Қазақ боксының бағы жанатынына сенемін - олимпиада чемпионы Е.Ыбырайымов

None
None
sp;ОРАЛ. Қарашаның 30-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Оралдағы жабық мұз айдыны сарайында өткен бокстан Қазақстан чемпионаты жасөспірімдер арасында болғанымен, ол бөлінген көңіл мен салмағы жағынан ересектер біріншілігінен кем болған жоқ. Мұның себебі мынада болса керек. Биыл Милан қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында бір ғана қола жүлдеге қол іліктірген Қазақстан құрамасы дәстүрі мықты

 Ресей, Куба, Өзбекстан түгілі, бокс әліппесін күні кеше ғана үйренген елдердің соңында шаң жұтып қалып қойды. 2000 жылы Сидней олимпиадасында бас бапкер Тұрсынғали Еділовтің шәкірттері екі алтын, қос күміс медальды еншілеп, ел тарихында ең үлкен белеске көтерілсе, содан кейінгі додаларда Қазақстан боксы төмендей бастаған еді. Бұл бетімен кете берсе, жағдайдың оңалуы неғайбыл екендігін түсінген елдегі №1 спорттың тұтқасын ұстаған азаматтар бас бапкерді ауыстырды. Ендігі мақсат - қазақ боксын қайта көтеру. Оралдағы чемпионат - соның бір мысалы. Осында сынға түскен 1992-1993 жылғы жасөспірімдер 2012 жылы жиырма жасқа иек артады. Яғни елдің бірегей ұлы Бекзат Саттархановтың топ жарған тұсына дәл келеді. Сондықтан үш жылдан кейін Лондон олимпиадасында осы Оралда өнер көрсеткен жастардың арасынан Қазақ елінің көк байрағын асқақтатар  саңлақтардың шығарына сенгің келеді. Әрине, осыған дейін ел намысын жыртып келген боксшылар да саптан шыға қойған жоқ. Ең бастысы, солардың бәрін іріктеп, дайындық жұмыстарын ширатып, әлемдік талаптарға сай жүргізе білу болса керек.

Еліміздің жастар құрамасының бас бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Назар Ілиясовтің сөзіне қарағанда, осы біріншіліктің қорытындыларына сәйкес әр салмақтан таңдаулылар іріктеліп алынады. Сыннан өткендері алдағы жылы наурызда Тегеранда Азия чемпионатына қатысады. Одан кейін сәуірде Парижде әлем біріншілігі болмақ. Міне, осы чемпионатта Сингапурде жастар арасында өтетін олимпиада ойындарына берілер жолдама сарапқа салынады. АИБА ережесіне сәйкес Қазақстанға үш орын беріліп отыр.

Оралдағы чемпионатта жеңіл салмақтарда бәсеке жоғары болды да, ауыр салмаққа беттегенде сирексіп қалды. Айталық, 91 келіден жоғары салмақта үш-ақ боксшы шаршы алаңға шықса, кейбір жеңіл салмақта бәстескендердің саны 28-ге дейін жетті. Бұл елімізде боксты дамытуда қолға алар істердің әлі де көп екендігін аңғартады.

Жарыстың бас қазысы, халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі Серік Әбденәлиевтің ойынша, қазақстандық қазылардың әлем чемпионаты, олимпиада сынды дүниежүзілік додалардың ортасынан табылғаны дұрыс. Қазір АИБА басшылары өзгеріп жатыр. Үш-төрт таңдаулы төрешіні даярлап, болашақта оларды да олимпиадаға қазылық етуге қосу ойда.

Аталмыш чемпионат соңында ҚазАқпарат тілшісі Сидней олимпиадасының чемпионы, Алматы қаласындағы олимпиада резервін даярлау орталығының директоры Ермахан Ыбырайымовтан бірнеше сауалға жауап беруін өтінген болатын.

  

-Ермахан Сағиұлы, Оралдағы чемпионат сізге қандай әсер қалдырды?

-Бірден айтайын, біріншілік өте ұнады. Тіпті мен мұны ұйымдастырылуы жағынан өзгелер үлгі алуға болатын  чемпионат дер едім. Өйткені кейбір облыстарда мұндай жарысқа аса мән бермей, спорт залында өткізе салады. Бұл жағынан батысқазақстандықтар озып кетті. Сондықтан облыс әкімдігіне, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Мүсілім Оңдағанов бастаған азаматтарға алғысымды айтар едім.

-Осы жарыста  көзіңізге түскен жастар болды ма?

-Әрине. Мысалы, 57 келі салмақта шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмаған Дархан Жұмсақбаевты айтуға болады. Алматы облысынан Жәнібек Әлмұқанұлы, Алматыдан Асқар Көпеншеев бар. Мен олармен тілдесіп, өзіме шақырып жатырмын. 1992-1993 жылы дүние есігін ашқан осы жігіттер бақытты. Негесі сол, бұлардың ең мықтылары алдағы жылы Сингапурде тұңғыш рет өтетін жастар арасындағы олимпиада ойындарына қатысады. Оның аржағында Лондон рингіне шығуға да мүмкіндік бар. Ол үшін тынбай жаттығу, ортақ мақсат жолында бірігу керек. Қазіргі кезде Астана қаласының бокс федерациясы жақсы жұмыс жасап жатыр. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының бағыты дұрыс. Қазақстанның батыс аймағынан Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысын айтар едім. Батыс Қазақстан демекші, мен Оралдағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта болдым. Талантты балалар жоқ емес, бар. Тек соларды тауып, іріктеп, дұрыс тәрбиелесе, келешекте ел намысын қорғайтын спортшылар шығады.

Біздің қазіргі басты мақсатымыз - Миланда өткен әлем чемпионаты көрсеткеніндей, қазақ боксын тұйықтан алып шығу. Бұл ретте жаңадан тағайындалған бас бапкер Мырзағали Айтжановқа үлкен үміт артып отырмыз.

-Ағайынды Елеусіновтер жөнінде не айтар едіңіз?

-Ол екеуінің де болашағы мол. Дәурен ересектер арасында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп үлгерсе, Данияр да сол қатарға келіп қалды. Алдағы жылы қаңтар айында Астанада ел біріншілігі өтеді. Сонда біраз нәрсе белгілі болады.

-Соңғы сауал, Қазақстан боксшыларының ауыр салмақта неге жолы болмай жүр?

-Аса ауыр салмақта Иван Дычко бар. Өз салмағында Василий Левит те жаман емес. Бірақ екеуінің де Азияда аты озып шығады да, әлем чемпионатына келгенде, кібіртіктеп қалады. Қай салмақ болмасын, мықтыларын іздестіріп, шыңдап шығару қажет. Әйтеуір қазақ боксының бағы таймайтынына сенемін.

Соңғы жаңалықтар