Қазақ дипломатиясының тарихы ғасырлардан тамыр алады - Жозеп Боррель
2022 жылғы 1 шілде 15:30

Қазақ дипломатиясының тарихы ғасырлардан тамыр алады - Жозеп Боррель

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлы даланың данагөй дипломатиясының мұрагері қазақ дипломатиясының тарихы ғасырлардан тамыр алады. Мұндай пікірді «Халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесіндегі Қазақстан Республикасы» атты халықаралық конференция барысында Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Жозеп Боррель білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Қазақстанның дипломатиялық қызметі өзінің отыз жылдығын атап өтуде. Қазақ дипломатиясының ғасырлық тамыры бар. Олар - Ұлы даланың дана дипломатиясының мұрагерлері. Осы тамырлардың арқасында Еуропа мен Азияның тоғысқан жеріндегі әлемдегі ең ірі елдердің бірін сақтап қалуға мүмкіндік туды», - деді Жосеп Боррель.

ЕО өкілі отандық дипломаттардың Қазақстанды егемен, бейбіт және ашық мемлекетке айналдыру жолында аянбай еңбек еткенін баса айтты.

«Бұл геосаяси тұрғыда және теңізге шыға алмайтын географиялық жерде жиі қиын. Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстан өзін халықаралық қоғамдастықтың белсенді және беделді мүшесі ретінде нық танытты. Қазақстан - ядролық қаруды таратпау және ядросыз әлем үшін қозғалысты белсенді қолдаушылардың бірі, Орталық Азиядағы жетекші мемлекет, Еуропалық одақтың сенімді және достас серіктесі. ЕО атынан Қазақстанды және оның дипломаттарын шын жүректен құттықтаймын және сіздерге табыс, өркендеу және алдағы ұзақ жылдар бойы бейбіт даму тілеймін», - деп атап өтті ол.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT