«Қазақ айтысының» VII томы жарыққа шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық Өнер университетінің Қорқыт атындағы ғылыми-зерттеу институты «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасымен Қазақ айтысының VII том кітабын дайындап, жарыққа шығарды. «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасы 25 том еңбекті құрайды. Кітаптың таныстырылымы 4 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында өтеді, деп хабарлады ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институтынан.

Жобаның авторы - мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков. Аталған жоба бойынша биыл VII том еңбек жарық көрсе, жалғасы алдағы жылдары шығарылады

«Кітаптырдың таныстырылымына айтыс өнеріне жанкүйер болып жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, айтыс ақындары мен БАҚ өкілдері қатысады» делінген хабарламада. *** Айтыс - импровизациялық өнердің биік шыңы, бағы замандардан бері жалғасып келе жатқан асыл мұра. Оның ұлт мәдениетіндегі алатын орны өте зор. Жалпы, айтыс мәтіндері 1965-1966 жылдары академик, жазушы Мұхтар Әуезовтың алғысөзімен 3 том, 1988 жылы жазушы Сәбит Мұқановтың алғысөзімен 2 том, 2004-2005 жылдары профессор Мырзатай Жолдасбековтың алғысөзімен 3 том болып жарық көргені белгілі. Қазақ өнері антологиясы сериясымен шыққан бұл VII том еңбектің басты құндылығы - жарық көрген белгілі айтыстармен қатар бұрын жарияланбаған ақтаңдақ ақындардың айтыстарының хронологиялық тәртіппен, ғылыми аппараты барынша толықтырылып басылуы дер едік. Қазақ өнері антологиясының I-II томдарына Қабылиса (Қабан жырау), Жанақ, Түбек, Сүйінбай, Абыл ақындардан бастап Кеңестік кезеңге дейін болған таңдаулы 94 айтыс енгізілді. Айтыстың III-IV томдары 1919-1991 жылдар аралығында болған айтыстардан тұрады. Аталған айтыстарда Кеңес дәуірі шындығы, тап күресі, ел жуандарын кәмпескелеу, ауылды советтендіру, сауат ашу, қалың мал мен әменгерлікті жою, зауыт пен фабриканы жырға айналдыру, қысқасы, айтыстың мәні мен сәнін, айшығы мен өрнегін сұрықсыздандыратын сұрғылт көріністерді көтермелеп көрсету бұл айтыстардың негізгі өзегіне айналған. Кеңес дәуіріндегі еңбек адамының дәріптелуі, өркенденген өндіріс ошақтары, кеншілердің қажыр-қайраты, тың игеру жылдарындағы ел тынысы, техникалық прогресс мәселесі айтыс ақындарының жырларында кеңінен көрініс тапқан. Шашубай, Кенен, Майасар, Нұрлыбек, Үмбетәлі, Тәңірберген, Қуат, Жақсыбай, Молдахмет, Нұрхан, Әлібек, Орынбай, Нартай айтыстары отаншылдық рухымен ерекшеленеді. Қайта құру кезеңі мен Желтоқсан көтерілісінен кейінгі атамұра өнердің жаңғыру кезеңінің басында тұрған Есенқұл мен Әселхан, Әсия мен Ерік, Әзімбек пен Құдайберді, Серік пен Мэлс арасындағы айтыстар да хранологиялық тәртіпке сай осы IV томға беріліп отыр. Қазақ өнерінің антологиясының V-VI томдарына 1991-2014 жылдар аралығындағы болған, қоғамдық ойға қозғау салған 66 үздік айтыс енгізілген. Азаттық жылдарында айтыс өнері ерекше дамуына ең бірінші әсер еткен рухани тәуелсіздік болатын. Бұл сан ғасырлар бойы халқымыздың жүрегі мен санасының түбінде бұлқынып, шығатын уақытын күтіп, аңысын аңдып жатқан рухани күш болатын. Тәуелсіздік жылдарындағы айтыстың басты ерекшелігі ол кеңестік қоғамның ықпалынан шыққан біздің саяси-қоғамдық өміріміздегі идеологиялық кеңістікті толықтырды. Сол арқылы айтыс ақындарының да азаматтық тұлғасы айқындалып, қайраткерлік рухы айқындалды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары айтыс өнері өзінің бабы мен бағы келіскен таланттарын өнер сахнасына шығарды. Ә.Қалыбекова, Ә.Беркенова, К.Әбілов, Б.Әлімжанов, Ш.Айдаров, Ә.Жанқұлиев, Е.Асқаров, С.Құсанбаев, М.Қосымбаев, А.Әлтаев, М.Тазабеков, Б.Шойбеков т.б. ақындардың шабытты шағы осы тұста ашылды. VI томға ел тәуелсіздігін тұғырландыра түскен, Қазақстанның қарыштап, Астананың асқақтап әлем аузына іліккен 2001-2014 жылдар аралығындағы ел есіндегі елеулі 26 айтыс енгізілген. Халық болған жерде оның әдебиеті мен мәдениетінің бірге дамитыны ақиқат. Айтыс десе елең етпейтін, делебесі қозбайтын қазақ баласы кем де кем. Осы тұрғыдан алғанда шет елдерде тұратын қандастар арасында да айтыс өнері айтарлықтай дамыған деп айтуға болады. Қазақ өнерінің антологиясының VII томына Қытай, Моңғолия, Өзбекстан мемлекеттерінде тұратын қазақ ақындарының таңдаулы айтыстары енгізілді. VII томдық еңбектерді профессорлар - М.Жолдасбеков, С.Негимов, Р.Әлмұқанова, ғылым кандидаты - Ш.Қойлыбаев, ғылым магистры - А.Мәулет секілді ғалымдар дайындаған. Аталған еңбектер - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді. Кітаптарды көркем безендіріп оқырман қауымға ұсынған - «Күлтегін» баспасы. Антология консерваторияның, өнер университеттерінің, өзге де жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, музыка мектептерінің мұғалімдері мен оқушыларына, айтысты зерттеушілерге, сондай-ақ, қазақ өнерін қастерлейтін қалың оқырманға арналады.

Соңғы жаңалықтар