Қазақ елі ауқымды, саяси-әлеуметтік өзгерістер алдында тұр – Ерлан Қошанов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақ елі ауқымды, саяси-әлеуметтік өзгерістер алдында тұр. ҚР Парламенті Мәжілісінің – AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақ елі ауқымды, саяси-әлеуметтік өзгерістер алдында тұр. Қозғалыс өзгерістерге, өміршең өзгеріс кең өріске бастайды. Әлемдегі жетекші елдердің бәрі кешенді реформаны бастан кешкен. Билік пен қоғам үйлесім тауып, халқының ынтымағы жарасқан елдер ұтылмай ұлт болып ұйысып отыр. Ал бірінің қолы бірінің жағасында кетіп, өзара алауыз болған жұрттың жұқанасы да қалған жоқ. Бұл тарихтың ащы да болса шындығы. Мұны неге айтып отырмыз? Күрмеуі қиын күрделі сәтке қарамастан Мемлекет басшысының қысқа мерзімде қолға алған түбегейлі реформалары өз жемісін бере бастады. Елдегі саяси, мемлекеттік басқару үлгісі жаңа сапаға көтерілді. Ең бастысы барлық салада әділеттілік, теңдік принциптері қалыптасып, әлеуетті азаматтық қоғам орнығып келеді. Бұл жаңа дәуірдің бастауы», - деді Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдау жөніндегі халықтық коалицияның форумында.

Мәжіліс төрағасы қоғамда пікір еркіндігі, демократия қағидалары салтанат құрып жатқанын атап өтті.

«Атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты - саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларды табанды түрде жүзеге асырып, Әділетті Қазақстан құру. Осы орайда биылғы жылдың 20 қарашасындағы Президент сайлауы Қазақстанның саяси тарихындағы аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауының, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауының кестесін алдын ала жариялады. Бұл - ел тарихында бұрын-соңды болмаған демократиялық қадам, жаңа саяси мәдениеттің нышаны. Сайлау жалпыхалықтың референдумдағы таңдау мен жаңа Конституциялық өзгерістер негізінде өткізілмек. Алдағы сайлаулар ел ішіндегі саяси күштердің, халықаралық қауымдастықтың айрықша қызығушылығын тудырып отыр. Президент сайлауының дүбірі естілгелі бері елдегі ірі саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар өздерінің жиындарын шақырып, сайлауға қатысты іс-қимылдарын бастап кетті», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар