«Қазагро» үйден шықпай-ақ несие алудың жолын түсіндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында несие, лизинг немесе кепілді онлайн түрде алуға мүмкіндік беріліп отыр. Астанада өткен «дөңгелек үстелде» тың амалды тыңғылықты түрде  «Қазагро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиева түсіндіріп берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біз холдингтің қызметі үшін өтінім беру, яғни кепіл және несие алудың жүйесін жасап шығардық. Яғни, холдингтің еншілес 4 компаниясынан: «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «ҚазАгрокепіл» АҚ мен «Қазагроқаржы» АҚ лизингінің қызметтерін бұдан былай kazagro.kz порталына электронды түрде өтінім беріп алуға болады. Демек, сіз өзіңіздің кеңсеңізде отырып-ақ өтінім бере аласыз. Ең бастысы, интернет болуы қажет. Біз бұл жүйені жасаған кезде «интернет-дүкен» қағидаты бойынша барынша қарапайым әрі түсінікті етіп әзірлеуге тырыстық», - дейді Айгүл Мұхамадиева.

Төраға орынбасарының айтуынша, аталған порталда холдингтің негізгі еншілес компанияларының көрсететін «несие, лизинг және кепіл» секілді қызметін алуға болады. Порталға кірген клиенттің екі мүмкіндігі бар: егер ол өзіне қандай қызмет (немесе несие) керегін білсе, порталдан тіркеуден өтеді. Ал қандай қызметтің керегін әлі ажыратпаса, «іздеу» арқылы оны таңдап ала алады.

«Ол үшін мынадай мүмкіндік бар: еншілес компаниялардың көрсетуге дайын қызметтердің толық тізімін кілт сөздер, бағыттар немесе қандай да бір параметрлер арқылы тауып алуға болады. Өтінім беру алдында жүйе клиентке бірнеше сауал қояды. Сіздің жауабыңызға қарай, жүйе сізге несие немесе кепіл қызметтерін ұсынады. Мәселен, несие қызметін таңдап алсаңыз, сіз компьютерлік калькулятор арқылы несие төлеу кестесі қандай екенін көресіз», - дейді ол.
null 

Айгүл Мұхамадиева бұл процесс кезінде клиент жүйені түсінбегендіктен, өтінім бере алмай қиналуы ықтимал екенін айтады. Ондай жағдайда клиент 8800 080 89 87 нөміріне хабарласып, call-орталықтан кеңес ала алады. Жүйеде бұған қоса, онлайн-көмекші де бар. Демек, сізді мазалаған сұраққа бірден онлайн-жауап ала аласыз. Сонымен бірге, өтінімді беру тәртібі видео және мәтін түрінде берілген.

«Қызмет таңдалып алынғаннан кейін клиент электронды сандық қолтаңба арқылы порталға тіркеледі. Демек, холдингтің еншілес компаниясына несие бойынша өтінім берген кезде сіз жолдаған барлық құжаттар қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша заңды болып табылады. Жүйе ішінде өтінімнің мәртебесін, оны қабылданғанын немесе қабылданбағанын, қарастырылғанын және мақұлданғанын жеке кабинетте онлайн біліп отыруға болады. Яғни, өтінім мақұлданса, клиент келісімге қол қою үшін компанияға шақырылады», - деп түйді компания басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар