Қазақ екенін дәлелдей алмаған қандастар құжат ала алмай жүр – Отандастар қоры

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов шетелдік қазақтардың ұлттық қатыстылығын анықтау мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазір елімізге қоныс аударған және шетелден Қазақстанға көшуді жоспарлаған қандастардың «этникалық қазақ» екенін дәлелдеу және оны құжатпен рәсімдеу өзекті мәселе болып отыр.

«Әсіресе, Түркия, Ресей, Ауғанстан, Пәкістан, Сауд Арабиясы және Иран Ислам Республикасында тұратын және осы елдерден көшіп келген/көшкісі келетін этникалық қазақтар үшін өзекті проблема. Себебі, бұл мемлекеттердегі азаматтардың төлқұжаттарында ұлты көрсетілмейді. Сондықтан «этникалық қазақ» екенін дәлелдейтін құжатты беру механизмін дұрыс жолға қоймасақ, алдағы аз уақытта оларды «жоғалтып алу» қаупі туындайды», - деді М. Сарбасов Отандастар қоры жанындағы қоғамдық комиссия отырысында.

Ұлтының «қазақ» екендігін растайтын анықтама – қандас мәртебесін, Қазақстан Республикасы азаматтығын алуға негіз болатын ең басты құжат. 1992 жылы 23 қыркүйекте шыққан ҚР Министрлер кабинетiнiң №791 қаулысына сәйкес «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» ұлты «қазақ» екендігін растайтын анықтама берген.

«Алайда, №791 қаулы ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы №124 қаулысымен күшін жойса да, Қазақстанға көшіп келген қандастардың азаматтық алуына қауымдастықтың анықтамасы жарай беретін. Бұл жұмыстар 2017 жылға дейін заңды негізі болмаса да, қалыптасқан практика ретінде жалғасып келді. Қауымдастық тарапынан анықтама беру тоқтаған соң бұл мәселе қандастар арасындағы қоғамдық ахуалға әсер ете бастады, әлеуметтік желіде үлкен талқыға түсіп, резонанс жағдайлар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Себебі, анықтама болмағандықтан қандас куәлігін немесе Қазақстан Республикасы азаматтығын ала алмай жүргендер көп. Арасында бар құжатын делдалдарға өткізіп, еш құжатсыз қалған қандастар да бар», - дейді спикер.

Қолданыстағы заңнама бойынша, Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметі шетел азаматы болып танылатын ұлты қазақ азаматтарға «С10» визасын береді. Аталған виза шетелдегі қазақ өкілдеріне Қазақстанға көшіп келуіне мүмкіндік береді.

Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, шетелдегі консулдық қызметі өздеріне жүгінген этникалық қазақ азаматтарының жеті атасын, руын, шыққан тегін сұрау арқылы және патриоттық көзқарасын сұхбат барысында зерделеу нәтижесімен «С10» визасын рәсімдейді.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген « Тәуелсіздік бәрінен қымбат « мақаласында «Соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды солтүстік және шығыс өңірлерге орналастыруды жандандырамыз» деп атап өткен еді. Осы ретте, қандастар көшін жандандыру мақсатында шетелдегі қандастарға «ұлты қазақ» анықтамасын беру тетіктерін нормативтік-құқықтық құжатпен бекіту қажет. Осыған байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл анықтаманы беруді жергілікті әкімдіктер жанынан комиссия құру арқылы жүзеге асыру жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді. Бұл бастаманы Отандастар қоры мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қолдайды және оны жетілдіру үшін бірқатар механизм ұсынады», - дейді М. Сарбасов.

Спикер республикалық маңызы бар қала және облыс әкімдіктері жанынан құрылатын комиссияға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Отандастар қоры өкілдерін енгізуді ұсынып отыр.

Сонымен бірге, шетелден елімізге көшкісі келетін қандастың тиісті құжатын жинақтап, қоныстанатын аймағы бойынша әкімдік жанындағы комиссияның қарауына ұсыныс енгізу үшін шетелдегі консулдарға арнайы өкілеттілік беруді және комиссия отырыстарына консулдық өкілдерінің және арыз берушінің мекендеген елінен онлайн режимде қатысуын қамтамасыз ету ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар