Қазақ ақын-жырауларының діни этикалық көзқарасы терең

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ халқының рухани мәдениеті тарихында ақын – жыраулар мұрасының алатын орны ерекше. Ұлттық поэзиямыздың, сондай- ақ философиялық ой мен дүниетанымның қалыптасуына ақындық, жыраулық дәстүр ерекше ықпалын тигізді. XV-XVIII ғасырларды туып, қалыптасқан жыраулық поэзия ұлтымыздың табиғатына тән шешендік қасиет пен философиялық терең даналықты бойына сіңірді.

Қазақ жыраулары өздері өмір сүріп отырған қоғамның белсенді қайраткерлері болды. Олар қазақ қауымының әлеуметтік-саяси өміріне тікелей араласып, өз дәуірінің ойшылы, философы бола білді. Қоғамдық-әлеуметтік ұғымдарға анықтама беріп, олар туралы салмақты тұжырымдар жасады. Жыраулардың соңына ала рухани өмірдің жүгін көтере келген ақындар поэзиясы да белгілі дәрежеде өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, жаратылыс туралы ұғымдарды пайымдаған поэтикалық құнды дүниелер ретінде рухани қазынамызды байытты.

Адам баласының танымындағы ең басты мәселе – дүниені тану. Ақын - жыраулар осы мәселеге ерекше назар аударып, ондағы түрлі заңдылықтарды поэтикалық тұрғыда бейнелеуге ұмтылды. Олардың жыр толғауларында дүниенің, әлемнің жаралуы туралы ұғым діни түсініктермен және адамзат санасының сәбилік кезеңіне тән пайымдаулармен өрнектеледі. Жаратылыс бейнесіне қатысты поэтикалық тіл ең әуелі ғаламның бейнесін жасады, сол поэтикалық тілдің өзі жыраудың дүние бейнесі туралы танымын қалыптастырады. Жыраулар толғауларында дүниенің жаралуы, оның құрылымы туралы танымдық ой бірнеше сатыдан түзелетінін көреміз. Олардың біріншісі – дүниені жататушы туралы болса, келесісі дүниенің заттық, рухтық тірегі болып табылады. Ақын – жыраулар дүниетанымында дүниені жаратушы күш – Алла:

Жаратып он сегіз мың ғалам етті,

Бірісін ғылым, бірісін надан етті.

Жаратып жын-періні от пен судан

Жаратып топырақтан адам етті,- деген Шал ақын өлеңіндегі таным жыраулар поэзиясында тұрақты түрде айтылған мәселе.

Алла тағала Адамды топырақтан жаратты. Ол адамға жанмен бірге тіл берді. Жан мен тілді қатар қою арқылы ақын-жыраулар тілге үлкен философиялық мән жүктейді. Сөйтіп поэтикалық тілде ғаламның бейнесін қалыптастырады. Дүниенің рухани тірегі жан, сөзбен тіл болса, заттық тірегі аспан мен жер, ай мен күн, жарық нұр күллі табиғат, ел деп таныды.

Ақын жыраулар поэтикасында сөз бен тілдің мағыналық аясы өте кең. Тіл – дүниені танудың кілті болса, тілдің деректік негіздері сана. Ақын-жыраулар толғауларында дүниенің мәні, ең әуелі, Алланың барлығына һәм бірлігіне ден қою. Содан соң, сол дүниенің баянсыздығына, өткіншілігіне мойынсұну. Өмірдің баянсыздығы аясында қозғалатын өмірмен өлім оппозициясы ақын-жыраулар дүниетанымында ерекше мәнге ие. Адам атты болмыс жан мен тәннің бірлігінен тұрса, жан құдайлық болмысқа, яғни ғарыш әлеміне тиесілі. Тән топырақтан жаралғандықтан төменге, яғни жер әлеміне тәуелді. Жанның тынысы – рух, тәннің нәр алары – нәпсі. Ақындар мен жыраулар поэтикасында жан – кеудеге қонақ. Шал ақын:

Дүние деген шолақ депті,

Жан кеудеге қонақ депті.

Ақырет деген бір киім,

Алып қайтар сол ақ депті,- деп жырласа, бұл ұғым басқа да шығармаларда тұрақты түрде қайталанып отырады. Дүниенің өткіншілігі ұшып өткен құсқа теңеледі:

Бұл дүниенің мысалы

Ұшып еткен құспен тең.

Өлімнен қырық жыл қашқан Қорқыт та сол өлімге тұтылған. Өлмесе бұрынғылар қайда кетті дейді халық нақылы. Бұл да жыраулар танымының бір мысалы.

Өлмей тірі кім жүрер – ажал жетсе.

Өлімнен құтылмассың қашсаңдағы,

Атаңнан арыстандай ассаңдағы.

Алладан шыныменен жарлық келсе,

Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.

Жыраулар тіліндегі ғалам бейнесі туралы философиялық қисындар қисынды түрде шынайы адам болмысының өлшемдерімен сабақтасады.

Шынайы адам болмысын сөз еткенде жыраулар ең алдымен «жақсы», «жаман» деген адамгершілік өлшемдер аясында ой қозғайды:

Жаманмен жолдас болсаңыз,

Көрінгенге күлкі етер.

Жақсымен жолдас болсаңыз,

Айырылмасқа серт етер,-деген Бұқар жырау шынайы адамның бірінші сипаты – жақсы болу деп пайымдап, жақсы болуды адамгершілік, адалдық, тереңдік, ақылдылық, имандылық, жан тазалығы сияқты қасиеттерден іздейді. Бұл күллі ақын-жыраулар поэтикасында тұрақты түрде жырланатын тақырып. Жыраулар дүниетанымында рухани тазалық мәселесіне ерекше мән беріледі. Рухани тазалықты сақтау үшін адамгершілік қасиет парыз болса, сол адамгершілік ұғымы имандылықпен біріктіріледі. Иманды сақтайтын рухани сауыт – жақсы мінез, саналы ой мен ізгі ақыл. Сондай-ақ, Шал ақын жырлағандай, «иман - қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі». «Бөріге» яғни нәпсіге ердің ері ғана «қойды» яғни иманды алдырмайды. «Қойшы – ақыл» қырағы, сақ болса, иманға ешбір шайтан кері жолай алмайды. Ақын-жыраулар дүниетанымындағы «шынайы адам» болмысы көшпелі қазақ ұлтының сан ғасырлар бойы қалыптасқан кісілік, адами қағидалармен тығыз сабақтасады. Бұл поэтикалық таным кейіннен Абай поэзиясындағы «толық адам» бейнесімен жалғасын тауып, барынша терең философиялық ойлармен толықтырыла түсті.

Мирас Қонысбекұлы

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің аға оқытушысы

Соңғы жаңалықтар