Қазақ әншілері мен бишілерінің өнері анкаралық көрерменнің көңілінен шықты

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - «Адырна» ансамблі мен «Алтынай» би ансамблінің концерті анкаралық көрерменнің көңілінен шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен Анкара қаласында Тәуелсіздік мерекесіне орай концерт қойылды. «Көк ту» қазақ мәдениет қоғамы ұйымдастырған концертте «Адырна» фольклорлық және этнографиялық ансамблі өнер көрсетті.

Мемлекеттік Опера және балет залында болған шараға Қазақстанның Түркия Республикасындағы Өкілетті және Төтенше елшісі  Абзал Сапарбекұлы, Түркия Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз, Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түрксойдың бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасының төраға орынбасары Саит Юсуф, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қазақстандық студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

«Ұлттық құндылықтарды жандандыру, қазақ мәдениетін насихаттау мақсатымен құрылған «Көк ту» қоғамы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіне мыңдаған жылдық қазақ мәдениетін түрік халқына таныстыруын жалғастырады», - деді концертте сөз сөйлеген «Көкту» қоғамының төрайымы Ләззат Мүлазымоғлу.

Сөз кезегін алған Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы да қазақ пен бауырлас түрік елдерінің арасындағы қарым-қатынастардың бір бірін тануға септігін тигізіп, бауырластықты нығайта түскенін жеткізді. Елші мемлекет басшысы Назарбаевтың ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға байланысты жобаларының тек Қазақстан ғана үшін емес бүкіл түркі әлемі үшін маңызды мәселелер екендігін баса айтты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркия Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчу да Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройы мен беделіне жоғары баға бере келе, елбасы Назарбаевтың көреген саясатына кеңірек тоқталды.

Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясына қарасты «Адырна» ансамблі мен «Алтынай» ұлттық би ансамблінің өнері анкаралық көрерменнің көңілінен шықты.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркияның астанасы Анкара қаласында қазақ мәдениетін насихаттайтын «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының құрылғаны жөнінде хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар