Қазақ боксынан үлкен үміт күтемін - Азамат Қарлығашев

None
Фото: А. Қарлығашев жеке мұрағаты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық «Қазақстан спортшылар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Қарлығашев Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатындағы қазақстандық спортшылардың нәтижесі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің дүниежүзілік додадағы нәтижесін қалай бағалайсыз?

- Ел құрамасы сапындағы боксшылар нәтижесі жаман емес. Тіпті, оны жақсы деп бағалауға негіз бар. Бұл орайда Қазақстан бокс федерациясының еңбегі зор. Жақында федерация ұлттық құрама бас бапкері қызметіне Қайрат Сәтжановтың орнына Мырзағали Айтжановты тағайындады.

Менің ойымша, бұл -дұрыс шешім. Құрама бапкерлерін ауыстырып отырсақ, одан еш ұтылмаймыз. Бұдан бұрын Сербия астанасы Белград қаласында өткен әлем чемпионатында бас бапкер қызметін Қайрат Сәтжанов атқарды. Онда да жақсы көрсеткішке қол жетті.

Осыған ұқсас жағдай қазіргі әлем чемпионатында да байқалып отыр. Бұл орайда федерация, бапкерлер құрамы мен спортшылардың үлкен еңбегін байқау қиын емес.

- Боксшылардың қазіргі көңіл-күйі қалай деп ойлайсыз?

- Өзім бокстан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған едім. Сондықтан жартылай финалға шығу - спортшылар үшін оңай дүние емес. Ол физикалық жағдайдан гөрі моральдық тұрғыда кәдімгідей жүйкеге салмақ салып, көңіл күйіңе әсер етеді. Мен өз еліміз, спорт министрлігі, федерация алдында қандай жауапкершілік сезінгенімді ұмыта қойған жоқпын.

- Төрешілер мәселесін қалай бағалайсыз?

- Бұл жөнінде айтсақ, алдымен Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегі ойға оралады. Төрешілердің аталған сайыс пен өзге де жекпе-жектерде ақсап қалған тұстары аз болған жоқ. Осы орайда екі дүркін Олимпиада чемпионы Хулио Сесар Ла Крусқа қатысты шығарылған шешімді айтуға болады.

- Сіздің болжамыңыз бойынша осы чемпионатта ұлттық құрама еншісіне қанша жүлде бұйыруы мүмкін?

- Қазақстандық боксшылар «алтын» медаль алып жатса, өте тамаша болар еді. Менің ойымша, бізде кем дегенде үш алтын, қалғаны күміс медаль болуы тиіс.

Алда - Олимпиада ойындары. Сәкен Бибосынов әлі де техникалық, әдемі, қазақ боксын көрсетеді деген үміттемін.

Сондай-ақ, ересектер құрамасына қсылғанына көп бола қоймаған Санжар Тәшкенбай ұнайды. Ол - жақсы бокс көрсетіп келеді, сезімтал боксшы. Оның өте керемет бапкері бар, Санжарды өзінің баласындай жақсы көреді. Менің ойымша, бұл боксшыны жарқын болашақ күтіп тұр. Ол жылдам, рингте жақсы қозғалады, оның керемет функционалды дайындығы бар.

- Қазір мамандар спортшылардың боксты жүргізу мәнері өзгерді деп есептейді. Оған көзқарасыңыз қалай?

- Оған толық қосыламын. Соңғы уақытта біздің спортшылардың бокс жүргізу мәнері өзгеріп келеді. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері кәсіпқойлар секілді сайысқа түседі.

Айту керек, бокс өзгере бастады. Біз Болат Жұмаділов, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Серік Конақбаев, Серік Сәпиев секілді боксшыларды ұмытпауымыз тиіс. Аяқтағы жақсы қозғалыс, жылдам және техникалық бокс.

Бұл - менің субъективті пікірім, қазір боксшыларды «шаршы алаңға шық та, соққы бер» деген қағида бойынша жартылай кәсіпқойлар секілді дайындайды. Маған жекпе-жекті өткізу барысында көбірек ойын көрсету мәнері ұнайды.

Ал Санжар Тәшкенбай мен айтқан әдіспен жұдырықтасады. Сол сияқты Сәкен Бекбосынов пен Махмуд Сабырхан да сол тәсілді ұстанады. Жақында бұл боксшылардың жұлдызы жанып, бүкіл ел оларды құрметтейді деп үміттенемін.

- Әңгімеңізге рақмет.


Соңғы жаңалықтар