Қайырбек Сүлейменов бизнеске тежеу болып отырған мәселелер туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселесі қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменовтың айтуынша, бүгінде осы салада әкімшілік кедергілер көп, сыбайлас жемқорлықтың қаупі де жоғары. Ал жергілікті атқарушы органдардың қитұрқы әрекеті нәтижесінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік «біржақты тендерге» айналып кетті.

Заң бойынша екі жақ бірлесіп жұмыс істеуі керек. Мәселен, кәсіпкер белгілі бір әлеуметтік нысанды салады. Ал мемлекет, яғни жергілікті билік оның шығындарын біртіндеп өтеп беруі тиіс. Бірақ әкімдіктер осы саладағы жобаларды ұсынған кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салып қояды да, тапсырысты өз таныс-тамырластарына таратып отырады. Оған қоса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы жобалар көп жағдайда білім мен денсаулықпен ғана шектеледі. Ал сумен қамту, энергетика, көлік, жол құрылысы, құтқару қызметі, туризм сияқты қаржысы көп салаларда ортақ жобалар қолға алынбайды. Мысалы, заңда арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салу тетіктері бар. Бірақ соңғы үш жылдың ішінде осы бағытта бірде-бір жоба іске асқан жоқ.

«Себебі көлік, құрылыс, энергетика сияқты салалар «майлы шелпек» жерлер ғой. Содан оны мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке бергісі келмейді. Оны ашық айту керек. Кәсіпкерлер болса, ақша салуға даяр. Бірақ әкімшілік кедергілер жол бермей отыр», - деді Қ.Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда, жергілікті билік органдары өз басымдығын пайдаланып, қосымша жеңілдіктерді шығарып алады. Содан мемлекеттік-жекеменшік «әріптестіктің тепе-теңдігі бұзылады. Өйткені кәсіпкерлерге артық шығын шығаруға тура келеді. Тіпті, бірлесіп жасаған жобаны тартып алу фактілері де бар.

«Мысалы, мен Павлодардан келген бір кәсіпкерді қабылдадым. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мектеп салып шықты. Ішінде спорт зал да бар. Табысты жұмыс істеп жатқан мектеп дейді. Ақыры ол мектебін тартып алды. Енді, заңды түрде алып қойды ма, оны әлі зерделеп шығу керек. Ол кәсіпкер заңды бұзған шығар. Дегенмен, кәсіпкер бәрін өз ақшасына салды, мектепті құрды, артынан соның бәрін алып қойған дұрыс емес қой. Бір қызығы, дәл сол жерде бәрібір мектепті ашып отыр», - деп атап көрсетті Қ.Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар