. 1991 жылы күзде кеңес елінің іргесі сөгіле бастаған сол тұста Қазақ ССР-ін басқарған ұлтын сүйер көптеген басшы, зиялы  азаматтар  қыруар қаржыны қандас бауырлары үшін аямай шашып, темір жол тасымалын, әуе рейстері және автотранспорт көліктерін де тиімді пайдаланып, Монғолиядағы қазақтардың 40 пайызға жуығын көшіріп алды. Бұл үрдіс 1992, 1993 жылдары тіпті қарқын алып, нағыз ұлы көшке айналды. Осы тұсты Қытайдағы қандастарымыз да оңтайлы пайдаланып біраз бөлігі келіп үлгерді.

Бұл енді, расында, тәуелсіздіктің буы еді. Бәрімізде ата жұртқа деген шынайы сенім туды. 1993 жылы Монғолияда ұсынылған жоғары лауазымдық қызметке пысқырып та қарамастан өз басым елге келген жайым бар.

Әрине, бұл көш Қазақстанға көп игілік әкелді. Ең бастысы, осындағы өзге ұлт диаспорасына ой салды. «Ақыр заман болғанда әркім өз жақынын табады» демекші, олар да тарихи отандарын іздей бастады. Біраз бөлігі кетіп те үлгерді. Ірі қалаларда өзге ұлт өкілдерінен қалған тұрғын үйлер мен пәтерлер қазақтың өз еншісіне тиді. Нәтижесінде, қалалар қазақыланды, өз жерімізде басымдыққа ие болдық. Бұрын қоғамдық орындарда қазақша сөйлегенді естісе, қарғанып айғайға басатын озбыр шовинистер айылын жиды. Отарлықтың бұғауынан босаудың алғышартының өзі осы болатын. Жас мемлекеттің орнықты дамуына оң ықпал еткен ең басты әрі қомақты үлестің өзі осы емес пе?

Қоғамның ең басты байлығы да, капиталы да - адам. Оның өзінде өзге жерде білім алған, тұлға ретінде жан-жақты қалыптасқан зиялы қауым өкілдерінің ата мекеніне оралуы Қазақстан үшін баға жетпес байлық болды. Ұлы көштің елге тигізген пайдасы ұшан теңіз. Оны бір ауыз сөзбен жеткізіп айта алмайсың, ұзақ әңгіме.

- Соңғы жылдары көштің қарқыны неге саябырлап қалды?

- Көші-қон ісі заңмен реттеліп, оған квота енгізілген кезден бастап бұл үрдіс саябырси бастады. Оған ықпал еткен фактордың бірі - сыбайлас жемқорлық десек артық айтқандық емес. Тоқсаныншы жылдардың бастапқы үш жылында көшіп келген ағайынның саны миллионға жетсе де айтарлықтай проблема туындаған жоқ. Көшіп келген қандастардың барлық әлеуметтік мәселелерін жергілікті басқару орындары мен іскер, адал басшылар дер кезінде шешіп беріп отырды.

Қалай құзіретті органдар құрылып, мемлекеттен қаржы бөлінді, солай көші-қон да саябырсыды. Түрлі бюрократиялық кедергілер, қағазбастылық, парақорлық әрекеттер көрініс тауып, оралмандарды әуре-сарсаңға салды. Бұрын үкімет кабинетінің бір ғана қаулысымен реттеліп келген көп түйткіл енді заңмен де шешілмей асқынып кетті. Ал, көші-қонның қазіргі жағдайынан өз басым айтарлықтай ақпаратым жоқ. Сондықтан, бұл жөнінде бірдеңе деуім артық болар. 

- Қандастарымыздың қоныстануына арнайы өңірлерді белгілеп беру дұрыс па?

 - Әлем халықтарының жалпыға ортақ декларациясы деп аталатын бір маңызды құжат бар. Сонда, әр адам баласы өзінің тұратын елін, жерін еркін таңдауға құқығы барын ерекше атап көрсеткен. Олай болса, бұрын мекендеген жерін тастап, тарихи Отанына оралған қазақ неге өзі қалаған жеріне орналаса алмайды?

Адамға тұратын жерін ресми түрде белгілеп беру деген әлемдегі көптеген елдердің қылмыстық кодекстерінде ғана бар дүние ғой. Олай болса, тәуелсіз елдің азаматы болуға өз еркімен көшіп келген қандастарымызға неге ондай талап қоямыз? Олай болса, көшіп келемін дегендер келсін. Оған еш шектеу болмағаны дұрыс. Керек десеңіз, тіпті, оған квота белгілеп үкіметтен жәрдемақы да бермей-ақ қойсын. Сол азын-аулық тиын-тебен оған өмірлік азық болмайды ғой. Сондықтан, елге келетіндер өзіне сенімді болып, үкіметке де алақан жаймай, өз күшімен күн көретін, қалаған жерін таңдап тұратын болғаны абзал. Бұл менің субъективтік болса да, жеке пікірім.   Ал, үкіметтің ынталандыру тетіктерін пайдаланғысы келетін, қажет деп санайтын қандастарымыз болса, олар да қазақ жерінің қай түкпірін болсын  жатсынбағаны жөн.

- Енді өзіңіздің күнделікті айналысып жүрген салаңызға қарай ойыссақ. Сіздің ғылыми-зерттеу еңбектеріңізде журналистика ғылымының қандай бағыттарына басымдық берілді?

- Теориялық мәселелерге ден қойып келемін. Журналистика саласындағы сөз бостандығы - іргелі категориялардың ең маңыздысы. Бұл туралы көлемді монография жазып, 2008 жылы «Азат ойдың айнасы» деген атпен жарыққа шығарған едім. Сонымен қатар халықаралық журналистика мәселелерін де жіті зерттеп бірнеше оқулық жарыққа шығарғанмын. Оның бәрі бүгінгі таңда қолданыста жүр.

Тек биылғы жылдың өзінде «Телевизия журналистикасы: Теория және практика», «Әлем журналистикасының тарихы», «Журналистикадағы сөз бостандығы» атты монография және оқулығым Алматыда ірі таралыммен жарыққа шықты. Сонымен бірге әлеуметтік медиа, ақпараттық қауіпсіздік, қоғамдық телевизия, журналистік жоғары білім берудің өзекті мәселелері секілді қазіргі таңдағы проблемаларды қаузаған бірнеше зерттеу еңбектерім мерзімді басылымдар мен ғылыми жинақтарда жарық көрді. Фэйсбук желісінде «Теориялық журнализм» атты ашық парақша ашып,  бейнедәрістер, мәтіндік талдаулар арқылы журналистерге мағлұматтар ұсынып, талқылап келеміз. Мұның бәрі ғылыми ізденістердің нәтижесін айналымға енгізуге, сараптамалық тұжырымдар жасауға пайдасын тигізіп жатыр.

Бүгінгі күні «Ақпараттық мәтіндегі лид түрлері» атты монография мен «Журналистиканың түсіндірме сөздігі» атты көлемді еңбекті қолға алып жатқан жайым бар.

- Қазақтілді сараптамалық тұрғыда жазылған мақалаларға берер бағаңыз қандай?

- Сараптамалық сапалы мақалалар жариялау жағынан соңғы жылдары «Ақиқат» журналы алға шықты. Журналдың бас редакторы болып атақты публицист Аманхан Әлімұлының тағайындалуы оның бет-бейнесін күрт өзгертіп, салмағын арттырды. «Жас Алаш», «Қазақия», «Ашық алаң» секілді газеттер  қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сараптама жасаудан біршама алға шығып кетті. Оны тұрақты оқитын зиялы қауым өкілдері әрдайым жоғары бағалайды.

