«Қайырымды істер марафонынан» кімдер көмек сұрай алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрбан айт мерекесінде астанадағы мұқтаж жандарға 3000-нан астам отбасыға құрбандық еті таратылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов әкімдіктің онлайн брифингінде осындай мәлімет берді.

«Құрбан айт кезінде қолға алған амал-ниеттеріміз қабыл болсын! Осы мереке аясында 3 мыңнан астам ет бөліктерін мұқтаж отбасыларға таратып жатырмыз. Кеше мыңға жуық тараттық, бүгін және ертең таратамыз. Бұл жерде де ет таратылатын отбасылар «Қайырымды істер марафоны» сияқты ресми тізім бойынша анықталған», - деді Дурен Бабамұратов.

Әкімдік өкілінің сөзіне қарағанда, «Қайырымды істер марафоны» аясында берілетін көмек негізінен қаладағы аудандық әкімдіктер бекіткен тізім бойынша таратылып жатыр. Дегенмен, ешбір санатқа жатпаса да, нақты қиналып отырған отбасы болса, жергілікті әкімдікке жүгініп, көмек сұрай алады.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы 4 ауданда әлеуметтік бағыттағы бөлімдер бар. Сол бөлімдерде осы тізімдер жасақталады. Егер аудандық әкімшілікпен тікелей байланыста болсаңыз, тиісті ауданға хабарласып, жазылуға болады. Ол жерде мұқтаж отбасылардың бекітілген тізімі бар. Біз азық-түлік себеттерін сол тізім бойынша аталған аудандар арқылы таратамыз. Бұл іске қалалық және аудандық әкімшілік қызметкерлері демалыс күндері өз еріктерімен қатысып жүр. Сонымен қатар, қалада 500-ден астам волонтерлер корпусы бар. Олар да тартылып жүр. Үкіметтік емес ұйым өкілдері мен кәсіпкерлер атсалысуда», - деген Ішкі саясат басқармасының басшысы көмек алу үшін кімге жүгіну керектігін түсіндірді.

«Мұқтаждар қатарына негізі мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, жалғызілікті адамдар, толымсыз отбасылар, мүгедек бала асырап отырған отбасылар кіреді. Бұл санаттарға жатпаса да, дәл сол мезетте азық-түлік себетіне мұқтаждық сезінген отбасылар да көмек сұрай алады. Ол үшін аудандық әкімдіктегі әлеуемттік бөлімге жүгініп, нақты мұқтаж екенін дәлелдеп, өтініш білдірсе болды», - деді Дәурен Бабамұратов.


Соңғы жаңалықтар