«Қазақ батырлары» сериалының басты кейіпкері Лос-Анжелесте 2 алтынды жеңіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Мөлдір Мекенбаева Los Angeles Open турнирінде джиу-джитсу бойынша 2 алтын медальды жеңіп алды, деп хабарлайды  «SPORTINFORM». 

Мөлдір 55 кг дейінгі және абсолютті салмақ дәрежесінде жоғары марапатқа қол жеткізді. Қос финал да мерзімінен бұрын Мекенбаеваның жеңісімен аяқталды.

«Мен Америкадағы жаттығу лагеріне Азия ойындарына әзірлену үшін келгенмін. Осындай жарыс өтетінін естіп, бірден қатысуға тіркелдім. Жекпе-жектер оңай болған жоқ. Негізі америкалық джиу-джитсу шеберлерінің мықты екенін бәрі біледі. Бірақ соған қарамастан мен оларды жеңіп кеттім, тіпті айқас мерзімінен бұрын аяқталды. Тамыз айының соңында Индонезияда өтетін Азиадаға дайындық жұмыстарын жалғастыра беремін», - деді Мөлдір Мекенбаева.

Мекенбаева спорттық жарыстарға қатысудан бөлек актрисалығымен де танымал. Ол «Мұраға берілген махаббат», «Саяхатшы» секілді фильмдерде ойнаған. Қазір спортшы «Қазақ батырлары» атты тарихи телесериалға түсіп жатыр. Ол жерде Мөлдір басты рөлді сомдайды.  

Еске сала кетейік, Мөлдір Мекенбаева бұның алдында Біріккен Араб әмірліктерінде және Италияда өткен турнирлерде алтын медаль иеленген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар