Қазақ даласын зерттеген француз тарихшысының еңбектері қайта басылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ даласын зерттеп, ғылыми мұралар қалдырған француздық тарихшы Иосиф Кастаньенің еңбектерін қайта басып шығару жоспарлануда. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлінің Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэмен кездесуі барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

TWESCO сайтында мәлім етілгендей, кездесу барысында Д.Қыдырәлі академия атқарып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Бүгінде TWESCO беделді халықаралық ұйымға айналып отыр. Академия ЮНЕСКО, ИСЕСКО сынды бірқатар ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ұйым жетекшісі өз сөзінде биылғы сәуір айында TWESCO Қазақстан Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мұраны насихаттау: жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты халықаралық форум өткізгенін атап өтті.


Өз кезегінде Филипп Мартинэ Франция тарапы академия жұмысына қызығушылық танытып отырғанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ тараптар Түркі академиясы мен Франциядағы INALCO (Шығыс тілдері мен өркениетінің ұлттық институты) ғылыми мекемелері арасында байланыс орнату, ынтымақтастықты дамыту және ортақ жобалар жасау, біріккен жобалар аясында кітаптар шығару сияқты бірқатар жайттарды талқылады.

Атап өтілгендей, бірге ұйымдастырылатын ортақ жобалар арасында И.Кастанье сияқты қазақ даласын шарлап, көптеген ғылыми мұралар қалдырған белгілі тұлғалардың еңбектерін қайта басып шығару да бар.

 

Соңғы жаңалықтар