Сараптамалық мақала жазып жариялатумен кәсіби журналистер ғана емес, өзге саланың мамандары да ұдайы айналысып, оқырмандардың назарын аударып үлгерді.  Экономист ғалымдар Орақ Әлиев, Жангелді Шымшықов, философ Әбдірашит Бәкір, Қанағат Жүкешев, Аманкелді Айталы, саясаттанушы Дос Көшім, Расул Жұмалы, Ерлан Сайыров секілді көптеген авторлар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық ойдың бағдаршысына айналып үлгерді. Жалпы, бұл бағыттағы мақалалардың салмағы қомақты, сапасы жоғары деп бағалауға әбден болады.

- Біздегі БАҚ-тар әлемдегі дамыған елдер журналистикасының қандай жетістіктерін, жаңа жанрлық формаларын үлгі етуі керек? Біздің олардан артықшылығымыз бар ма?

- Жалпы, бүгінгідей ақпараттық тасқын заманында БАҚ арқылы тарайтын жаңалықтарды елді елең еткізерліктей етіп жеткізу, бірден назар аудартып тыңдату үшін немесе көз салған бетте көңіліне қонып, ары қарай жетелеп әкетерліктей болуы үшін жаңалық жанрындағы мәтіндер мейлінше тартымды жазылуға тиіс. Ол үшін «лид» деген нәрсе керек. Батыс елдерінде ең басты мәселе ретінде журналистикада ерекше басшылыққа алынатын осы проблеманы бізде әлі көп жұрт біле бермейді.

Мен жоғарыда атап өткен жаңа еңбегімде ақпараттық мәтінге жасалатын «лид» түрлерін анықтап, оның ерекшеліктерін айқындауды көздедім. Ақпарат құралдарының күнделікті қызметіне практикалық маңызы орасан болып табылатын аталмыш мәселенің маңыздылығы қай кезеңде де айтарлықтай өзекті.

Мерзімді баспасөз туындыларымен жіті танысқан кезде «лид» түрлеріне шек қоюдың өзі артық секілді сезілуі ықтимал. Себебі, әр журналистің қайталанбайтын өзіне тән шығармашылық тәсілі, дара қолтаңбасы болады.  Өзге шығармашылық қызметтермен бірдей журналистика да туындыгердің үзіліссіз ізденісінің жемісі болғандықтан, оны арнайы бір схеманың аясында қарастырудың өзі мүмкін емес. Сондықтан, мәселені теориялық жағынан гөрі практикалық қадамдар аясында талдап, таразылаудың маңыздылығы айтарлықтай болмақ.

Жалпы, қай істі болсын, әуелі бастау қиын. Басталған соң ары қарай жалғасуы жеңіл секілді болып кетеді. Журналистік туындының ең ежелгі әрі басты жанры заметка да солай. Оның мазмұнын бір ауыз сөзге сыйдырып, бастау, яғни, лид жасау іс жүзінде қиынның қиыны.

- Интернет журналистиканың сапасына көңіліңіз тола ма?

- Өте зор қарқынмен, тез дамып келеді. Сапа жағына келсек, әр порталдың өз бағыты мен бағдары бар. Көңіл толатын жақтары баршылық. Өз басым «Azattyq.org» сайтын күнделікті қараймын. Ондағы жаңалықтар мен мақалалар кезең келбетін дөп басып отыратындығымен ерекшеленеді. Сол секілді еліміздегі ресми сайт, порталдарды да жиі қарауға тура келеді. Сіздердің «ҚазАқпарат» және «Тенгриньюс», «Абай.кз», «Әдебиет порталы» секілді сайттарға жарық көрген мақалаларды оқимын. Кейбір дәстүрлі газет-журналдардың да онлайн үлгісінен оқып тұрамын.

«Әдебиет порталы» мен «Қазақия.кз» сайтында өзімнің блог тұғырларым бар. Әлеуметтік желілердің ішінен Фэйсбүк пен Туиттер желісін қолданамын.

Бүгінгі қолданыстағы технологиялардың кең тараған түрлері болғандықтан, блог арқылы түрлі ақпараттар, деректер, фотолар алмасу, бейне блог, бейне дәрістер жүргізу, электрондық пошта бәрі қолданылады. 

Соңғы жылдары кейбір фирма, кәсіпорындар өздерінің бренд тауарлары мен қызмет түрлерінің маркетингіне арнаған platform немесе өзге арналарды қолдана бастаған. Денсаулық сақтау орындары мен емханалар аталмыш технологияларды игерсе өз пациенттерімен кеңес өткізуге аса қолайлы болар еді.

Қазіргі таңда Social media-ның қажеттілігі барған сайын артып келеді. Санаулы жыл бұрын әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің профессорларының дәрісін тыңдау мұң болса, қазір қалаған  Оксфордтың, Гарвардтың, Кембридждің ғалымдарымен виртуалды әлемде жүздесе беруге болады. Айта берді, әлемнің айтулы саясаткерлерімен, Құрама Штаттардың президентімен де Social media арқылы байланыс жасауға мүмкіндік бар.

Біздің  әлеуметтік желі жайындағы ұғымымыздың масштабының өзі қазіргі таңда facebook, Twitter, Youtube, blog секілділермен шектеліп, достардың өзара хабарласуынан, фото, бейнеклиптер алмасуынан аса алмай отырмыз.  Шын мәнінде сіз нені білгіңіз келсе, интернет бәрін де бере алады.

Жылдамдықтың зор қарқынымен қарыштап дамып келе жатқан онлайн қоғамда әр азамат жеке тұлғалық брендін қалыптастыру жолында  өзін өзгелерге дұрыс танытып, абыройын асқақтату үшін қаласа да, қаламаса да Social Media-ға жүгінуге мәжбүр. Бұл жерде әрине, айтары бар адамдар ғана өзінің білім-білігін, қарым-қабілетін көрсете алады. Ал, әлі күнге дейін мұның артықшылығын түсінбейтіндер қарым-қатынастың бұл түрін кәдімгідей жау санап, ат-тондарын ала қашып жатады. Ол енді, жабайылық.

Қазіргі студент дегеніміз үстелден бас көтермей отырып, кітап оқи беретін немесе ұстаздың оқыған дәрісінен белгілеп алған азын-аулақ мәліметті жаттап алып онысын семинар сабағында айна-қатесіз айтып беретін «кеңестік заманның» түлегі емес. Ол дәуір әлдеқашан келмеске кетті.

Сайып келгенде, Social Media арқылы пайда ақпарат алудың арқасында адам рухани тұрғыдан өзін байытып, дамыта алатындығын да ұмытпағанымыз абзал.

 

Қуандық Шамахайұлы - ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттану доценті. 1993 жылы Мадридтегі Халықаралық журналистер ұйымына мүшелікке өтіп, БҰҰ мен ЮНЕСКО мойындаған «халықаралық журналист» деген арнайы мәртебеге ие болған. 2001 жылы АҚШ мемлекеттік департаментінің шақыруымен Вашингтонда, Рестонда, Арлингтонда, Нью-Орлеанда, Колумбия-Миссуриде, Атлантада, Нью-Йоркте болып, бірнеше жетекші университет мамандарымен тәжірибе алмасқан және Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы комитетінде тағылымдамадан өтіп, білім жетілдірген.

Ол журналистика ғылымының теориялық мәселелерін қаузаған 10 кітаптың, ғылыми-танымдық, публицистикалық мақалалардың, 100-ден астам сықақ әңгімелердің, әдеби-көркем аудармалар мен сын зерттеулердің авторы.

1994 жылдан бері еліміздің жетекші университеттерінде журналистика, мәдениеттану, қоғаммен байланыс, этика, әдебиет теориясы, аударма ісінің теориясы, әлем әдебиеті салалары бойынша дәріс беріп келеді.

 

Сұхбаттасқан Бақытжол Кәкеш

Соңғы жаңалықтар