Қайырымдылық қанымызда бар – Сәуле Оразова

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – «Қазақстанның Қызыл жарты ай» Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директоры Сәуле Оразова отыз жылдан артық ғұмырын қайырымдылыққа арнаған. Көмекке мұқтаж адамдардың қасынан табылып, көптің алғысына бөленген жанды ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартқан еді.

- «Қазақстанның Қызыл жарты ай» СҚО филиалында қазір қанша ерікті, волонтер бар? Олар кімдер?

- Біздің ұжым үлкен емес. Бірақ біз еріктілерімізбен мықтымыз. Олардың арасында түрлі жастағы адамдар, түрлі мамандық иелері бар. Алайда негізін студенттер мен зейнеткерлер құрайды. Бұрын бізде еңбек етіп, басқа салаға кеткендер де ұмытпайды. Үнемі хабарласып, өз көмектерін ұсынып тұрады. Былтыр коронавирус өршіген кезде зейнеткерлер үйде отырып маска тігіп, көп көмек көрсетті. Ал облыс бойынша 60-тан астам волонтеріміз бар. Барлық денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің басшылары менің басты көмекшілерім.

- Ұйымның жұмысындағы негізгі бағыты қандай?

- Қоғамдық ұйым өңірде адамгершілік міндетті жүзеге асырады. Яғни біздің күнделікті жұмысымыз қиын жағдайға тап болған, тығырыққа тірелген, көмекке мұқтаж жандарға көмектесу. Су тасқынынан зардап шеккендер, баспанасы өртеніп далада қалғандар, қыстың көзі қырауда барар жері, басар тауы қалмағандар. Мәселен биыл 40 градус аязда Петропавлдағы Интернационал көшесіндегі 21 үйде газ баллоны жарылып, бірнеше отбасы далада қалды.

Екінші күні біздің филиал зардап шеккендер орналасқан эвакопунктке азық-түлік жеткізді. Кейін Араб Қызыл жарты ай қоғамынан көмек келді. 20 отбасына азық-түлік: ұн, сұйық май, түрлі консервілер, жармалар, шай, тағы басқалары таратылды.

Өңірде қиын жағдайға тап болған балаларға арналған үш орталық бар. Оларға шетелдік әріптестеріміздің көмегімен жылы киім-кешек, төсек-орын, аяқ киім, тағы басқа керек-жарақ жеткізілді. Үшінші жыл қатарынан көктемде тасқын судан зардап шеккендерге «Көмек картасы» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып келеміз. Көктемде Қызылжар ауданындағы Желяково елді мекенінде 6 үй жанып кеткенде біз де қарап отыра алмадық. Көмекке мұқтаж жандарға киім-кешек, азық-түлік жеткіздік.

Тағы бір бағытымыз – жыл сайын дәстүрлі «Донор күнін» ұйымдастыру. Оған күш құрылымдарының қызметкерлері белсенді ат салысады. Осылайша, Қан орталығының қорын 60 литр және одан да көп мөлшерде қанмен қамтуға көмектесеміз.

Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды қыста ыстық аспен қамтамасыз етеміз. Бұдан басқа жалғызбасты, көп балалы аналарды, мүгедектерді қамқорлыққа алғанбыз.

- Жұмысыңыздағы ең қиыны не?

- Таң қалуыңыз мүмкін, бірақ ең қиыны – ресурс табу. Егер жеткілікті қаражатымыз болса біздің де қолымыз ұзарады, мүмкіндігіміз арта түседі. Соғұрлым қиын жағдайға тап болғандарды қамтимыз. Қазіргі уақытта негізінен шетелдік демеушілер көмектеседі. Сондай-ақ, сауда орталықтарында біздің жәшіктеріміз орналасқан. Өкінішке орай, қалталы азаматтар қайырымдылық жасауға асықпайды. Қазақ халқы қашан да жетімін қамқорлыққа алып, жесірін жылатпаған. Қайырымдылық біздің қанымызда бар, соны ұмытпасақ екен.

- Отбасыңыз жайында айтсаңыз. Ізіңізді басқан балаларыңыз бар ма?

- Екі қызым бар. Тұңғышым Динара – адвокат, Альмира менімен бірге филиалда жұмыс істейді. Менің ісімді жалғастырады ғой деп сенемін. София, Раушан, Әлихан деген жиендерім бар. Кішкентай кезімде фортепианада ойнауды, музыкант болуды армандадым. Бірақ ауылда музыка мектебі жоқ. Бір туған күніме әке-шешем маған фортепиананы сыйға тартты. Осылайша, музыкалық аспапта өздігімнен ойнап үйрендім. Қазір менің арманымды София орындап жатыр. Ол музыкалық мектепті бітірді, университетте шет тілдерді меңгеріп шықты. Раушан мектепте оқиды, ол да дарынды, суретті жақсы салады. Дизайнер болуды армандайды. Әлиханым үшінші сынып оқушысы. Ол да музыкалық мектепке барып жүр. Домбыра сыныбында оқиды.

- Мамандық таңдауда өкінген жеріңіз болды ма?

- Жоқ. Менің әр күнім адамдардың өмірімен тығыз байланысты, қандай да бір көмегім тиіп жатса қуанамын. Олардың жүзіндегі күлкі мен ризашылығынан артық маған марапат жоқ.

- Тұщымды әңгімеңіз үшін р ахмет.


Соңғы жаңалықтар