Қайырымдылық қорлар СҚО ауруханаларына оттегі концентраторларын алып берді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының ауруханаларына демеушілік қаржыға сатып алынған 20 оттегі концентраторы жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Медициналық аппараттардың 10-ы Петропавлдағы көпсалалы ауруханаға берілді.

«Жақсылық вирусы» акциясы аясында «DAULETTEN Қайырымдылық қоры» және «BI Group» құрылыс компаниясының жанынан құрылған «Birlik» қорының қаржысына алынған 20 оттегі концентраторы жеткізіліп отыр. Оны облыс орталығына тасымалдаушы компаниялардың бірі тегін жеткізіп берді. Жалпы біз бұған дейін «Менің атамекенім» акциясы аясында өңірдің емдеу мекемелеріне көмектескен едік», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұлов.

Петропавл қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігер орынбасары Руслан Тасовтың айтуынша, емдеу мекемелерінде бұл қондырғыларға қажеттілік бар. Оттегі концентраторлары 3 қалалық ауруханада ашылған провизорлық стационарға беріледі және жақын арада науқастарды емдеуге қолданылмақ.

Қалған 10 аппарат Айыртау, Ақжар, Қызылжар, Жамбыл және Мағжан Жұмабаев аудандарындағы орталық ауруханаларға жөнелтіледі.

Бұған дейін «Жақсылық вирусы» акциясы арқылы Петропавлға «DAULETTEN Қайырымдылық қорының» қаржысына екі оттегі концентраторы жеткізілген еді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, акцияға кез келген адам қатысып, қаржылай қолдаудан басқа, өнімді жеткізу немесе өз тауарына жеңілдік беру арқылы, тіпті волонтер ретінде де көмек көрсете алады.

Жобаға қатысу үшін қажет ақпаратты atamekenim.kz сайтынан алуға болады.


Соңғы жаңалықтар