Қазақ боксшысы мексикалық жұлдызды жекпе-жекке шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мұса Тұрсынғалиев мексикалық танымал боксшы Райан Гарсияны (18-0, 15КО) айқасқа шақырды. Бұл туралы ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында жазылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жартылай жеңіл салмақтағы WBA NABA чемпионы, 24 жастағы Мұса Тұрсынғалиев мексикалық жұлдызбен айқасуға бел шешіп отыр.

«Райан қалайсың?! Мен сенің жақсы боксшы екеніңді білемін және сені сыйлайтынымды білдіргім келеді. Бірақ, үздіктердің үздігі болғың келсе, мықтымен шаршы алаңда кездесуің керек. Мен сенімен айқасқым келеді. Қанекей шығайық. Бокс фанаттарына нағыз мереке сыйлайық! Қазақ боксы мен мексикалық бокс, қазақ стилі мен мексикалық стиль, қазақ қаны мен мексикалық қан - мықтысы анықталсын! Сен «иә» десең болды, жекпе-жекті ұйымдастырамыз. Жауабыңды күтемін. Құрметпен, Мұса», - деді Тұрсынғалиев өзінің видеожолдауында.

Тұрсынғалиев соңғы жекпе-жегін осы жылдың наурызында Голливудта өткізіп, америкалық Винсент Дженнигсті төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен жеңген еді. Осылайша ол профи-рингтегі тоғызыншы жеңісіне қол жеткізді. Олардың алтауын мерзімінен бұрын аяқтады.

Соңғы жаңалықтар