«Казахи» командасынан үйренгеніміз көп - Азамат Мұсағалиев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ТМД елдеріне танымал «Азия MIX», «Камызяк өлкесінің құрамасы», «Пятигорск қаласы» КВН командалары Астанаға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Еске сала кетсек, Астана күні мен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында 1 шілде күні КВН жоғары лигасының жазғы кубогы алғаш рет Астанада өтеді. Кешті үлкен Александр Масляков жүргізеді.

Ольга Картункова, Эльдияр Кененсартов, Азамат Мұсағалиев сынды ең үздік команда өкілдері бүгін Астанада «KAZAXI» командасымен және журналистермен кездесу өткізді. Кездесу барысында «Камызяк құрамасының» капитаны Азамат Мұсағалиев қазақстандық команда туралы өз пікірімен бөлісті.

«Біздің команда үшін бұл ойынға қатысу үлкен мәртебе.  Шын мәнінде бұл ойын өте маңызды, себебі біздің КВН ойнамағанымызға бір жыл болды.  «Казахи» - біз үшін аты аңызға айналған команда, осы команданың ойындарынан көп нәрсе үйрендік», - деді ол.

Мәслихат барысында КВН жұлдыздарына жергілікті менталитетті толық білмей,  қазақстандық авторлардың көмегіне жүгіндіңіздер ме деген сұрақ қойылды.  Әзілқойлар Қазақстанға жиі келетіндерін, мұндағы өмір салтымен жақсы таныс екендерін жеткізді.

«Біз мұнда мереке жасау үшін келдік және ол үшін 40 автор жалдаған жоқпыз. Барлық әзілді өзіміз құрастырдық, оның үстіне Қазақстанға бірінші рет келіп отырған жоқпыз. Қазақстан біздің екінші үйімізге айналды, сондай қонақжайлықпен қарсы алады, сондықтан жергілікті тақырыптар жөнінде қалжыңдасу біз үшін қиынға соқпайды», - деп жауап берді А.Мұсағалиев.

Айтулы кеш 1 шілде күні Қазақстан орталық концерт залында өтеді және бұл шара Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған.

Соңғы жаңалықтар