Қайырымдылық ұйымдары мемлекеттік мүлікті жеңілдікпен пайдалана алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қайырымдылық ұйымдарына мемлекеттік мүлікті жеңілдік арқылы пайдалану мүмкіндігі беріледі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтардың бастамалары мен жалпы белсенділігін көтермелеу үшін заңға қайшы келмейтін әртүрлі механизмдер қарастырылған. Атап айтар болсақ, волонтерлік пен қайырымдылық жасау сияқты қызмет түрлері қазіргі пандемия, кешегі төтенше жағдайлар кезінде ерекше өзекті болуда. Осы небәрі бір жылда еліміздегі волонтерлік ұйымдардың саны 3 есе өсіп, еріктілердің қатары 200 мыңға жетті. Сондықтан, Президенттің бастамасымен оларға жүйелі қолдау механизмдері енгізіліп жатыр. Бұл ең алдымен қолданыстағы заңды жетілдіруге қатысты», - деді Болат Тілепов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, біріншіден, жоғары, арнаулы орта оқу орындарына түсу кезінде, сондай-ақ азаматтық және мемлекеттік қызметке кіру кезінде волонтерлердің, қайырымдылық жасаушылардың құқықтарын кеңейту қарастырылады. Екіншіден, волонтерлік және қайырымдылық ұйымдарына мемлекеттік мүлікті жеңілдік арқылы пайдалану мүмкіндігі енгізіледі.

Үшіншіден, зейнеткерлікке шыққан кезде азаматтардың волонтерлік қызмет атқарған уақытын есепке алу көзделеді. Төртіншіден, корпоративтік волонтерлік, қайырымдылық және электрондық қайырымдылықпен айналысу бойынша нормалар енгізіледі. Яғни, фандрайзинг, краудфандинг платформасы, төлем терминалдары, SMS, онлайн банкинг арқылы қайырымдылық жасау тетіктері пысықталады. Бесіншіден, қайырымдылық көмектің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қайырымдылық ұйымдардың реестрі жасалады. Сонымен қатар, қайырымдылық ұйымдарын іске асырған жұмыстары туралы есеп беруге міндеттейтін норма енгізіледі.

«Бұдан бөлек, министрлік Волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын әзірлеген болатын. Ол волонтерлік бастамаларды одан әрі дамытуға ықпал етіп, азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын жандандыруға, волонтерлік мәдениетті одан әрі нығайту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар