Қазақ елі белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевті бақилық сапарға шығарып салды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Қазақстан халқы белгілі ғалым, әдебиетші Тұрсынбек Кәкішевті ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсіміне қала әкімі Бауыржан Байбек, ҚР жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Біз бүгін аса көрнекті әдебиетші, ғалым Тұрсынбек Кәкішевты 89 жасқа қараған шағында ақтық сапарға шығарып салып отырмыз. Тұрсынбек Кәкішев Қазақстан әдебиеттану мен сынының ауыр жүгін арқалаған қайраткері еді. Бар ғұмырын әдебиеттің дамуына арнаған. Кеңес заманында ұлттық мүддені қорғап, ұлттық ой-пікірдің дамуына мол үлес қосты. Мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. 20 ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері жайлы іргелі еңбектерге ат салысты. «Айқап», «Садақ» секілді қазақтың алғашқы басылымдарымен халқын таныстырды. Ақиық ақын Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы мен өмірін зерттеуді өмірлік мақсатына айналдырды. 10-нан аса кітап жазды. Бір сөзбен айтқанда, Тұрсынбек Кәкішев мәнді де мағыналы ғұмыр кешкен тұлға болатын. Осы күндері біз қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудеміз. Ағамыздың өмірі мен шығармашылығы ұлттық құндылықтарды насихаттауға, тәуелсіздікті баянды етуге арналды. Ол кісі өз мұратына жетті. Саналы ғұмыры Ұлттық университетпен байланысты болды. Бүгін ақтық сапарға да өзінің сүйікті білім ордасынан аттанып барады. Алматы жұртшылығы атынан ағамыздың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Иманы саламат, топырағы торқа болсын», - деді қала әкімі Бауыржан Байбек қаралы жиында.

89 жасқа қараған шағында көз жұмған әдебиетші, ғалым, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері Тұрсынбек Кәкішев Кеңсай зиратында жерленді.

Марқұмның қазасына байланысты ас берілді.

Тұрсынбек Кәкішев - 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы Бұланды ауданы Бөрлі аулында дүниеге келген. Әдебиет зерттеуші, филология ғылымының докторы (1972), профессор (1973), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1979). Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін (1950), Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын бітірген (1960). 1944-1945 жж. Ақмола облыстық Қазақ драма театрының актері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгеруші, 1950-1958 жж. Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, 1960-1968 жж. Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер. 1968 жылдан ҚазМУ-де аға оқытушы, доцент, профессор, филологияның сырттай (1978-1985), күндізгі (1985-1986) факультеттерінің деканы, көп жыл осы университеттің филология факультетінде «Қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедрасының меңгерушісі болған.

Қазақ әдеби сынының даму жолдары, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары хақында ғылыми ізденістер жасап, өнімді еңбек етіп келді. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (3-т., 1-2-кіт., 1967), «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» (1970, Мәскеу, орыс тілінде), т.б. іргелі еңбектерді даярлап, жазысуға қатысты. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізді: «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сейфуллин» (Мәскеу, ЖЗЛ, 1972, орыс тілінде), «Сәкен Сейфуллин» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К.Ахметовамен бірге, 1997), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), «Мағжан-Сәкен» (2000), «Сәкен аялаған арулар» (2003) деген он шақты кітап жазды.

Қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеп, «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982), «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» монографияларын жазды. Соңғы еңбегі жоғары оқу орындарында оқулық ретінде қолданылып келеді. «Ұштасқан үш өзенмен» (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Садақ» (1986), «Жасампаз өлке» (1989), «Сандалтқан «садақ» (2002) сияқты ғылыми-көпшілік кітаптары қазақ халқының әдеби-мәдени мұраларын іздестіру барысында өмірге келді. «Санадағы жаралар» (1992), «Ескірмейді естелік» (1994), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995) жинақтары, «Мағжан-Сәкен» ғылыми эссесі (1999), «Сәбең әлемі» (2000), «Сайыс» (2001), «Мерей» (2002) кітаптары жарық көрген. Сәкен шығармаларының көп томдығының құрастырушысы (10 томы шықты).

Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері. Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар