«ҚазАгро» штаты қанша процент қысқаратыны белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов «ҚазАгро» холдингі қызметкерлерінің қысқартылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Холдингте 2017-2019 жылдары 417 адам қысқартылды. Бұрындары 2 479 адам болса, қазір 2066 адам жұмыс істеуде. Еншілес үш ұйымның таратылуы тұрғысында қысқарту болады», - деді Р.Құрманов Есеп комитетінде өткен отырыста.

Оның сөзіне қарағанда, штатты төрттен бір бөлікке қысқарту ескерілген.

«Қысқарту 25 пайызға жуығын қамтиды, яғни еншілес үш ұйымның есебінен. Компаниялар тобы бойынша 2066 адам бар және ол тағыда қысқарады», - деп түсіндірді вице-министр.

Айта кетейік, Есеп комитетінде «ҚазАгро» холдингі мен оның еншілес ұйымдары қызметінің тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы жарияланды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл мамыр айының соңында Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында «ҚазАгро» холдингін сауықтыру бойынша қадамдардың іске асырылу мәселесін көтерді.

Осы орайда екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге несие бермейтіндігі, ал «ҚазАгро» екі жыл бойы шығынмен жұмыс істеп жатқандығы айтылды.

Белгілі болғандай, «ҚазАгро» холдингі» АҚ-ны дамытудың стратегиялық бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар