Қазақ азаматы Қытайда үздік модель атанды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақ азаматы Қытайда үздік модель атанды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қазіргі күні әлемде сән өнері қарқынды дамып жатыр. Сондықтан да осы салада жұмыс істейтін бойшаң әрі сымбатты модельдерге деген сұраныс та жоғары. Міне, осындай өнер жолында бағын сынап жүрген сері жігіттердің бірі - Қытайдың үздік моделі атанған қандасымыз Сержан Бағдатұлы, деп жазады Қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған дереккөздің мәліметінше, Қытайда тұратын қандасымыз Сержан Бағдатұлы 2018 жылы Қытайдың Кайфың қаласында өткен мемлекеттік «Жұлдызды модельдер» бәсекесіне қатысқан. Қытайдың әр облысынан сайдың тасындай іріктелген 60-қа жуық қатысушы арасынан сымбатымен, дара өнерімен озып, Сержан бас жүлдені қанжығалаған. Кескін-келбетімен Қытайды тамсандырып жүрген сері жігіттің бойы 191 см.

«Сержан Бағдатұлы Шыңжаң әскери институтында білім алған. Ол кейін Ухань қаласындағы жоғары оқу орнында дене шынықтыру мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Қажырлы еңбек, үздіксіз талпынысының нәтижесінде Қытайдың үздік моделі атағына қол жеткізген. Қазіргі күні Сержан - Шыңжаң сәнгерлер (модельдер) қоғамының мүшесі. Бүгінде ол Шыңжаңдағы түрлі модельдер бәсекесінде қазылық жасайтын, білікті маманға айналды. Сондай-ақ, әлеуметтік желіден жеке парақша ашып, осы салаға бейімі бар жастарға үздік модель болудың қыр-сырын да үйретіп жүр», - деп жазады CNR.


Байырғы Ахлат қаласындағы қазба жұмыстары кезінде «Оғыздардың таңбасы» табылды - TRT

«Түріктердің Анатолыға кірер қақпасы» деп танылған Битлистің Ахлат ауданындағы Байырғы Ахлат қаласының ішкі қамалында қазба жұмыстары барысында «Оғыздың таңбасы» табылды, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Жыл сайын көп қонақ келетін ауданда Байырғы Ахлат қаласының ішкі қамалында қазба жұмыстары жүріп жатыр. Харабешехир аумағындағы үңгірлердегі жартастардан Оғыздарға тән таңбалар анықталды. Байырғы Ахлат қаласындағы қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі Мехмет Кулаздың айтуынша, қамалдың шығыс жағындағы кіреберісінде екі мұнара табылған. Олардың арасын және үстіңгі бөлігін зерттеу кезінде оғыздардың Анатолыға келгенін дәлелдейтін ежелгі дәуір мекендері мен ескерткіштер табылған», - деп жазады TRT.


Тарбағатайда өткен ақындар айтысының жүлдегерлері анықталды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Тарбағатай аймағының Дөрбілжін ауданы Қызылбұлақ жайлауында ХХІІ кезекті ақындар айтысы және Мәдени-танымдық туризм мерекесі өтті, деп хабарлайды қытайлық kazakcnr.com сайты.

Ақпарат көзінің мәліметінше, аймақтық ақындар айтысы екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Биылғы мәдени шарада 31 киіз үй «70» санын білдіретін формада тігілді. Бұл ҚХР-дың 70 жылдығына орайластырылып отыр. Аталған іс-шарада концерт нөмірлерімен қоса, ат бәйгесі, балуандар күресі, веложарыс сынды спорттық ойындар ұйымдастырылып, қазақтың алуан түрлі қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі өтті.

«ҚХР-дың Тарбағатай аймағына қарасты 6 аудан мен қалаларынан 20 ақын қатысқан аламан айтыс өз мәресіне жетті. Ақындар айтысының бас жүлдесін Дөрбілжін ауданының ақыны Айыпқан Баймоллаұлы мен Шағантоғай ауданының ақыны Гауһар Ниғыметқызы жеңіп алды. Ал Тарбағатай аймағының келесі ақындар айтысы Шәуешек қаласында өтетін болып белгіленіп, «айтыс туы» қала акіміне табысталды», - деп жазады CNR.


Өзбекстанда шетел азаматтары мен азаматтығы болмаған адамдарға мәртебе беріледі - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинетінің «Құрметті азамат» мәртебесін беру тәртібі туралы қаулысы шықты, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

«Аталған құжатқа сәйкес, бұл мәртебе экономика, ғылым, мәдениет және өнер, білім, денсаулық сақтау, сонымен қатар әлеуметтік саланың дамуына үлкен инвестиция салған, Өзбекстан Республикасында қайырымдылықпен айналысып жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға берілетін болады. Мұндай құжатты Сенат қабылдайды, арнайы куәлікке Сенат төрағасы қол қойып тапсырады. Егер бұл бастамаға мемлекеттік және экономикалық басқару органдары қолдау білдірсе, онда әрі қарай шешім Қарақалпақстан Республикасының Жоғарғы кеңесінде, халық депутаттарының облыстық және Ташкент қалалық кеңестерінде қабылданады. Бұл мәртебе Өзбекстан Республикасының азаматтығын алу үшін негіз болып табылмайды»,- деп хабарлайды ӨзА.


Қазақ ауылында Бейжің Дене шынықтыру және спорт университетінің орталығы ашылды

Бейжің Дене шынықтыру және спорт университеті мен Қытайдың Футбол институты бірлесіп Санжы қаласының Ашылы ауылындағы мектепте жастарға білім беретін орталықтарын ашты, деп жазады қытайлық kazakcnr.com сайты.

Аталған БАҚ-тың хабарлауынша, бұл Бейжің Дене шынықтыру және спорт университеті мен Қытай Футбол институтының Шыңжаңдағы ауылдық жерде ашқан алғашқы білім орталығы екен. Аталған жоғары оқу орындары Шыңжаң өлкесінде осындай 21 орталық ашуды жоспарлаған.

«Ашылы қазақ ұлттық ауылындағы бұл орталыққа Бейжіңдегі жоғары оқу орны білікті мамандарын жіберіп отырады. Олар ауылда тұратын футболға бейімі бар талантты балаларды іріктеп алып, оларға сапалы білім беруді көздеп отыр. Мамандар дене шынықтыру сабақтарымен қоса, ағылшын тілін, басқа да түрлі пәндерді оқытпақ. Үздіктер мектеп бітіргеннен кейін бірден жоғары оқу орнына қабылданады. Осы арқылы Бейжің Дене шынықтыру және спорт университеті мен Қытай Футбол институты болашақ студенттерін мектеп қабырғасынан тәрбиелеп, сапалы түлектерді даярлап шығуға ниеттеніп отыр. Осылайша аталған оқу орындары ел намысын қорғайтын келешек футбол жұлдыздарын талантты ауыл балаларының арасынан іздеп жүр», - деп жазады kazakcnr.com сайты.

Қазақстанда тағы бір үлкен мұнай өңдеу зауытының құрылысы басталды - «Фарс » ақпарат агенттігі

Қазақстанның Батыс Қазақстан облысында тағы бір үлкен мұнай өңдеу зауытының құрылысы басталды, деп жазады parstoday ақпарат агенттігі.

Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл зауытты салу құны 420 млн доллар деп есептелген. Зауытты салуға Қазақстан үкіметі тарапынан 59,8 га жер бөлінген. Кәсіпорында автомобиль бензині, дизель отыны, керосин және битум өндіріледі.

Зауыт 2021 жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Зауытты салу үшін 500 жұмыс орны, ал зауыт жұмыс істей бастаған соң 200 жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, мұнай өңдеу зауыты жылына 750 мың тонна мұнай өнімдерін, соның ішінде бензин, дизель мен отынның басқа түрлерін өндіретін болады.

Жоспар бойынша, бұл зауыт өнімдерінің 80 пайызы ел ішінде, 20 пайызы ТМД елдеріне экспортталады.



Соңғы жаңалықтар