Қазақ археологтары Мәскеу университетінде Ұлы даланың тарихы туралы дәріс оқыды

None
None
ӨСКЕМЕН-МӘСКЕУ. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Мәскеуде өткен «Ұлы дала алтыны» атты көрмесі аясында Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев сынды қазақ археологтары М.В Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттеріне лекция оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зейнолла Самашев студенттерге 2018 жылдың тамыз айында Елеке Сазы жазығынан табылған құнды жәдігерлер туралы айтып берді.

Суреттерді сөйлете отырып Зейнолла Самашев, Алтын адамның денесінен табылған әшекейлер жайында түсіндіріп берді. Қорым құрылысы жағынан ерте темір дәуіріндегі Жетісу ескерткіштеріне ұқсас. Тас табытқа баратын дәліз ішінен қола жебелер, алтыннан құйылған бұғылар мен пішіні кеңірдек іспетті алтындар, иненің көзіндей ұсақ алтыннан жасалған әшекейлер табылды. Табылған жәдігерлер қорымның уақытын анықтауда негізгі дәлел бола алады. Бұл оба б.з.д. VII ғасырларға тән, яғни, ерте сақ заманының құнды мұрасы.

Аудиторияны әсіресе ежелгі ақсүйектер киген алтын киімдер мен олардың жасалу жолдары және әралуандығы қатты қызықтырды. Қорымда жақсы сақталған қанжар және оны алтынмен қапталған қыны студенттердің назарын аударды. Лекция тыңдауға келгендер сонымен қатар алтынмен көмкеріліп, асқан зергерлікті қажет ететін ұсақ әшекейлер арқылы бұғының терісінен жасалған қорамсаққа таңданыс білдірді.

Әбдеш Төлеубаев Шілікті жазығынан табылған ежелгі сақ мәдениетінің қорымдары жайлы баяндап берді. Ғалым 2003 жылы табылған сенсациялық жәдігерлердің ғылыми маңыздылығын түсіндіре келе ежелгі өмір мен бүгінгі жаңа заман арасындағы тарихи байланыстың үзілмей келе жатқандығын тілге тиек етті.

Дәл осы Шілікті жазығынан табылған Алтын адамның киімін реставрациялау арқылы ежелгі сақ дәуірінде ғұмыр кешкен патшаның немесе қолбасшының сыртқы келбетін жасап шығуға мүмкіндік туған болатын.

null

Дәріс барысында А. Төлеубаев Шілікті жазығында 2016 жылы табылған жәдігерлер туралы ақпаратпен бөлісті. Алтыннан аң стилінде жасалған елік, грифон, мысық тектес жыртқыштар түріндегі 2025 әшекей бұйым Шығыс Қазақстан тарихи-өлкетану мұражайының қорына беріліп, қазіргі уақытта ерекше жаңалықтардың қатарына жатқызылып отыр. Олар біздің дәуірімізге дейінгі 1 мыңжылдықта Ұлы дала аумағындағы мәдени-тарихи және этно-саяси процесстерді түсіну мақсатында реконструкцияланбақ.

ММУ-нің тарих факультетінің археология кафедрасының меңгерушісі Анатолий Канторович өзінің қазақстандық әріптестеріне қызықты дәрістері үшін алғыс білдіріп, біздің дәуірімізге дейін бірінші мыңжылдықта қазақтың шексіз далалары мен таулы жазықтарын кен өндіру мен металлды өңдеу бойынша жоғары технологияларды меңгерген қолөнерге шебер әрі жауынгер номадтардың мекен еткені жайлы айтып өтті. Ол заманда мықты мемлекеттік құрылымдар деңгейіне жеткен ірі номадтар одақтары болып қана қоймай, зергерлік өнер мен металлургияның озық көркем туындылары да жасалған.

Қазақстандық ғалымдар ресейлік университетке ШҚО әкімдігінің көмегімен баспадан шыққан бірегей монографиялары, «Сақтар мұрасы» және «Таинственный Алтай» деректі фильмдерінің дискілерін, қазақстандық Алтайдың жерлері туралы сирек кітаптарды таныстырды.

Кездесудің соңында ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова ресейлік ғалымдарды жыл сайын өтетін «Алтай - түрік әлемінің бесігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысуға шақырды. Биыл аталмыш конференция тамыз айында өткізілмек. Сондақ-ақ, дәріске қатысушылар «Ұлы дала алтыны» көрмесіне де шақырылып отыр. Көрме ШҚО мәдениет басқармасы мен Қазақстан және Ресей Елшілігі бірлесуімен 4 наурыз күні Ресейдің заманауи тарихының мемлекеттік орталық мұражайында ашылды. Ол жерден барлық дәріс материалдарының төлнұсқаларын көруге болады.

null

Соңғы жаңалықтар