Қазақ болып қалды мәңгі домбыра, домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан екі күн бұрын қазақ халқы үшін аса маңызды және тарихи оқиға орын алды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда Ұлттық домбыра күні белгіленді. Ұлттық музыкалық аспабымыздың маңыздылығын көрсететін бұл мерекені енгізуге еліміздің зиялы өкілдері ұсыныс жасап, оны ҚР Президентінің Әкімшілігі қолдаған болатын. Сонымен жыл сайын шілде айының бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтілмек.

Жалпы, әрбір қазақ үшін киелі домбыра - ұлтымыздың символы. Қазақ күйі адам жанын тебірентеді, керемет сезімге бөлейді, жүрекке бойлап, терең бойлайды. Көпшелілер заманында да солай болған, бүгін де солай. Домбыра бағзы заманнан бері қазақ халқымен бірге жасап келеді. Адамдар оны қайғыда да, қуанышта да қолынан түсірмейді. Сыңғырлаған домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен  ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келеді. Аталған аспап туралы қазақ ертегілерінде де, аңыз әңгімелерінде де айтылады. Ал Құрманғазы, Дина Нүрпейісова, Нұрғиса Тілендиев сынды домбыраның құлағында ойнаған дәулескер күйшілердің есімдері қазақ мәдениетінің символына айналып, олардың шығармалары қазақ музыкасының жылнамасында сақталған.

null Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да нақ осы туралы айтылған.  «Әрбір қоғам үшін ең маңыздысы өз мәдениетін, ұлттық кодын сақтау болып табылады. Ұлттық жаңғыру бұл ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейту. Ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», - делінген мақалада.

Жалпы, қазақтың домбырасын, оның көмейінен төгілер күйді әлем халқы біледі десек артық айтқандық емес. Оған дәлел 2010 жылы Шыңжаң өңіріндегі Толы ауданының 10 мың домбырашысы бір сәтте қазақ халқының «Кеңес» күйін орындап, бұл жетістік Гиннесстің рекордтар кітабына тіркелген болатын. Одан кейін араға екі жыл салып, қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра «әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енген еді. Мұнан бөлек, ЮНЕСКО-да адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне қазақтың қара домбырасын қосқан болатын.

Осыған орай біз елімізге есімі бірқатар азаматтан Ұлттық домбыра күніне қатысты пікірін білген едік.

null Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Айтқали Жайымов:

«Домбыра - қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатқан музыкалық аспап. Ықылым заманнан бері қазақ халқы өзінің қуанышын, қайғысын, үлкен-үлкен маңызды тарихи оқиғаларын осы домбыраның үнімен жеткізіп келді. Домбыраның үнін естігенде елеңдемейтін қазақ жоқ. Домбыраның қоңыр үні қазақпен бірге келе жатқан қасиет. Бұл аспаптың адамды баурап алатын ерекше ғажап үні бар. Сондықтан да қазақтың «қоңыр үнді домбыра» деуі де тегін емес. Ал Ұлттық домбыра күні Елбасымыздың тікелей қолдауымен аталып өтіліп, дәстүрге айналатын мереке болайын деп тұр. Ендігі уақытта домбырамызға басқаша қөзқарас қалыптасады».

null ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор, күйші Айтжан Тоқтаған:

«Ертеректе бір домбырашы төбе басына шығып, күй тартып отырса, тұсынан өтіп бара жатқан жолаушы: «Ау, отағасы төменде атыңды қасқыр тартып жатыр ғой. Сенің күй тартып отырғаның қалай?», деп сұраған екен. Сонда күйші: «Ат кетсе, бір тай ғой, ел ішінен табылар. Мына күйдің дәл осы буыны кетсе, оны қайтара алмаймыз ғой»,  деп жауап беріпті. Мінекей, ата-бабаларымыз  мыңдаған күйімізді көздің қаршығындай сақтап бізге жеткізіп отыр. Егер біз күйді, домбыраны дәріптейміз десек, сол домбыраны орындаушыны да жақсылап дәріптеуіміз керек. Қазіргі ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдаланана отырып, ешбір халықта қазаққа ғана күй өнерін дұрыс жолға қойып, дамытатын кез келді. Әрбір қазақ күйге көңіл бөлуі тиіс. Қадыр Мырзалиев ағамымыз: «Нағыз қазақ домбыра» десе, Серік Сейтман: «Домбыраның пернесінде ән ғажап, домбыраның шанағында зарлы азап. Қазақ болып қалды мәңгі домбыра, домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ», дейді. Ендеше домбыраға көңіл бөлейік».

null Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор,  күйші Секен Тұрысбеков:

 «Қазақтың ұяты күйінде ғана  қалды», деп Мұхтар Әуезов тегіннен тегін айтпаса керек. О бастан-ақ домбыра насихатсыз келе жатқан жоқ. Әлем біздің күйімізбен, әнімізбен сусындап, аспаптарымызға қайран болып келе жатқанын білеміз. «Өнерін тыңдап, халқын таны» дейді. Күй қасиет әрі қазаққа ғана тән және ешбір елде жоқ. Ал адамзат баласында Құрманғазының, Тәттімбеттің күйлеріндегідей иірімдер, бай ырғақтар жоқ.  Ән әлемінде де теңдесі жоқ иірімдеріміз бар болғанымен жеткізе алмай келе жатырмыз. Осы ретте Ұлттық домбыра күнінің бекітілуі аса қуанарлық жайт. Бұл қуанышымызды Құдай көп көрмесін. Домбыраның үні әлемді шарласын деген арманымыз орындалса екен деймін».

null ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан:

«Хорезми маңынан табылған балбал таста баланың қолында аспап бар. Сол аспапқа әлемде ең жақын келетіні қазақтың домбырасы. Ал сол балбал тастың тарихы біздің заманымызға дейінгі 5 мың жылды құрайды. Ол кезде қазақ дейтін ұлттық иісі де жоқ. Демек қазақтан бұрын домбыра пайда болған. Домбыра ырғағымен бойыңыздағы қаныңызға ұлттық ерекшелігіңіз енеді. Домбыраның үні қанына сіңіп өскен баланың ана тілін меңгеруі оңайырақ болады. Негізі нағыз рухани жаңғыру дегеніміз - домбыраға көрсетіліп отырған халықтың құрметі. Осы идеяға қозғау салған азаматтарға, оны түсініп Жарлыққа қол қойған Елбасымызға қанында ұлттық намысы бар, ұлтының қадір-қасиетін таныған қауымның атынан ерекше бір рахметімізді айтқан болар едік. Астананың 20 жылдығы нағыз мереке болады. Астананың қақ ортасында қазақ елі монументінің қасында кәрісі бар, орысы бар барлығы қазақтың домбырасына құрмет көрсетіп, «Сарыарқа» күйін тартып жатса, ұлттық бақыт дегеніміз осы».

Соңғы жаңалықтар